Көрікті көргенсіз бе?

Пятница, 24 Май 2024 10:04

Жастардың ел тарихына, тарихи жәдігерлерге деген қызығушылығы оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде өте маңызды. Тарих – біздің шеберлерімізге шабыт беретін қайнар көз.

Бүгін біз ұсталардың басты құралына айналған көрік жайлы тың деректермен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Ұсталық – ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын ұлан-ғайыр жерге иелік еткен қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан киелі өнер. Бабаларымыздың ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде пайдаланған қару-жарақтары, бейбіт күнде тұтынған тұрмыстық заттары, әшекей бұйымдары – барлығы темірден түйін түйген ұсталардың қолынан шыққан. Бұл кәсіпте шеберлерге серік болған құралдардың бірі — көрік. Алайда, бүгінде бала түгілі ересектердің өзі көрік жайлы біле бермейді. Тіпті, ғаламтор желісінде де мәлімет жоқтың қасы.

Көрік – ұста дүкеніндегі былғарыдан немесе теріден жасалған ауа үрлеуіш. Ұста, зергерлер бұл құралды түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу кезінде оттыққа жел беріп тұру үшін қолданады. Көріктің қос көрік, аспалы көрік, аяқ көрік деген түрлері бар. Оның көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Қос көрік – бір-біріне қарама-қарсы орналастырылған екі көрік. Екеуінің көмейі де бір оттыққа, яғни көріктің аузындағы от жағатын жеріне келіп тіреледі. Жеңіл-желпі жұмысты жалғыз көрікпен-ақ атқара беруге болады. Егер үлкен бұйым соққанда көріктің әлі келмесе, онда қос көрікті бірдей іске қосады.

Қол көрік дегеніміз – екі тақтайдың арасына иленген теріні керіп жасалған көрік. Оның астыңғы шанағына қайыстан бау тағылып, баудың бір ұшы көріктің бастырығына байланады. Көріктің астыңғы тақтайының ортасындағы тесікте киіз желбезегі болады, бастырықты төмен басқанда астыңғы тақтай жоғары көтеріледі. Сол кезде желбезегі жабылып, астыңғы шанақтағы жиналған ауаның жартысы көріктің көмейіне, жартысы ортаңғы тақтайдағы ашылған желбезек арқылы үстіңгі шанаққа толады. Астыңғы тақтай төмен түскен кезде бел ағаштағы желбезек жабылады да, үстіңгі шанақтағы ауа үстіңгі шанақтағы төмен түскендегі қысымымен көріктің көмейіне қарай бет алады. Осы жолмен көріктің екі шанағы да ауаны кезек-кезек үрлеп тұрғандықтан, көріктің көмейінен үздіксіз уілдеп жел ұрып тұрады. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады. Бұндай көлемді көріктер төрт өгіздің терісінен жасалады. Ел аузында «Көрігің желді болсын, көлігің жеңді болсын» деген сөз осыдан шықса керек.

Мес көрік – бұл көріктің ең қарапайым, әрі байырғы түрі. Мұндай көрікті бітеудей, жармай сыпырылған екі ешкінің терісінен жасайды. Ешкі терісін осы әдіспен сыпыруды «мес қылып сою» деп атайды. Теріні сыпырып жатқанда пышақ тигізбей, жұдырықпен іреп алу керек. Содан соң теріні тұздап, бірнеше күн малмаға салып, керіп, әбден жұмсартады. Содан соң терінің бөксе жағын тегістеп қырқып, одан екі жұқа ағаш шегелеп, ішкі жағын жұқа киізбен астарлайды. Ағаштың біреуіне бас бармақ, екіншісіне төрт саусақ еркін сыятындай қайыс бүлдіргі тағылады. Осы жолмен әзірленген екі ешкі терісінің алдыңғы пұшпақтарына ағаштан тығын кигізіп, сыртынан қайыспен мықтап байлап, қайыстың артылған ұшын қазақ бау ретінде бос қалдырады. Содан соң кепкен аша ағашын алып, әр ашасының өзегін қуалай қызған темірмен теседі де, ол тесіктер ағаш діңіндегі одан гөрі үлкенірек тесікпен жалғасып жатады. Ағаш діңіндегі тесікке темірден, қаңылтырдан жасалған көмей бекітіледі. Көрікті орнату үшін бар болғаны үш темір қазық қағылады. Оның бірі көріктің аша тұсына қағылса, екеуі екі местің пұшпағының тұсына қағылады да, пұшпақтарындағы қайыс баулармен байланады. Көшпелі өмірде, жорықта мұндай көрік өте ыңғайлы және жеңіл, қарапайым, көп орын да алмайды. Бұл көрікті басатын адам екі местің арасына отырып, көріктің бүлдіргесін саусақтарын ақыстырып алып, алақанын ашып, месті жоғары көтеріп тұрып, дереу жұма қойып, төмен басса, местің ішіне толған жел астындағы қуыс арқылы көріктің көмейіне, сол арқылы әрі қарай оттыққа беріледі. Осы әдіспен екі месті алма-кезек желге толтырып, басып отырса, көрік толассыз жұмыс істейді.

Аяқ көріктің алдыңғы көріктерден айырмашылығы – оны қолмен емес, аяқпен басады. Ол үшін дөңгелек маховиктің иінді білігіне жалғасқан педальді басып отырса болғаны. Жұмыс істеу принципі аяқ машинанікіндей. Маховиктің жетегі көріктің сыртқы қаңылтырмен қоршалған желдеткіш ебелегін айналдырады. Ебелекті қоршауымен қосып, «ұлу» деп атайды. Ертеректе көрікті жағатын көмірді қолдан әзірлеген. Оны ұсталар өздері жағып немесе көміршіге жақтыратын болған. «Темірші көміршіге үйір» деген сөз содан қалған. Көрікті   ортаға орналастырып, отты шаңырақтың астына түтін шығатын тұсын дәл келтіріп орналастырады. Көріктің оттығына жақын жерде су толтырылған ағаш немесе темір кеспек орнатылады. Көрікке таскөмір жаққанда ыс тимеу жағы да қарастырылады.

Ұсталық өнерді өзге өнер түрлерінен бөліп, жеке-дара қарауға әсте болмайды. Қазіргі кезеңде де ата-бабамыздың қасиетті жолын қуған, темірден түйін түйген ұсталар елімізде баршылық. Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Сондықтан, ең алдымен барыңды бағалап, рухани мұраларды қалдырмай жинап, сақтау қажет.

 

Г.БЕЙСЕНОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени
кешенінің кіші ғылыми қызметкері

Жемқорлықпен күрес – әрбір саналы азаматтың парызы. Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлықпен күрес өзекті мәселе. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткізген кеңесте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Онда «заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін,ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек» деп атап өткен болатын.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресіп, халықтың құқықтық сауатсыздығын жою үшін құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өзінің құқығын біліп, қандай да бір құқығына қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қолдану керек іс-қимыл жолын білуі қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, әрі бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту – басты мақсат.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау үшін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу қажет. Осыған байланысты, Абай ауданы әкімінің аппаратында 2024 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында ішкі талдау жүргізілді. Талдау нәтижесімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, аппараттың ресми сайтына орналастырылды.

Абай ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде.

2023 жылы аппарат қызметкерлерінің қатысуымен семинарлар өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мәселесі айтылды. Семинар барысында туындаған өзекті сұрақтарға байланысты аппарат қызметкерлері толық жауап алып, өзара пікір алмасты.

Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша мемлекет жүргізіп отырған саясат бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, парақорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осыған ұқсас жиындар мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Аудан әкімі аппаратында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету электронды түрде жүргізіледі. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.

Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Сол себептен барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Ел болашағы үшін алаңдайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны абзал.

 

Б.ПАРМАНОВ,
Абай ауданының әкімі

Шерлі тағдырлы Шерияздан ата

Пятница, 24 Май 2024 09:55

sherniazdan

Шерияздан Сапарбаев 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен тұтқындалып, атылған. Ол 1874 жылдар шамасында қазіргі Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында туған. Ақсүмбе ауылы қасиетті Түркістанның, қарт Қаратаудың теріскейінде, Шымкенттен шалғай, тіпті Созақтың өзінен де ұзақта, алыста орналасқан. Бұл – әйгілі қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған ауыл.

Атасы Мырзабай датқа, әкесі Сапарбай болыстар Түркістанда билік жүргізген. Мырзабай ата Түркістандағы қасиетті Қ.А.Яссауи кесенесінде жерленген. Сапарбай ата туған ауылы Ақсүмбеде жатыр.

Шерияздан Сапарбайұлы жас кезінен ескіше, кейін Түркістанда оқып білім алады, ата-баба дәстүрін жалғастырып, туған елінің сенімін ақтау үшін бірнеше сайлауда болыс болып сайланады. Түркістан жеріндегі, Ақсүмбе еліндегі әр алуан жақсылықтың басы-қасында болады, патша отаршыларының қиянатынан елін қорғап, билікті сол мүддеде пайдаланады. Ақсүмбе жерінің байлығы артып, дәулеті тасып өркендеуіне, әсіресе су жүйесін жетілдіріп, тоған салдырып, егін шаруашылығын дамытуға, бау-бақша ектіруге көп көңіл бөліпті. Сол тоған жүйесі қазір қалпына келтіріліп, ел ырысын арттыруға септігін тигізіп жатыр.

Көрген-білгені, оқыған-тоқығаны көп, көзі ашық Шерияздан бала оқытуға да ерекше көңіл бөлген, кішкене ғана ауылдан аға шапағатымен алысқа барып оқыған Сұлтанбек Қожанов, Ермат, Мұстафа, т.б. жастар уақыт өте ел мақтанышына айналған азаматтар болды. Жалпы Шерияздан елге сыйлы, дана көңілді адам болса керек. Өкініштісі, осындай қастерлі адамды кеңес қоғамы кешіре алмай-ақ қойды. Бірде бай, бірде молда, енді бірде жеке тұр (единоличник) етіп қуғындауын қоймайды. Жер аудару, сотталудың соңы үштіктің шешімін атуға дейін алып барды, мерт етті. Енді осы туралы айтайық.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде 1937 жылдың 13 тамызында басталып, 18 тамызында аяқталған, бір томнан тұратын: «Дело № 2. По обвинению гр. Сапарбаева Шири-Аздана» деп аталатын құпия құжаттар сақталған.

Ең алдымен халық комиссариатының Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының шешімімен Созақ аудандық НКВД қызметкері Асанов жолдасқа 1937 жылдың 13 тамызында Сапарбаев Шериязданның үйіне тінту жүргізіп, тұтқындау туралы №45 ордер беріледі. Ордерге облыстық НКВД бастығының қолы қойылған, бірақ аты-жөні көрсетілмеген.

Сол 13 тамыз күні Асанов жолдас Күмісті ауылдық кеңесінің Ворошилов   колхозының №4 ауылында тұратын Сапарбаев Шериязданның үйінде тінту жүргізеді. (Осы құжаттарды толтыруда Шери-Аздан, Шли-Аздан деп жаңсақтық кеткен және барлық құжаттар түгелге жуық тек орыс тілінде толтырылған). Тінту жүргізу кезінде ауылдық кеңес төрағасы Байсалов пен учаскелік инспектор Оразов қатысыпты.

Тінту нәтижесінде «Шариғат-Құран», «Иман-шарт» деген 2 мұсылмандық кітап, анықтама, куәлік, мінездеме, хаттаманың көшірмесі тәркіленген.

Бұл жерде байқағанымыз, атамыз өте сауатты болған, кітап оқыған және сол уақытта кездесе бермейтін көптеген құжаттары болған. Өкінішке қарай, қандай мінездеме, нендей хаттаманың көшірмесі екендігі толық көрсетілмеген.

Тінту жүргізілген күннің ертесіне сержант Асанов Ворошилов колхозының қатардағы колхозшысы, 1901 жылы туылған Адамбаев Құлмахан деген азаматпен куәгер (свидетель) ретінде сұрақ-жауап жүргізеді.

Білімі төмен (малограмотный), партияда жоқ, ешқандай репрессияға ұшырамаған, награда, грамоталары да жоқ, әскерде болмаған, бандылар ұйымына қатыспаған куәгерге: «Сізге Сапарбаев Шериязданның (құжатта Шли-аздан) совет өкіметіне, колхоздастыруға қарсы қандай үгіт жүргізгені белгілі?» деген сұрақ қойылады.

Ол өзінің 1935 жылдың ақпан айында колхозға мүше болып кіргенін, сол жылы март айында Шериязданның үйіне кіргенде оның колхозға қарсы үгіт айтқанын, 1936 жылы капиталистік мемлекеттердің бірімен соғыс болатынын және бұл жайттар ескі кітаптардың бірінде жазылғанын айттыпты.

Куәгерден Шериязданның шығу тегі туралы сұраған. Ол Шериазданның жартылай феодал Сапарбай датқаның баласы екенін, 1929 жылға дейін өзінің де бай болғанын, революцияға дейін болыс болғанын, сонымен қатар 1929 жылы сайлау құқығынан айрылып, салық (налог) төлемегендіктен 2 жылға сотталғанын және бұрын молда болғанын, колхозда жұмыс істемегенін атап көрсетеді. Осылайша төрт беттен тұратын, орыс тілінде жазылған сұрақ-жауаптардың әр бетінің соңында өз қолымен латын харпінде қол қойып отырған.

Шерияздан Сапарбаевты әбден кінәлі етіп, тұқырту үшін жоғарыда берілген сұрақ-жауаптар жеткіліксіз болса керек, келесі күні Созақ аудандық НКВД-ның бастығы растап қол қойған мәлімдеме (рапорт) түседі. Мұнда Осведол Джаншинхан деген азамат 57 жастағы (дұрыс көрсетілмеген) Сапарбаев Шири-Азданға қатысты мәлімдеген. Оны шығу тегі бай, болыс, 1929 жылға дейін 1000 қойы, 70 түйесі, 40 жылқысы, 4 бірдей жалшысы (батрагы) болған. Ал 1930 жылы Созақ көтерілісінің белсенді мүшесі болып, өз ауылынан 200 қарулы отряд шығарды, тіпті Сұлтанбек ханның күзетшісі болды депті.

Аты-жөні толық көрсетілмеген, қолы қойылмаған «Джаншинханның» мәлімдемесі осындай.

Ел ауызындағы деректерге сүйенсек, жаратылысында текті, бекзат Шерияздан тым ауқатты бола қоймаған, өзіне лайық қана тіршілігі болған, мінер ат, көші-қонға керек түйелері, 50-60 қой-ешкісі болған тәрізді. Ал, Созақ көтерілісіне мүмкін тілеулес, кеңес үкіметінің Созақ жеріндегі әділетсіздігіне, қиянатына көнбеген, мойұнсұнбаған шығар, бірақ ондай 200 отряд шығаратындай мүмкіндігі болмаған. Ол кезде бар малы тәркіленіп, өзі сотталып жүрген Шериязданға бұл жерде тек анықтан-анық жала жабу көзделгендей.

Шериаздан осы мәлімдеме түскен 1937 жылдың 15 тамыз күні тұтқынға алынған. Одан Созақ аудандық НКВД-ның бастығы Тұрғанбаевтың өзі сұрақ-жауап алады.

Бұл жерде Шериазданның әлеуметтік жағдайы төңкеріске дейін бай баласы болған, өзі де бай, болыс болды, 150-300 қойы, 45 түйесі, 40-50 жылқысы, 2-3 жалшысы болды деп көрсетілсе, төңкерістен кейін 100 қойы, 15 жылқысы, 1 жалшысы болды деп шындыққа жақын мәліметтер келтіріледі.

Ал, отбасы туралы мәлеметте әйелі Калмаш 50 жаста, ұлы Шырынтай 18 жаста, Мұхамеджан 8 жаста деп көрсетілген. Неге екені белгісіз, ұлы Орха (1924 жылы туылған, 13 жаста) туралы ешқандай мәлімет жоқ. Кешегі «халық жауының» баласы Орха Шериязданов есейе келе туған ауылы Ақсүмбенің көркейіп гүлденуіне үлес қосты. 30 жылға жуық ел басқарып, 1999 жылы қайтыс болды.

Айта кетейік, хаттамада Қалмаш деп дұрыс көрсетілмеген. Дұрысы – Талмыш. Әжеміз 100 жасқа жақын өмір сүріп, 1980 жылдары қайтыс болды. Ұлы Шырынтай Ұлы Отан соғысына кетіп, хабарсыз кеткен, Ал, Мұхамеджан Ақсүмбеде тұрды, ұзақ жылдар бойы қой бақты, Ленин орденінің иегері болды, бүкіл ауылдың ардақты ақсақалы болып ғұмыр кешті.

Хаттамада Шериазданның 1931 жылы салық төлемегені үшін 5 жылға сотталғанына, колхоз құрылысына қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізгеніне қатысты сұрақтардың жауабы да көрсетілген.

Шериаздан Сапарбаев өзінің бай және ақ патша тұсында болыс болғанын, әкесінің 1901 жылы қайтыс болып, бар мұрагерлік өзінде қалғаны себепті әкесінің орнына болыс болғанын, өзінің ескі қоғамды жақтайтынын, сол себепті совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгенін, Адамбаевқа айтқанының рас екенін, тіпті сөз соңында өзінің 63 жасқа келгенін, ары қарай өмір сүрудің қажеті жоқ екенін, сол себепті де совет үкіметіне қарсы осындай жаманат сөздерді айтқанын растайды. Орыс тілінде тергеушінің қолымен толтырылған төрт беттік хаттаманың әр бетінің соңына Шериаздан Сапарбаевтың өзі латын харпімен қол қойып отырған.

Бұл жауаптан жаны да, ары да таза, иманы берік адамның сынып кеткенін аңғаруға болады.

Шерияздан атамыз одан әрі анкета сұрақтарына жауап береді. Анкетада 1874 жылы Созақ ауданының №4 ауылда туғаны, жекетұр, кулак екені, әкесі 5-8 жасында қайтыс болғаны, 5 әйелі, 2 жалшы, 150-300 қой, 45 түйе, 40-50 жылқысы болды деп көрсетіледі. Әлеуметтік жағдайы туралы әкесінің дүниесі өзіне қалды деп көрсетеді.

Хаттамада көрсетілгендей, Сапарбай болыс 1901 (кей деректерде 1904 ж) жылы қайтыс болғанын ескерсек, 5 әйелден тараған ұрпаққа жоғарыда көрсетілген аз ғана малдың қаншалықты байлық екенін аңғару қиын емес. Білімі үш кластық ауыл мектебі, партияда жоқ, ақтар армиясында, бандылар ұйымында қызмет етпегенін, 1930 жылы 2 жылға жер аударылғанын, 1931 жылы 5 жылға сотталғанын көрсетеді. Семья құрамында – інісі Сапарбаев Мәлік (50 жаста), әйелі Талмыш (50 жаста), ұлы Шырынтай (18 жаста), Мұхамеджан (8 жаста). Бұл жерде де ұлы Орха көрсетілмеген.

Сыртқы келбетіне қатысты «бойы биік, арықтау, қара сақалы мен мұрты бар» деп көрсетілген.

Анкета 15 тамыз күні толтырылып, жүргізген адамның аты-жөні көрсетілмей, тек қолы қойылған.

17 тамыз күні Созақ аудандық НКВД бастығының қолымен (Тұрғанбаев) анықтама толтырылған.

«63 жастағы бұрынғы бай, болыс, 1931 жылы сотталған, Созақ көтерілісіне қатысқан, бірақ ол туралы жасырып келген, сонымен совет өкіметі туралы да жаулық ниеттегі әңгімелер айтқан» дейтін анықтама «Сапарбаев өзінің кінәсін мойындады» деп аяқталады.

Келесі күні (18 тамыз) Созақ аудандық атқару комитетінің хатшысы Бекбергеновтың қолымен (қазақша, латын әрпімен) тағы бір анықтама толтырылады. Қысқаша анықтаманың (осы анықтама ғана қазақша толтырылған) мазмұны төмендегідей:

«Осы справкада көрсетілуші Күмісті ауылына қарасты Ворошилов колхозының мүшесі азамат Шерияздан Сапарбаев белгілі Мырзабай датқаның немересі, Сапарбай болыстың баласы аталып байлық дәуірін сүрген. 700 қой, 40-50 түйе бітіп, жалшылығында 2-3 малайы болып келген Шериязданның өз басы бұрын ескі болыс болып елді қанаған. Бұл атақты Сұлтанбек Қожановпен жақын туысқан. 1930 жылы колхоз ұйымдасқанда Өзбекстанға қашып кетіп, Қожановты сағалап отырған, байланысы күшті».

Бұл анықтаманың өзге құжаттардан бірнеше артықшылығы бар. Біріншісі – атасы Мырзабай датқаның, екіншісі қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың аты аталады. Сөйтіп Қожановпен туысқандығы, сағалап барғаны, байланысы күштілігі қадап көрсетілген. Демек Шерияздан Сапарбаевтың тұтқынға алынуының түп-тамыры сол қарсаңда ғана анық айқындалған. Ташкентте тұтқынға алынған Сұлтанбек Қожановтың туған елінен де «халық жауын» іздеу сол кездің жазылмаған заңдылығы тәрізді. Осылайша әлденеше анықтама толтырылғаннан кейін барып, 1937 жылы 17 тамыз күні айыптау қорытындысы шешім шығарады. Сапарбаев Шериязданды айыптайтын тергеу ісін НКВД үштігінің қарауына жіберу туралы бұл шешімге сол Тұрғанбаев және Түркістан НКВД-нің оперсекторы Байболов қол қояды, шешім соңында тұтқындағы Сапарбаевтың Түркістан КПЗ-сында жатқанын ескертеді.

13 тамыз күні ордер беріліп, сол күні тұтқындалған Сапарбаевты үштіктің қарауына жіберу туралы шешім 17 тамыз күні шыққан екен, араға аз ғана уақыт салып, 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысының басқармасы бойынша НКВД үштігі мәжілісінің хаттамасынан көшірме берілген «Тыңдалды» және «Шешім шығарылды» дейтін екі бөлімнен ғана тұратын көшірмеде Сапарбаев ісі №12 болып басталыпты.

«Тыңдалды» бөлімінде Сапарбаев Шериязданға қатысты жоғары аталған айыптаулардың дені қайталанады. Әсіресе «СССР таяу мезгілде капиталистік мемлекеттер алдында күйрейді деген өсек-аяң таратты» дегенге баса назар аударылды.

Шешім төмендегідей: «Сапарбаева Шери-Аздан. Расстрелять. Личное имущество конфисковать».

Көшірмеге қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Оренов қол қойған. 15 қыркүйекте шыққан шешім 26 қыркүйек күні орындалады.

Мұны осы жайтты айғақтайтын акт растайды. Үштіктің 15 қыркүйектегі шешімін орындағанда: қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Федулов, кіші милиция лейтенанты Қуанышев, опер көмекшісі Захаров, старшина Кузоров, төртеуі өлім жазасының жүзеге асқанын, анық орындалғанын растап қол қояды.

Жұбанарлық нәрсе, қапылыста құрбандыққа ұшыраған азамат 1989 жылы 30 майдағы СССР Жоғарғы Совет Презиумінің Жарлығына сай қылмыс құрамы болмағандықтан ақталған екен.

Мырзабай датқаның немересі (бұл кісі Түркістандағы А.Яссауи мовзолейінде жерленген қадірлі адам) Сапарбай болыстың баласы, қоғам қайраткері, Қожановтың туысы Шерияздан Сапарбаев осылай қолдан ұйымдастырылған жаламен жазықсыз мерт болып кетті.

13 тамыз күні тұтқындалып, араға 6 күн өткенде ісін қарауды үштікке өткізіп, ол үштік 27 күн дегенде шешім шығарып, ол шешім 11 күннен кейін мүлтіксіз орындалып, бас-аяғы бір жарым айға жетпей-ақ адам өмірі қиылып кете берді.

Шерияздан Сапарбаевтың басынан өткен тағдыр тым ауыр. 1929 жылғы тәркілеу, 30 жылғы жер аудару, 31 жылғы сотталулар қандай қатыгездікпен жүзеге асты. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Сұлтанбек Қожанов пен Шерияздан Сапарбаевтың арасында тек туыстық қана емес, рухани байланыстар да болған. 1901 жылы әкесі Сапарбай қайтыс болғанда Шерияздан 27-28 жаста болған, ол әке ісін жалғастырып Түркістанда болыс болып билік жүргізді. 11-12 жасында яғни 1905-1906 жылдары Түркістанға оқуға ұмтылған Сұлтанбектің болашаққа деген сеніміне Шерияздан ағасы мейлінше ықпал еткен, кішкене ауылдың шәкірт Сұлтанбегі, Түркістан сынды қаладағы қызмет істеп жүрген ағасының шапағатын көрді. Бұдан кейін де бір ауылдың түлектері әркез кездесіп отырған. Әсіресе анықтамада көрсетілгендей, 30-жылдары туған ауылының қызыл әпербақандардан зардап шегіп, алыстағы Ташкентке, Сұлтанбекті сағалап барып, алғашқы соққыдан Сұлтанбектің қол ұшын беруі арқылы аман қалған тәрізді.

Бірақ дауылды зобалаңды күндер көбейе берді, арадан 7 жыл өтіп, атақты Сұлтанбектің өзі де тұтқынға алынды. Міне дәл осы кезде Сұлтанбек сияқты аяулы азаматқа кімдердің шапағаты тиді. Оның елшіл, ұлтшыл болып өсуіне кімдер септігін тигізді деген сұрау қойылғанда, ең алдымен таңдау Сұлтекеңнің туған ауылы Ақсүмбедегі Шериязданға түсті, осылайша Сұлтекеңнің туысы, ағасы Шериязданды мерт етуге себеп тапты.

Міне сонымен Шерияздан Сапарбаев туралы архив материалдарын дерек көзі ете отырып, біршама жайттарды, сол кезде болған әділетсіздіктерді оқырман қауыммен бөлістік. Сырлы Созақ, шежірелі Қаратау еліндегі саяси куғын-сүргін құрбаны болған Ақсүмбе ауылының бір тұлғасы туралы сіздерге айтып беруді парыз санадық. Кішкентай ауылдың қыран ұлдары Сұлтанбек Қожанов, Шерияздан Сапарбаевтың тағдырында болған қасіреттер енді қайтып қазақ жерінде қайталанбасын деп тіледік.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың
қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті,
Созақ ауданының Құрметті азаматы

66 ойын алаңшасы салынады

Пятница, 24 Май 2024 09:48

Әл-Фараби ауданының 2024 жылғы I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баспасөз конференциясы өтті. Аудан әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті. Аудан инфрақұрылым жүйесіне кіретін ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылған.

2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде аудан әкімдігі тарапынан 66 балалар ойын алаңшасын, 4 ашық спорт алаңшасын, 3 аумаққа гүлзар салу жоспарлануда. Жалпы 118 көше жарықтандырылады.

Сонымен қатар, 38 көшеге (13 шақырым) асфальт, 58 ішкі орам көшелері (21 шақырым) мен көп қабатты тұрғын үй аулаларына аяқ жол және 20 көшеге ирригациялық жүйелер салынады. 427 көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы асфальт жолдар ретке келтіріліп, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

– Қалаға жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында 20 көп қабатты үйдің қасбеттерін реттеу және әрлеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 20 көп қабатты үйдің қасбетін жарықтандыру, 7 көп қабатты үйдің сыртқы қасбетіне мурал салу және 22 көп қабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстарын атқарып, коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту жоспарлануда. Аудан аумағындағы орталық көшелерге көлемі үлкен 657 темір қоқыс жәшігі, 680 қоқыс контейнері орнатылады, – деді Рашид Мамытұлы.

Бүгінгі таңда «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 2023-2024 жылдары 34 жаяу жүргінші жолдардындағы тастар, 170 үй ауласындағы орындық тақтайшалары ауыстырылып, істен шыққан жабдықтар, қоқыс жәшіктері, қоршаулар қалпына келтірілді.

Аудан әкімі абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды жою жөніндегі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 

Ә.АЙТӨРЕ

Абай ауданында 2025 жылға дейін 8 елді мекенде – Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақта кәріз жүйесі құрылысы жүргізіледі.

Осының нәтижесінде 2025 жылы ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өседі деп жоспарланған. Бұл туралы 2024 жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстар бойынша өткен баспасөз брифингінде Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.

– Абай ауданының 7 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған 20 елді мекенде кәріз жүйесі жоқ. Өткен жылы 5 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Достық шағынауданының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталды. Ал, Асар-2 шағынауданында басталған құрылыс сот шешіміне сәйкес тоқтатылды. Бозарық шағынауданындағы 74 га орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер аумағында кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Қазір ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын Шымсити-Төлеметов коллекторының құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, былтыр құрылысы басталған ұзындығы 20,5 шақырымды құрайтын Тұран-А-2 тас жолы коллекторы биыл бітуі керек,– дейді Бұқарбай Парманов.

Абай ауданында 27 елді мекенде 55 159 үй, 205 көп қабатты тұрғын үй, 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысандар бар. Халқының саны – 257,7 мың.

Бүгінгі таңда аудан ауыз су мен электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда Асар-2 шағынауданында электр жарығымен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 2024 жылдың 2-тоқсанында аяқталды.

Ауданда табиғи газбен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді. 27 елді мекеннің 23-нде газ бар. Қалған 3 елді мекенге газ құбырлары тартылып жатыр. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ тұрғын алабында құрылыстың 70 пайызы, Қайнарбұлақ саяжайында 50 пайызы, Ынтымақ-2 шағынауданында 56 пайызы аяқталған. Ал, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Құрылысы келесі жылға жоспарланған.

Ауданда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 22 нысан салу көзделген. Оның 20-сы – балалар алаңшасы, 2 – спрот алаңшасы. Оған қаралған қаражат –531,0 млн.теңге. Жиделі шағынауданында да осы жоба аясында 1 гүлзар салу жоспарланған. Жоба құны – 76,1 млн.тг.

Брифинг барысында аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол құрылысы, ирригациялық жүйелер салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Металлургия зауыты салынады

Пятница, 24 Май 2024 09:26

metallurgia-zauyty

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалды. Мегаполис басшысы инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырды.

Айта кету керек, жобаны жүзеге асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.

Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, қалада қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін комбинирленген циклді станса салу жобасы да жүзеге асырылуда. Құны шамамен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ірі түрік компаниясы Alarko Holding жаңа форматтағы жылыжай кешенін салуда. 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба жалпы көлемі 500 гектар аумақта екі мың жаңа жұмыс орнын кезең-кезеңмен құруға, азық-түлік қауіпсіздігін және жаңа өндірістерді енгізу арқылы жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

elektr-kymbat

Шымкент қалалық қоғамдық кеңесі жанынан құрылған Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі тұрақты комиссия «Жұлдыз» индустриалды аймағында көшпелі отырыс өткізіп, кәсіпкерлердің электр энергиясының қымбаттауы бойынша арыздарын талқылады.

Индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлеп келген. Қазір жарықтың бағасы қымбаттап, қосымша құн салығын қосқанда тариф 47 теңге 29 тиынға жетті.

Бұл жағдай Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 1 сәуірден бастап тарифі реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензияларды тоқтатуынан бастап туындап отыр. Еске сала кетейік, бұл әрекет Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілген.

Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер ететінін айтып, наразылық білдіруде.

– Бізге осы мүмкіндікті беріп, бұрынғы тарифті қалдырса дұрыс болар еді. Бұл жерде кәсіпорындар үшін үлкен проблема туындап отыр. Осыны шешіп берсеңіздер. Отандық өнімді дамытамыз, қолдаймыз десеңіздер жағдай жасалуы керек. Ал, бұл жерде қазір баға 3 есе өскен. Кәсіпорындар банкрот болады, – дейді «Бал Текстиль» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаев.

Дегенмен «Энергопоток» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне Шымкент қаласының заңды тұлғалары үшін электр энергиясына тарифті 42,23 теңгеден 37,00 теңге/кВтсағ-қа дейін, яғни 12,4%-ға төмендету туралы өтініш жолдауының арқасында 1 мамырдан бастап төмендетілген тариф белгіленген.

Тарифтің төмендеуіне тұтынушылардың, қаланың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының тарифі реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізуші «Энергопоток» ЖШС-ға ауысуы себеп болды. Бұл кепілді жеткізушінің көрсететін қызметтерінің көлемін ұлғайтуына, тиісінше тарифті төмендетуіне әсер еткен.

Алайда, бизнес өкілдері сәуір айындағы түбіртекті жоғары тарифпен төлеуі тиіс. «Энергопоток» ЖШС-нің өкілі бұл бағаны өзгерте алмайтындықтарын айтып, алдағы уақытта электрмен жабдықтау қызметтерін үздіксіз алу үшін Шымкент қаласының заңды тұлғаларына «Энергопоток» ЖШС-мен тиісті шарт жасасуды ұсынды.

Ал, кәсіпкерлер әлі де болса тариф мәселесін қайта қарау керектігін айтады. Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиналған мекеме өкілдеріне, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне осы ұсыныстарын жоғарыға жеткізуді, мәселені әркім өз жағына тартпай, барлығына оңтайлы жолмен шешуді сұранды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

shymkent-su

Шымкент қаласында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС баспасөз турын ұйымдастырып, оған БАҚ өкілдерінен бөлек көп қабатты үйлердің төрағалары да қатысты. Баспасөз турына қатысушылар «Ақбай-Қарасу» су қоймасына барып, жұмыс барысымен танысты.

 

Суға да инвестиция қажет

Шымкент қаласына қажетті судың 90%-ы «Ақбай-Қарасу» су қоймасынан жеберіледі. Бұл су қоймасы – толық автоматтандырылған үлкен өндірістік кешен. Мұнда 45 ұңғыма жұмыс істейді. Ұңғымалар мен сусорғы, құбырлардың жай-күйі, су көлемі, құбырдағы қысым және басқа да арнайы параметрлер туралы деректер диспетчерлік пункттің мониторларында көрсетіледі. Барлық жұмыс процесі орталық диспетчерінің бақылауында болады.

Мамандардың айтуынша, қалаға сағатына 10-12 м3 су жіберіледі. Әр шағынауданда су көлемін бақылайтын нүктелер қойылған. Айта кету керек, республика бойынша су тарифі ең төмені – Шымкент қаласы. Мұның өзіндік себебі де бар. Су қоймасы жер бедерінен биіктеу орналасқандықтан, су алу қиынға соқпайды. Әрі бұл орында табиғи вакуум бар. 60 метрге суды көтеру үшін 250 киловаттық үлкен қозғалтқыш керек. Онда электр энергиясы көп жұмсалады. Ал, мұндағы вакуумдық жүйе арқылы электр энергиясы үнемделеді. Сондықтан судың тарифі арзан.

– 2021-2026 жылдарға бес жылдық тариф бекітілген. Бұл жерде инвестициялық міндеттемелер бар. Тарифтің төмен болуы, судың үнемделуі – барлығы инвестиция тартудың нәтижесінде іске асты. 1 м3 су көлемі тұрғындарға қосымша құн салықсыз 86 теңгені құрайды, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Кенжеболат Қуандықұлы.

 

Жүйелі жұмыстар нәтиже берді

1998 жылы құрылған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, құбырлар, сусорғы, соңғы заманауи, энергияны өте аз жұмсайтын, қызмет ету мерзімі ұзақ техникалармен алмастырылған. Нәтижесінде 1 км3 кететін су шығынының үлесі кезінде 0,87 киловатт болса, қазір 0,06 киловаттқа түскен. Яғни, 4 есе тиімді пайдалануға өттік. Жерасты суларына мониторинг әр 25 жыл сайын жасалынады. Бұл көрсеткіш бойынша қала тұрғындары алдағы 25 жылда су тапшылығын көрмейді, – деді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.

Жалпы, Шымкент қаласында «Тассай-Ақсу», «Бадам-Сайрам» деген екі су қоймасы бар. Қазіргі уақытта мамандар Ақсу өзеніне де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл өзенді де халық игілігі үшін пайдалануға ұсыныстар ензігіп, жобалық-сметалық құжаттары жасалған.

 

Маман тапшы...

Соңғы уақытта су саласының мамандары тапшы екені айқын сезілуде. Сондықтан маман даярлауға көңіл бөлінуде. Мемлекеттік гранттар саны да артты. Дегенмен бұл саланы таңдайтын жастардың қатары аз. Шымкентте бұл сала мамандарын даярлауға политехникалық және М.Өтебаев атындағы жоғары және технологиялар колледждеріне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уинверситетіне мемлекеттік гранттар бөлінеді.

– Бұл білім ордаларында су шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын арнайы бөлім бар. Ал, колледж бітірген студент ары қарай білімін шыңдау үшін М.Әуезов университетінде мамандығын жалғастыра алады.

Бұл оқу орнына жыл сайын 30 грант бөлінеді. Осы сала бойынша дипломын алған жастар міндетті түрде жұмысқа орналасады, – дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.

Сондай-ақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ге қарасты «Smart маман» оқу орталығы үш жылдан бері 10-16 жас аралығындағы балаларға үй жағдайында қажетті техникалық білім береді. Яғни, сантехник мамандығының бастамасын жастайынан үйретеді.

 

«Ауыз суды тек ішуге пайдаланса»

Баспасөз турына келген тұрғындар дәл осы ұсынысты қозғады. «Судың да сұрауы бар» деген көпшіліктің ойы да бір жерден шықты. Бізде көлік жууға, тұрмыстық қажеттілікке, кейде шағын шаруашылықтың өзіне ауыз суды пайдаланады. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе жолға қойылған. Айталық, жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлер кешенінде су жүйесін жүргізу барысында техникалық суды пайдаланатындай жағдай жасалған. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде бұл әлі күнге дейін тәжірибе жүзінде жасалынбапты.

Ауыз су жер астынан дайын күйінде шықпайды. Сусорғымен сорып алған соң хлорланады, залалсыздандырылады, арнайы лабораториялық тексерістен өткен соң ғана халыққа жіберіледі. Жұмыс барысымен таныстырған өндіріс бөлімінің инженері Керімбек Ағабаев деректер бөлісті.

– Суды залалсыздандыру үшін Дания мемлекетінен әкелген қондырғыны қолданамыз. Бұл тек Еуропа елдерінде ғана бар. Хлор көбейіп кетсе, аппарат өздігінен тоқтайды. Бір литр суға 0,3 миллиграмм хлор қосылуы керек. Бұл қондырғылар өздері қажетті хлорды көлеміне қарай суға араластырып отырады. Жетпеген жағдайда компьютерге команда береді. Мамандар осы процестердің барлығын бақылап, қадағалап отырады.

Жер шарының үштен екі бөлігі сулы болғанымен, құрлықта су тапшы. Бұл өзекті мәселе біздің елімізді де айналып өтпесі анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген мәселені айтты. Өйткені жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан да су ресурстарын үнемді пайдалану өзекті болып тұр. «Судың да сұрауы бар». Суды ысырап етпеуді әрбіріміз өзімізден бастасақ игі.

 

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Страница 1 из 824