– Кітап – бітпейтін байлық, таусылмайтын қазына. Баланың кітап оқығаны дұрыс екендігін білеміз. Кітап мидың көкжиегін кеңейтеді. Кітап оқыған бала арманшыл, қиялшыл болады. Кітап оқыған бала ешқашан қатыгездікке бармайды. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі өткізіліп отырған байқаудың үлкен мәні бар. Сондықтан байқауды ұйымдастырушы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебіне және демеушілік жасап отырған Kerege group компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, шын жүйріктер жүлделі болады деп сенемін, – деді Сәрсен Абайұлы.
Байқауға қатысушылар алдымен әлеуметтік желіде сайысқа түскен. Екінші кезеңге өткен оқушылар Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабының желісі бойынша тест тапсырды. Тестке қатысқан 300 оқушыдан ақтық сынға 22 үміткер жолдама алған. Сайдың тасындай іріктелген жеңімпаздар сахнада Абай Құнанбаевтың таңдаулы жырларын, қара сөздерін, поэзиясын оқып, көрерменді әдеби әлемге жетеледі. Мұнан кейін сахнадағы сандықшада арнайы жасырылған сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, байқауға елге белгілі журналистер, айтыскер ақындар қазылық етті. Сонымен байқау қорытындысына сәйкес, кіші топтан №115 мектеп оқушысы Айдана Досжан, үлкен топтан №97 мектеп оқушысы Ақниет Есенбайға бас жүлде Iphone 15 смартфоны бұйырды. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА