Шымкент қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында төлқұжат пен жеке куәліктің мемлекеттік баж төлемін QR-кодтың көмегімен төлеуге болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалының өкілдері хабарлады.
Клиент құжат рәсімдеуге өтініш қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген кезде, кассаға бармай-ақ, мемлекеттік бажды Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларындағы QR-төлем жүйесі арқылы төлей алады. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізінде жүзеге асып отыр.
– Бұрын QR-код көмегімен жер учаскелеріне актілер дайындау және беруге, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, кондоминиум объектілерін тіркеуге және жер қатынастары, жылжымайтын және жылжымалы мүлік саласындағы қызметтерге, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Бүгінгі таңға дейін 50-ден астам клиент QR-кодтың көмегімен төқұжатты немесе куәлікті ресімдеуді төледі, – деді мекеменің баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Бұл жүйе қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 2021 жылдың сегіз ай ішінде Шымкент қаласының ХҚО-лары төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру бойынша 13 818 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж мөлшері – 584 теңге, төлқұжат үшін 23 336 теңгені құрайды.
Мемлекеттік қызметтерді QR-кодтың көмегімен төлеу алғаш рет 2020 жылғы қарашада іске қосылды. Жалпы айтқанда, Мемлекеттік корпорация 662 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Сондай-ақ, QR-код әр қызмет бойынша және әр клиент үшін жеке қалыптастырылады.