Шымкент қаласы – биылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге дайындық үстінде.
Осы мәселеге орай қаланың бизнес өкілдерімен өткен басқосуда қала әкімінің орынбасарлары Мақсұт Исахов, Алмасбек Мамытбеков, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев қонақ үйлердің, мейрамханалардың, туристік агенттіктердің, хостелдердің өкілдерін серіктес болуға шақырды.
Мерейлі мереке аясында халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылу жоспарланып отыр. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтетін Мәдени астана жылының ашылуына қызу дайындық жүргізілуде.
Халықаралық ұйым басшылары келеді.
– Қазақ елінің қонақжайлылығын көрсететін сәт бұл. Сондықтан ауқымды да маңызды іс-шараны абыроймен атқаруымыз керек. Осы орайда серіктес болып, көмектесетіндеріңізге сенеміз, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Кәсіпкерлер мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында жасалған әріптестік келісім іс-шаралардың тиімділігін арттырады. Жалпы қаладағы 17 мейрамхана, 15 қонақүй басшылары мен қала әкімдігі арасында өзара келісім-шарт жасалды. Яғни кәсіпкерлерге қонақжайлылық таныту, бағаны көтермеу міндеттеліп отыр.