1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Арбатта балалар жәрмеңкесі өтті.
Бизнес жəрмеңке «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен осымен екінші рет ұйымдастырылды. Бұл жолы айтулы іс-шараға 6 мен 14 жасқа дейінгі 90 бала-кəсіпкер қатысуға өтініш берген. «Shymkent» ӘКК басқармасының басшысы Рашид Аюпов балаларды мерекемен құттықтап, олардың балалық шағы бақытты өтуіне тілектестік білдірді.
- Шымкентте керемет ауа райы мен еңбекқор халық бар. Сондықтан балаларымызды жастайынан кәсіпкерлікке үйретуді мақсат еттік. Өткен жәрмеңкеге қатысқан 70 баланың саны бұл жолы 90-ға артты. Балалардың жұмысын саралай келе, келешекте оларды бейіміне қарай топтастырып, шығармашылық еңбегін дамытуға қолдау жасаймыз, - деді Рашид Аюпов.
Жәрмеңкені аралап, балалардың еңбегімен танысқан Р.Аюпов кішкентай кәсіпкер Әлімжан Аденовтың қолынан шыққан бұйымды сатып алды. Жәрмеңке қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Кішкентай кәсіпкерлер саудадан түскен қаржының 10 пайызын нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта робототехника кабинетін жабдықтау жөніндегі жобаға аударды.