Архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшеміз

Среда, 06 Февраль 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4122 раз

Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде 160 мыңнан аса құжат бар. Ең көне құжат 1921 жылдың тарихынан сыр шертеді. Сол жылдардан қаланың дамып-өркендеуіде үлес қосқан әрбір мекеменің қатталған тарихының ізі архивтегі сары қағаздарда сайрап жатыр.

Мамандар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында басталып, 7 жылға бағытталатын «Архив-2025» бағдарламасы архив ісіне үлкен сілкініс алып келетінін айтуда. Соның алғашқысы – биыл шаһарда архив құжаттарын сандық таңбаға ауыстыру жұмыстары басталады. Мекеме басшысы Айпар Амангелдиевамен сұхбатымыз былай өрбіді.

DSC 9258

– Айпар Шажалықызы, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында архив деректері қолжетімді болу үшін цифрлы форматқа көшіруді тапсырды. Қалалық архивте бұл жұмыстар қалай жүруде?

– Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде 367 қор бар, онда шаһарға қатысты 160 600 құжат сақталған. Мұнда жылына 8000-ға жуық адам құжаттарға сұраным береді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлы форматқа көшіруді тапсырды. Қаланың архиві тұңғыш рет қор құжаттарын сандық жүйеге өткізу жұмыстарын қолға алды. Биыл қалалық бюджет есебінен бұл мақсатқа 86 млн теңге бөлінді, оған құжаттарды цифрлы таңбаға көшіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Біздер архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшкелі отырмыз. Цифрландыру жүйесінің архив саласында мамандарға уақыт үнемдеуге, құжаттарды сақтауға, сұраным берушілерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор. Мәселен, бір құжат күніне 5-6 рет сұранымға түсетін уақыттар болады. Ол кезде архивист кітапты сөгіп, арасындағы құжатты алып, көшірмесін жасап, қайта қорға өткізеді.

Қаншама жылдан бері сақтауда тұрған құжаттарды күнделікті ақтара бергесін тозады, мәтіні өшеді, тіпті қағаздың күйреп кететіні де бар. Осы екі ортада маманның еңбегі инемен құдық қазғандай. Ал сандық жүйеге қосылған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қолданғанда кітапты сөгіп әуре болмайды, 1 минутта 150-180 парақты цифрлы көшіріп беруге болады.

– Қордағы құжаттар 100 пайыз сандық таңбаға ауыстырыла ма? Бұл қанша уақытты алады?

DSC 9302

– Жоқ, барлық құжатты бір-екі жылдың көлемінде сандық таңбаға ауыстыру мүмкін емес. Мамандармен мұны болжаммен есептегенде бұған 72 жыл кететінін анықтадық. Сондықтан алдымен сұранымға ие құжаттарды өткізуге басымдылық беріледі (сұранымға түспейтін құжаттар да бар). Айталық, олардың қатарында кеңес дәуірінде негізі қаланып, қазіргі күні жұмысын тоқтатқан қорғасын, фосфор, темір-бетон, май зауыты мен «Восход» фабрикасының құжаттары бар. Содан соң қала әкімінің шешімдері, қаулыларына сұраным көп. Қалғандары кезең-кезеңімен жүзеге аса береді. Дегенмен қағаз күйіндегі құжаттар да баламалы түрде жүретінін атап өткім келеді.

– Сөзіңізде Қазақстанда мемлекеттік архивтер арасында бірыңғай электрондық база құрылатын айтып қалдыңыз...

– Ия, елімізде бірыңғай электрондық құжаттардың архивінің ақпараттық жүйесі құрылады. Үш жыл ішінде республикадағы мемлекеттік архивтер осы жүйеге толық көшеді. Өткен жылдың қарашасында Астана қаласында «Архивті цифрландыру. Дамудың жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда өтіп, онда архивистерге жаңа жобаны таныстырды. Алда мекемелер сандық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген соң ақпараттық жүйеге қосылуға мүмкіндік бар.

Жаңа жүйенің артықшылығы базадағы деректер ашық болады. Осы жылдарға дейін еліміздегі архивтер арасында байланыс болмай, әр мекеме қазақ тарихына қатысты деректерді көрші мемлекеттердің архивінен өздері ізденіп, алып келіп жатты. Мысалы, Қызылорда, Шымкент, Жамбылдың архиві алыс-жақын елдерге іс-сапармен барып бір құжатты алады, үшеуі де қаражат жұмсайды. Бұл, әрине, дұрыс емес. Алдағы уақытта шет мемлекеттерден осы уақытта дейін әкелінген деректердің тізімі жасалады да аталған базада сақталып, ортақ қолдануға қол жеткіземіз. Ал болашақта шетелдердің архивінен әкелетін құжаттардың тізімі жасақталып, мамандар бір-бірінің жұмыстарын біліп отырады. Мұндай шара архивистер ізденісінде бір-бірін қайталамауына әрі қаржы үнемдеуге септігін тигізеді.

«Архив- 2025» жеті жылдық бағдарламасы 2004 жылы қабылданып, табысты жүзеге асқан «Мәдени мұраның»жалғасы деп айта аламыз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлтымыздың тарихын тереңінен зерттеп, бабалармыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі деректі құжаттар, ғылыми айналымға түспегені бар, отандық және шетелдік мұрағаттардағы елеулі дүниелерге зерттеу жүргізуге бағдар берді. Тарихты жаңаша зерттеп, насихаттауда негізделген бағдарлама қалай өрбиді, оның аясында қандай жұмыстар атқарылады – мұны бүгінде мамандар саралау үстінде. Жалпы бұл саладағы мамандарды 7 жылда қыруар жұмыс күтіп тұр.

Қазір республика көлемінде арнайы құрылған комиссия бағдарлама жобасын талқылап, ғалым, тарихшы, архивистердің ұсыныстарын жинақтауда. Біз өз тарапымыздан шет мемлекеттердің архивінен құжат іздеу, алдыру жұмыстарына тарихшылардың қатысқаны дұрыс деген ұсыныс беріп отырмыз. Себебі архивистердің мақсаты – құжаттарды реттеп, сақтап, халықтың игілігіне ұсыну. Сол себепті, алыс-жақын шетелдерге архив қызметкерлері мұрағат деректерін жинақтауға шыққанда тарихшыларды тарту қажет. Олар құнды дүниелердің маңызын білетіндіктен, нақты бағыт-бағдар береді әрі ол құжаттар ғалыми айналымға түсер еді.

– Шымкент қаласы туралы тарихи деректерді іздестіру жоспарда бар ма?

– Санкт Петербург мемлекеттік архивінде 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы туралы деректер сақталған. Кезінде орыс ғалымдары қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігін ауыл-ауылдарға шығып зерттегенін білесіздер. 1870 жылдан бергі қазақтың тарихы, ұлт зиялылары жайындағы мәліметтер Өзбекстанның архивінде көп сақталған. Шымкент қаласы республикадағы маңызы бар үшінші қала мәртебесін алғасын шаһарға қатысты зерттеу-зерделеу жұмыстары біздің салаға үлкен міндет жүктеп отыр. Осы мақсатта қазір шет мемлекеттердің архивіне шығу мәселесі көтеріліп, қандай мәліметтер қажет екені зерделенуде. Екіншіден, қалалық архив қала аумағындағы мекемелердің құжаттарын 75 жыл сақталуына лайықталған. Шаһардың саяси-мәдени, экономикалық-әлеуметтік тарихына қатысты құжаттар облыстық (қазіргі Түркістан облысы) архив қорында сақталатын. Алдағы уақытта оларды қала меншігіне қайтару жұмыстары күтіп тұр.

– «Ұлттық архив қоры және архив туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толыпты. Өткен жылы заңда толықтырулар мен өзгерістер болды? Өзгерістердің тиімді тұстарын атап өтсеңіз...

– Заңдағы өзгерістер мемлекетік архивтердің ақылы қызмет көрсетуіне құқық берді. Одан түскен қаражат мекеменің материалдық-техникалық базасын және өзге де қажеттіліктеріне жаратылады. Тағы бір маңыздысы, мекемелер бүгінге дейін өздеріндегі құжаттардың сақталуына немқұрайлы қарап келді. Енді заңда талаптар күшейтіліп мекемелерде іс жүргізу және архив ісін жүргізу қадағаланып, құжатқа қырын қарағандарға шара көріледі.
Ал электрондық қызмет көрсетуге көшкенде жүйеге енгізілген арнайы бағдарламамен мекемелерден нормативтік құқықтық актілерді интернет арқылы жіберуге мүмкіндік болады. Біздер жаңа форматтағы қызметпен методикалық, әдістемелік көмек бере аламыз. Бұл қаладан шалғайда жатқан мекемелер үшін тиімді болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.