«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы құрылып, жаңа төраға сайланды. «Ауыл» ХДПП төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев партияның кезектен тыс ұйымдастырылған конференциясына қатысып, делегация мүшелері бірауыздан төрағалыққа Манап Өтебаев атындағы жоғары технологиялар колледжінің директоры, осыған дейін партияның Оңтүстіктегі филиалына басшылық жасаған Қанатбек Досалиевты сайлады.
– Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис атанғандықтан, қараша айында партияның кезектен тыс съезі өтіп, Түркістан облысына және Шымкент қаласында бөлек филиал ашу туралы шешім қабылданды. Республика бойынша партияның 42 мыңнан астам мүшесі бар болса, Оңтүстікте олардың саны 8 мыңнан асады. Оңтүстіктегі филиал республика бойынша ұйымдастыру, партияның қатарын толықтыру және өзге де мәселелер бойынша ең жақсы жұмыс істеген аймақ саналады. Енді жаңа төраға Шымкент қаласында да жаңа қарқынмен еңбек етеді деген сенімдемін, - деді Әли Бектаев.
Қанатбек Досалиев филиалдың алда атқарылатын жоспарына тоқталып, партияның мақсаттарын абыроймен жүзеге асыратынын атап өтті.
Жиында «Ауыл» партиясы филиалының саяси кеңесінің мүшелері мен Жастар қанатының қалалық төрағасы да сайланды. Бұдан бөлек білім мен ғылымды дамытуға үлес қосқан еңбек озаттары марапатталды.