ДИАЛОГ. ӘРІПТЕСТІК. СЕНІМ: ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК Избранное

Пятница, 09 Ноябрь 2018 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3820 раз

Шымкент қаласында алғаш рет үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» форумы өтті. Ауқымды іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Асылбек Қожахметов, «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков және көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.

60

 

Форумды қала әкімі Ғ.Әбдірахымов ашып, жиынға қатысушыларды құттықтады.
– Елбасы Н.Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында «Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз ортақ еңбек қоғамын құра аламыз» деді. Сонымен қатар реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамда ортақ мақсаттардың жұмылуы аса маңызды екенін де атап өтті, - деді Ғабидолла Әбдірахымов. - Қазіргі таңда Шымкент қаласында 560-тан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Жүргізілген талдау нәтижесінде олардың 200-ден астамының жұмыс істемейтіні белгілі болды. 65%-ның белсенділігі төмен. Сондықтан, қаланың қай салада болмасын қарқынды дамуында бірлесе әрекет етіп, жұмыс істейік. Ол үшін сіздерде ашықтық болу қажет. Биылдың өзінде қалада әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен 284 млн теңге қарастырылған. Келер жылдан бастап азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты нығайтатын боламыз.

67

Шаһар басшысы, сонымен бірге, үкіметтік емес ұйымдарға жаңа форматта жұмыс істеуге көшуді ұсынды.
«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Асылбек Қожахметовтың айтуынша, қауымдастықтың ел бойынша 18 филиалы бар. Енді олардың қатарына үшінші мегаполис те толықтырып отыр. Дей тұрғанмен Азаматтық Альянстың тарихы Шымкентпен тығыз байланысты екеніне тоқталды.
– Егер тарихымызға үңілсек, республикада Азаматтық Альянс қауымдастығы бірінші болып Шымкент қаласында ашылған. Содан кейін ғана өзге қалаларда жұмысы қарқын алды. Сондықтан алдағы уақытта Шымкент қаласының Азаматтық Альянсының жұмысы үлгі болатынына сенімдімін. Расында, дәл қазіргі уақытта шаһардағы үкіметтік емес ұйымдарға үлкен мүмкіндік туып тұр. Мегаполис қалада дәл қазір орын алып жатқан реформалар көп. Кәсіпкерлік, инновациялық, инвестициялық бағытта жобаларыңызды ұсынып, бар күштеріңізді жұмсап, қаланың дамуына үлес қоса аласыздар, - деді А.Қожахметов.
– 2018 жылы елімізде азаматтық қоғам үшін маңызды жыл болды. Қоғамдық даму министрлігі құрылды, - деді сөз алған ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов. - Министрлікке қоғамдық келісім, қайырымдылық, отбасы және медиация салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру құзіреті кіреді. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдармен нәтижелі жұмыс жүргізу жолында жағдай жасау да басым бағыттарымыздың бірі. Сол себепті бізге мықты қоғамдық бірлестіктер, тұрақты үкіметтік емес ұйымдар керек.
Министрлік өкілі үкіметтік емес ұйымдарды ашық болуға шақырды. Себебі, қоғамдық даму министрлігі тарапынан жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде үкіметік емес ұйымдарға тұрғындардың сенімі аз екені белгілі болған.
Форум барысында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері де сөз сөйлеп, адамзаттық қоғамның дамуына үлес қосу туралы пікірлерін ортаға салды.
Мысалы, іскер әйелдері қауымдастығының директоры Құралай Бекенова «қоғамдық бірлестік ұйымдарының жұмыстары сараланып, сараптама жасалса» деді, ал «Қасиет» жастар қоғамдық бірлестігі өкілі азаматтық қоғамды дамытуға тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетілсе дегенді алға тартты. Сала өкілдері қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстардың алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді.
Үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан форумда белсенділердің жұмысы ескерусіз қалмады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қаладағы белсенді қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Алғыс хатпен марапаттады.
Форум соңынан алдағы уақытта Астанада өтетін республикалық VIIІ Азаматтық форумға Шымкенттен баратын делегация құрамы жасақталды.

Ой. Пікір. Ұсыныс.

Ғалия ЖҮСІПОВА,
«Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі:

– Біздің қоғамдық қордың ашылғанына 5 жылдан асты. Негізгі мақсатымыз - әлеуметтік келеңсіздік саналатын жетімдіктің және жас босанған қыз-келіншектердің бөбектерін тастап кетпеуінің алдын алу. Осы жылдар аралығында 3 мыңнан аса сәби балалар үйіне түспей, өз аналармен қалды. Бұл - біз үшін үлкен жетістік, жұмысымыздың жемісі. Бүгінгі таңда мемлекеттік немесе үкіметтік емес ұйым деп бөлінгенімен, барлығымызды мақсатымыз бір. Оны жүзеге асыру мақсатында тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесек деген ұсыныс айтқым келеді. Форумның тақырыбының өзінің мазмұны ерекше. Қатысушыларға үлкен серпін берді.

Тамара МАХАЛҚЫЗЫ,
«Қазақстанның педагогикалық академиясы» қорының вице-президенті:

– Біздің қордың мақсаты - мұғалім мәртебесін көтеру және білім беру мазмұнының дамуына үлес қосу. Сол себепті білім саласындағы жаңалықтар мен соңғы өзгерістерді түсіндіруде мұғалімдермен тікелей жұмыс жасап, тұрақты түрде семинар-тернингтер ұйымдастырылады. Бүгінгі форумның атының өзі үлкен ой тудырады. Шынтуайтында диалог, әріптестік, сенім бар жерде жұмыс жүреді. Форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға халықтың сенімі аз деген пікір айтылды. Енді олардың мәртебесін көтеру - өз қолдарында. Өйткені, әр ҮЕҰ-ның тапсырманы орындап қоюы жеткіліксіз, олар кез келген жағдайда жаңа идеялардың жетекшісі болуы қажет. 2019 жыл «Жастар жылы» аталмақ, оларға қолдау үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асса деген ұсыныс бар.

Последнее изменение Пятница, 09 Ноябрь 2018 09:56
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.