ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МІНДЕТ Избранное

Среда, 20 Сентябрь 2023 06:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 372 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға арналған эксперттік кездесу өтті.

408

 

Басқосуға Шымкент қалалық полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, сондай-ақ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, білім басқармаларының өкілдері қатысты.
Сала мамандары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың қызметі, мектептердегі бейнебақылау жүйесі мен турникеттердің тиімділігі, мектеп маңындағы жол белгілеріне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
—Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Шымкенттегі мемлекеттік 150 мектептің алдындағы жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілерінің жағдайын зерделеп, тиісті органдарға нұсқама берілді. Нәтижесінде барлық жаяу жүргінші өткелдері жаңартылды. Сондай-ақ, жекеменшік 95 мектептегі жағдай зерделеніп, жол бойында орналасқан 25 мектептің алдына жаяу жүргіншілер өткелдері сызылды. Тағы 12 мектептің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылды. Барлық мектептердің алдында полиция инспекторлары кезекшілік атқарып жатыр. Жаңа оқу жылының қарсаңында 5 мектептің алдына автокөліктердің жылдамдығын бақылайтын «Сергек» камералары орнатылды, — деді Шымкент қалалық полиция департаменті әкімшілік басқармасының қызметкері Серік Жақсылықов.
Жиын барысында мектептердегі асханалардың санитарлық жағдайы, медициналық кабинеттер мен өрт қауіпсіздігі мәселелері де талқыға түсті. Мамандар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін атап өтті.