Үнемшілдік – өркениетті қоғамға тән қасиет

Пятница, 11 Август 2023 05:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 666 раз

unemdeu

Азаматтардың өз ісіне ұқыпты әрі үнемшіл болуы – өркениетті қоғамның белгілерінің бірі. Әсіресе, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеп пайдалану өте маңызды. Себебі, еліміздегі жылу және электр қуатын өндіретін станциялардың басым көпшілігі көмірмен жұмыс істейтінін ескерсек, халық энергияны қаншалықты көп пайдаланған сайын оның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері де соншалықты арта түспек. Демек, электр қуатын, жылу мен ауыз суды үнемдеу арқылы Сіз тек өз қаржыңызды үнемдеп қана қоймайсыз, сонымен қатар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға да үлес қосасыз деген сөз.

 

«Судың да сұрауы бар»

Халқымыздың «Судың да сұрауы бар» деген мәтелі бүгінде қай кездегіден де өзекті болып отыр. Тіршілік нәрінің тапшылығы қазірдің өзінде көптеген елдерде ең басты проблемаға айналған. Иә, қазір Шымкент қаласында таза ауыз судың табиғи қоры жеткілікті. Алайда, біз бұл бағалы ресурстарды өзіміз пайдаланып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін де сақтап, жеткізуіміз керек.

– Бүгінде қала әкімдігі тарапынан жаңа елді мекендерге ауыз су құбырын жеткізу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Биылдың өзінде Құрсай елді мекенінде 7 мың абонент, Қайнарбұлақ елді мекенінде 2 мың абонент ауыз суға қосылады. Бір сөзбен айтқанда халық санының көбеюіне байланысты Шымкент қаласында ауыз суды тұтыну мөлшері жылдан жылға артып келеді. Ендігі мәселе соған су жеткізіп беру жайы. Бұл біздің тікелей міндетіміз, – дейді «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС-і бас директорының су құбырларын пайдалану жөніндегі орынбасары Бекжан Ешімбетов.

Оның айтуынша, қалада жер асты суларын көтеріп, қалаға қарай айдайтын 5 станция жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ең негізгісі – Ақбай-Қарасу су көтеру станциясы. Қалаға келетін судың 70-80 пайызына дейін осы станция арқылы жер астынан шығарылады. Сонымен қатар Бадам-Сайрам, Көмешбұлақ, Тассай-1, 2 су көтеру станциялары жұмыс істеп тұр. Қазір қала осы станциялардың жиынтық қуаттылығының 70 пайызы көлемінде су тұтынып жатыр. Яғни, қазір 30 пайызға қосымша қор бар екен.

– Алайда, Ақбай-Қарасу су көтеру станциясынан қалаға су жеткізетін диаметрі 1200, 1000 және 900 миллиметрді құрайтын 3 магистралды суаққы бар. Міне, сол құбырлар арқылы ең жоғары шекте су айдалып жатыр. Қанша жерден қуатты насос қойсаңыз да ол құбырларға бұдан артық су сыймайды. Сондықтан қазір қалаға 4-ші магистралды суаққы салу керек болып тұр. Биыл біздің компания жобалау жұмыстарымен айналысып жатыр. Келесі жылы инвестициялық жоба ретінде осы істі қолға алып, өз есебімізден құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді Бекжан Пердебайұлы.

Бүгінде Шымкент қаласында су құбырларының 46 пайызының, ал, кәріз құбырларының 77 пайызының тозу уақыты жеткен. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының шеңберінде кәріз құбырларын кезең кезеңімен жаңарту мақсатында уәкілетті мемлекеттік орган кәріздің жаңа тарифін белгіледі.

– Бұрын кәрізге, яғни, сарқынды суды бұруға әр текше метр үшін тариф бұған дейін 38 теңге 86 тиын болса, 2023 жылдың 1 тамызынан бастап бекітілген жаңа тариф 50 теңге 61 тиынды құрайды. Ал, 1 текше метр ауыз су үшін тұрғындар төлейтін тариф 96 теңге 62 тиын күйінде өзгеріссіз қалып отыр. Жаңа тарифтің белгіленуі бізге кәріз құбырларын жаңартып, оның тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, –дейді Б.Ешімбетов.

Мамандардың айтуынша, бекітілген нормаға сәкес бір адамға орта есеппен тәулігіне 0,2 текше метр, яғни, 200 литр су жеткілікті. Сонда төрт адамнан тұратын отбасы тәулігіне – 0,8 текше метр, ал, айына 24 текше метр ауыз су тұтынуы тиіс. Ал, «Су арнасы - Маркетинг» компания жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесі Шымкентте 4 адамнан тұратын отбасы ай сайын орта есеппен 32 текше метр су тұтынады екен. Әсіресе, жаз айларында шымкенттіктер ауыз суды шамадан тыс көп қолданып жатқанын байқауға болады.

Б.Ешімбетовтің айтуынша, компания әлеуметтік желілер және БАҚ арқылы тұрғындарды тұрақты түрде суды үнемдеп пайдалануға шақырып келеді. Мәслен, мамандар жекетұрғын үйдің ауласындағы бау-бақша, көгал, гүлдер мен ағаштарды түнгі сағат 23:00-ден кейін суаруға кеңес береді.

 

Электрді үнемдеп, ақысын арзан тарифпен төлеңіз

Бүгінде Шымкент қаласында сағатына 450 МВт электр қуаты тұтынылады екен. Қайта өзектендіріліп жатқан жаңа Бас жоспарда көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Сонымен қатар бүгінде қалада 0,4-10 кВ электр желілерінің жалпы ұзындығы 5 459,3 шақырымды құрайтыны, бұл желілердің 57,9 пайызы физикалық тұрғыда тозғаны анықталған. Осыған орай, электр қуатын жеткізуші компания инвестициялық бағдарлама қабылдап, оның аясында 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал, биыл 126,3 шақырым желілер мен 4 қосалқы станциясы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ, компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңартып, электр желілерінің физикалық тозу деңгейін азайтуды мақсат етіп отыр.

Міне, осы жұмыстарды атқару үшін Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатының аясында Шымкент қаласында жуырда электр қуатының тарифтері өзгерді. Жеке мақсатта тұтынушылар үшін электр қуатының жаңарған тарифі 20 теңге 39 тиын болып бекітілген. Сонымен қатар мамандар электр қуатын қаншалықты үнемдеп қолдансаңыз, тарифтің де соншалықты төмен болатынын ескертеді.

Мәселен, электрлі плиталарды қолданбайтын тұтынушылар үшін сараланған тарифтер төмендегідей болып белгіленген. Қолданылған электр қуаты әр адам басына шаққанда айына 70 КВт\сағаттан аспаса, 1 КВт үшін төленетін ақы – 18 теңге 37 тиын, егер 70 пен 140 КВт\сағат аралығында болса – 24 теңге 47 тиынды құрайды. Ал, абоненттің 1 айда тұтынған электр қуаты жан басына шаққанда 140 КВт\сағаттан да асып кетсе, онда 1 КВт үшін 30 теңге 59 тиынды құрайтын жоғары тарифпен төлеуіңізге тура келеді.

Олай болса, әрбір тұтынушының электр қуатын мейлінше үнемдеу арқылы төмен тарифпен төлеуге мүмкіндігі бар.

 

Жылу мен газдың үздіксіз берілуі өзімізге де байланысты

Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілерінің тозу көрсеткішін төмендету мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліпті.

«КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Егер компания өз қаржысы есебінен бұл желілерді толықтай жаңартса, бұл табиғи газ тарифінің 23-59 пайыз аралығында қымбаттауына әкеліп соқтырады. Есесіне Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.

Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд. теңге инвестиция сала отырып, тарифті 8-70 пайыз арлығында көтеріп, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.

Қорыта айтқанда, мемлекет энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолға алып жатыр. Алайда, жарық пен жылудың, табиғи газ бен таза ауыз судың үздіксіз келіп тұруына біз, тұтынушылар да мүдделіміз. Сондықтан, күні ертең апатқа ұрынып, тапшылықтың зардабын көрмеу үшін бүгін коммуналдық тарифтерге қымбатырақ тарифпен төлеуге дайын болып, бұл ресурстарды мейлінше үнемдеп пайдалануды үйренуіміз керек.