Күрделі жөндеудегі нысандар уақытында тапсырыла ма?

Пятница, 11 Август 2023 06:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 694 раз

kurdeli-jondeu

Шымкент қаласында биыл үш ауысымды мектеп қалмайды. Жаңа оқу жылында оқушылар тек екі ауысыммен білім алады. Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған үшінші мегаполисте білім ұясының табалдырығын аттаған оқушыларды сапалы білім беруде мектеп құрылысы да қарқынды жүруде. Одан бөлек ғимараты тозған 9 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақша, 1 колледж бен 2 арнайы мектеп-интернатының ғимараты қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілмек.

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов күрделі жөндеуден өтіп жатқан №66, 78 мектеп пен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында болып, жұмыстың барысын бақылады. Осы мектептердің күрделі жөнделуі «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Партия өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, ұсынысын тыңдаған сәтте ата-аналар мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізген.

Қазығұрт шағынауданында орналасқан №66 жалпы білім беретін мектептің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асыпты. Мекемедегі күрделі жөндеу осы жылдың мамырында басталған. Мектептің қайта жаңғырту құрылысын өз мерзімінде аяқтау үшін 100-ге жуық құрылысшы жұмылдырылып, жұмысты 31 желтоқсанға дейін аяқтауға барын салып жатыр. Нысанды аралап көрген Б.Нарымбетов мектеп басшылығы мен білім басқармасына мердігердің жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты.

– Бірінші кезекте құрылыстың сапасына мән беруіміз тиіс. Жөндеу жұмыстарды өз мерзімінде аяқтау үшін қажет болса, құрылысшы санын арттырыңыздар. Ал, жұмыстың барысын тек қадағалаушы мекеме ғана емес, мектеп директоры мен білім басқармасы да бақылауға алуы керек. Өйткені алдағы уақытта балалардың ғимарат ішіндегі қауіпсіздігі қазіргі атқарылып жатқан құрылысқа тікелей байланысты, – деді қала мәслихатының төрағасы.

Қазығұрт шағынауда-нындағы №66 мектепте жаңа оқу жылында 2136 оқушы білім алады. Күрделі жөндеу желтоқсанның соңында аяқталатын болғасын, оқушылар уақытша сол аумақтағы үш мектепке бөлініп, білім алады.

–Мектебімізде жалпы 94 сынып бар. Оның 36-сы бастауыш, 29-ы 5-7 сыныптар және 29 топ 8-11 сыныптарды қамтиды. Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптағы 854 оқушы №86 мектепке, 5-7 сыныптағы 633 оқушы №49 мектепте және 8-11 сыныптың 676 оқушысы №48 мектепте екінші ауысымда уақытша білім алады. Оқушылардың мектепке қатынауы үшін әр мектепке 2 автобустан беріледі. Сонымен қоса, біз Тұран ауданы әкімдігіне хат жолдап, қоғамдық көліктердің аралығын жиілету үшін қосымша көлік қарастыруға ықпал етуін сұрадық. Әрине, уақытша болса да балаларымыз үшін аздап ыңғайсыздық туындатса да, ата-аналармен тығыз байланысып, оқушылар жөндеу аяқталған соң өз мектебіне оралатынын түсіндірдік, – дейді №66 мектептің директоры Найла Шыртаева.

Келесі күрделі жөнделіп жатқан білім ұясы – №78 жалпы білім беретін орта мектебі. 4-шағынауданда орын тепкен мектептің ғимараты 2004 жылы қолданысқа берілген. 465 орынға лайықталған мекемеде 850-ге жуық бала білім алады. Күрделі жөндеудің аяқталу мерзімі 15-қыркүйекке жостарланғанымен, оқушыларға екі апта ыңғайсыздық туындатпау үшін мердігер тамыздың соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр. Бүгінде ғимарттың шатыры, едені мен есік-терезесі, жылыту жүйесі, инжинерлік жүйесі жаңасына ауыстырылған. Жұмыстың басым бөлігі орындалып та қойған. Қазіргі сәтте құрылысшылар қабырғалар мен ғимараттың сыртын сырлап жатыр. Білім нысанының күрделі жөндеуіндегі бірқатар кемшілікке сын айтқан мәслихат төрағасы жұмыс аяқталғасын арнайы ат басын бұрып, құрылыстың сапасын жіті бақылайтынын жеткізді.

– Құрылыстың қазіргі кемшін тұстары алдағы уақытта оқушыларға қауіп туғызуы мүмкін. Дұрысталатын, жауапкершілікпен қараса реттелетін ақау болғасын осы кезден-ақ көңіл бөлу керек. Сондықтан, жөндеудің сапалы орындалуын бақылау үшін алдағы апта тағы келемін, – деді Б.Нарымбетов.

Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты 1969 жылы салынған. 240 балаға шақталған мекемеге бұған дейін осыншалықты ауқымды әрі күрделі жөндеу жасалмаған екен. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ерекше балаларына арналған интернаттың жөндеуіне 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Мердігер «Казеврострой» компаниясы құрылысшы санын көбейтіп, 9 айға жоспарланған жұмысты жеті айда аяқтауды көздеп отыр. Бахадыр Мәдәліұлы арнайы білім мен күтімді қажет ететін балалар ертерек өзінің білім ұясына орылуы үшін жұмысты барынша жеделдету керек екенін алға тартты.

– Бүгінде арнайы білімді қажет ететін балаларды «Ақсу» лагеріне орналастыру ұсынысы түсіп жатыр. Лагерь тау бөктерінде орналасқандықтан күзге қарай күн салқындайды. Сондықтан осындағы құрылысты жұмысшы санын арттыру арқылы ертерек, яғни қарашаға дейін аяқтап берсеңіздер өнімді жұмыс, әрі сауапты іске қол ұрар едіңіздер,– деді мәслихат төрағасы мердігерге.

Шымкент қаласында қазір 250-ге жуық мектеп болса, оның 27-сі ғана күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Осы мектептердің қайта жаңғыртылуы келесі жылдың еншісіне қалдырылып отыр. Ең бастысы, мектептің жөндеуі үшін бұрынғыдай ата-аналардан қаржы жиналмай, бюджет есебінен атқарылуда. Қазір жас ұрпаққа сапалы білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болғандықтан мектептерді заман талабына сай ету үшін қажетті қаржының барлығы бюджеттен толық қамтылған.