ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚҰТҚАРУҒА АСЫҒАДЫ Избранное

Среда, 19 Июль 2023 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 728 раз

Сырт көзге олардың жұмысы оңай көрінгенмен, шынтуайтына келгенде нағыз еңбек адамы солар ма дерсің?! Иә, біз жедел жәрдем жүргізушісі туралы сөз қозғамақшымыз. Көрген жұрт «көлік жүргізушісі болу қиналатын жұмыс емес» деп айтар. Алайда ауырған адамдардың тағдыры жүргізушінің ептілігіне, жылдамдығына байланысты екенін білмей жатады. Ондай кезде әрбір минут, секунд адам өмірін сақтап қалады. Осы орайда, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясы №6 бекетінің жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бекжан Аманқұловпен арнайы жүздесіп, жұмысымен танысып қайттық.

622

 

Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясының №6 бекеті Қайтпас–2 шағынауданында орналасқан. Мекеменің бөлім меңгерушісі Айгерім Тілеубергенованың айтуынша, Шымкент қаласы бойынша бір оперативті бөлім және 9 бекет бар. Онда 100 бригада науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын.

627


–№6 бекетте 13 автокөлік бригадасы бар. Мұнда бір интенсивті терапия бригадасы, сондай-ақ балаларға медициналық көмек көрсететін бригада бар. Қалғандары фельдшерлік бригада қызметінде. Бүгінгі таңда бекетте 10 дәрігер, 103 фельдшер, 59 жүргізуші жұмыс істейді. Осы жүргізушілердің ішінде ерекше атап өтетін азамат бар. Ол кісі 11 жылдан бері осы бекетте жүргізуші қызметін атқарып келеді. Есімі – Бекжан Аманқұлов.Бекжан аға өз ісіне жауапты әрі ұқыпты. Ұжымдық жұмыстарда белсенділігін көрсетіп, көзге түскен жан. Шақырту түскен бойда дәрігер мен фельдшерді жылдам жеткізудің жолдарын тауып, парамедик ретінде де көмек көрсетеді, – дейді Айгерім Дүйсенбекқызы.

Өз ортасында сыйлы, қолынан келгенше көмегін аямайтын, білікті жүргізуші Бекжан Аманқұловпен тілдесуге асықтық. Жедел жәрдем көлігінде отырып сұхбат құрдық. Әңгімесін алғаш көлікті қалай тізгіндегенінен бастап кетті.

–Жетінші сынып оқып жүргенімде әкемнің темір тұлпары болатын. Жұмыстан келген кезде ұйықтағанын күтіп, гаражға тығып кеткен көлігін, білдірмей мініп кеттім. Алғаш рет машинаны тізгіндегенім сол кез еді. Ол уақытта баламыз ғой, ешнәрсені ұғына бермейміз. Біз үшін көлік айдау қызық. Содан айдап кеткен көліктің тас-талқанын шығарып әкелдім. Оны көрген анам мені әке ашуынан арашалап бақты. Әкемнен қанша таяқ жесемде сол әдетімді ер жеткенше қоя алмадым. Мүмкін, осының себебінен бүгінде жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген шығармын. Көлікті жүргізсем жаным тыныш. Өзіме осы ұнайды, – дейді жедел жәрдем жүргізушісі.
Бүгінгі таңда жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына арнайы планшет берілген. Сол арқылы шақырту түскенін 112 нөмері арқылы біліп отырады. Бекжан Аманқұловтың қолындағы құрылғысына бір күнде 17 қоңырау түссе, мереке күндері 20-ға дейін барады.

623


–Адам ауырып, жедел жәрдем бекетіне хабарласқан бойда жылдам қимылдап, жолға шығып кетеміз. Қолымыздағы арнайы планшетпен мекенжайын көріп, төте жолмен барудың қамын жасаймын. Уақытты жоғалтқым келмейді. Осындай кезде Шымкент тұрғындарына ризашылығымды айтқым келеді. Науқасқа лезде жету үшін дыбыс күшейткішті қоссам, түсіністікпен қарап жол береді. Межелі жерге жеткенде жүргізушімін деп қарап отырмай, дәрігердің іс-әрекетін бақылап, жәрдем керек болса көмектесемін, – дейді жүргізуші.
Қаламызда жедел-жәрдем көлігі үздіксіз қызмет етуге дайын. Алайда, техника болған соң, ақау пайда болып, бұзылатын да кездері болады. Ондай кезде жүргізушілердің әрекеті қандай болатынын Бекжан мырза айтып берді.
–Егер көлікте науқас адам жатқан кезде бұзылса, дереу механик маманына қоңырау шалып, кезектегі жедел жәрдем көлігін жіберуді өтінеміз. Ол келген кезде науқасты сол көлікке ауыстырып, өзіміз жедел жәрдем көлігін жөндейтін арнайы орталыққа апарамыз. Бекеттегі арнайы гаражға көлікті қоямыз. Слесарь маманы барлығын жөндеп, ретке келтіреді. Мұндай жағдай орын алмауы үшін өз кезегім келгенде, таңертең көліктін жай-күйін анықтап, тексеріп аламын. Бұл әдетке айналған ісім, – дейді ол.
Кейіпкеріміз бүгінде қала орталығы, шет жақтағы елді мекендердің барлығында инфрақұрылым жақсарып, мұның өзі жұмысымызды әлдеқайда жеңілтетті, дейді.
–Бұрын көшелерге асфальт төселмей, қоңырау түскен үйге жету қиын болатын. Жауын-шашын жауғанда көлігіміз батпаққа батып, шыға алмай, азанға дейін көлікте түнеген күндер де өтті. Қазір заманға сай жолдар да тегіс. Әр көшеге асфальт төселген. Шақырған науқастың үйіне дер уақытында жетеміз, – дейді Бекжан Аманқұлов.
Бекжан Аманқұловпен бір салада қызмет етіп жүрген ұжымдастарын да әңгімеге тарттық. Соның бірі – Асылбек Сайдмұратұлы. Ол №6 жедел жәрдем бекетінде дәрігер міндетін атқарады. Кейіпкерімізбен серіктес болғанына бес жылдай болған.
–Бекжан ағаны бес жылдан бері танимын. Шақырту түскен бойда мекенжайды жаңылмай тауып, дер уақытында жеткізеді. Көлікті де ұқыпты жүргізіп, өзіне жүктелген парамедик қызметін жоғары деңгейде атқарады. Жедел жәрдем қызметінде күн сайын түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Біз балалар реанимациялық бригадасы болғандықтан, балаларға жедел көмекке шақыртыламыз. Жақын уақытта бір жарым жасар бала өз ауласындағы бассейндегі суға түншығып қалған, біз барғанда баланың жағдайы өте нашар, ес-түссіз жатты. Дереу реанимация жасап, шұғыл көмек бердік. Мұнда жүргізуші Бекжан ағайдың да үлесі зор. Керекті аппараттарды жаңылмай алып беріп отырды. Содан жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып бардық. Қазір баланың жағдайы жақсы. Әр шақыртуға барғанда ата-аналарына мән-жайдың бәрін түсіндіріп, бала ауырған жағдайда қалай көмектесетінін айтамыз. Біздің телефон нөмерімізді алып, әлі күнге дейін алғысын айтатын ата-аналар өте көп. Ал біз оған қуанамыз, – дейді Асылбек.

628

Жоғарыда айтқандай бір қарағанда жедел жәрдем бригадасының жұмысы оңай сияқты көрінеді. Шындығында, адам өмірін сақтап қалудан артық не қымбат болсын. Дыбыс күшейткішін қосып, тас жолда үлкен жылдамдықпен келе жатқан жедел жәрдем көлігін көрсеңіз жол беріңіз. Өйткені, таразыда адам өмірі тұр.