ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ: КОМПАНИЯ 76 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ГАЗ ҚҰБЫРЫН ЖАҢАРТУДА Избранное

Среда, 20 Сентябрь 2023 06:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 407 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын.
Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді.

416

 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар шараларды қолға алған. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбырын жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет екені анықталған. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді екен. Осы орайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы «2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама» қабылдаған болатын. Биыл осы бағдарламаның төртінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы баспасөз турын ұйымдастырып, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен таныстырды.
–Инвестициялық бағдарламаның төртінші кезеңінде 76,712 шақырым газ құбырларын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Шымкент өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Ерғали Айбек.
Айта кетейік, 4-ші кезеңге жоспарланған жұмыстар 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы жалпы соммасы 4 миллиард теңгеден астам жеке инвестициясын бағыттап отыр.