Жалпыға бірдей декларация – көлеңкелі экономикаға тосқауыл
Пятница, 01 Сентябрь 2023 05:01Елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Биыл мемлекетпен қамтамасыз етілетін мекеме қызметкерлері мен акционерлік қоғам өкілдері де дүние-мүлкін декларациялауда. Жалпыға бірдей декларациялаудың мәнісін Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қадіржан Панбаев түсіндіріп берді.
Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылдың бірінші қаңтарынан басталды. Онда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары қатысты. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және соларға теңестірілген тұлғалар дүние- мүлкі жайында ақпарат берді.
–Екінші кезең биыл жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері мен оның жұбайы декларация тапсыруда. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырғаннан кейін 31-ші желтоқсанда мүлік туралы есептік салық табыс етіледі. Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіне кіретін адамдар үшін тұрғылықты жері бойынша декларацияны қағаз нұсқада тапсыру мерзімі 2023 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей немесе электрондық түрде 2023 жылғы 15 қыркүйегінен кешіктірілмеуі тиіс. Ал кешіккен жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 272 бабына сәйкес, белгіленбеген мерзімде декларация тапсырмаған жағдайда әкімшілік шара қолданылады. Алғашында ескерту берілсе, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады, – дейді Қадіржан Әбдіхалықұлы.
Алдағы жылдары елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші төртінші кезеңі жүзеге асатын болады. Онда заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірістер департаментіне мүлкі жайында құжат тапсырады. Дара кәсіпкерлерде үшінші кезеңде декларация тапсырады. Ал төртінші кезеңде қалған санаттағы азаматтар қамтылатын болады. Осылайша елімізде көлеңкелі экономикаға түбегейлі тосқауыл қойылады.
ТҰРАННЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ
Пятница, 25 Август 2023 04:07Аудан әкімдігіне жүктелген міндеттер қалай жүзеге асып жатыр?
Шымкент қаласының Тұран ауданы биыл жаңадан ашылған аумақ болғанына қарамай, тұрғындарды инфрақұрлыммен қамтуда тындырымды тірліктер атқарып отыр. 21 тұрғын алап пен шағынауданда 220,7 мың халық мекен еткен ауданның халқына қолайлы жағдай жасау, реттеу бағытындағы жұмыстарды аудан әкімі Боранбай Болатбеков баяндап берді.
ЖЕҢІЛДІКТЕР МЕН БОНУСТАР: жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі тағы қандай мүмкіндіктер ұсынады?
Пятница, 18 Август 2023 05:26Шымкенттің «Көрме орталығында» өтіп жатқан жәрмеңке екі күнге жалғасады. Жәрмеңкеде баспана алуға ниеттенгендер қаладағы тұрғын үй салып жатқан компаниялардың ұсынысымен танысып, жеңілдікпен үй алуына мүмкіндік бар. Іс-шараны Отбасы банктың қалалық филиалы ұйымдастырып отыр. Келушілер таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін банк клиенттері жәрмеңкеде ұсынылған үйлермен танысады.
«МЕДИЦИНА – АДАМДЫ, АЛ, ВЕТЕРИНАРИЯ – БҮКІЛ АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ»
Пятница, 18 Август 2023 04:55Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Халқымыздың жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін ет пен дастарқанынан үзілмейтін ағарғаны төрт түлікке тікелей байланысты екенін назарға алсақ, елімізде ветеринария саласының қаншалықты маңыздылығын бағамдай беріңіз. 2020 жылы әлемді жайлаған пандемияның адамға қайдан жұққаны жайлы белгілі немесе түрлі нұсқалар болды. Алайда, тереңдеп зерттегенде індеттің тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтейді. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге болатындай нүктенің маңызын, осындай қатерлі сәттерін адам баласы анық сезінді. Негізінен бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығына тек медицина мамандары ғана жауапты емес, ветеринарлар да маңызды рөл атқарады.
Шәмші әндері шарықтаған күн
Пятница, 18 Август 2023 04:3615 тамыз – Қазақстанның Халық әртісі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов дүниеге келген күн. Ұлтымыздың біртуар композиторының туған күніне орай Шымкентте «SHAMSHI» атты әншілер байқауы өтті. Үш күнге жалғасқан ән сайысы қаладағы тұлғаның атына берілген аллеяда қорытындыланып, жеңімпаздары марапатталды.
ДИҚАН БАБАНЫҢ КЕТПЕНІНЕН, ШОПАН АТАНЫҢ ТАЯҒЫНАН ЖАРЫЛҚАСЫН
Среда, 16 Август 2023 04:23Шымкенттік шаруалар «Дала күні» атты семинарда бас қосты
Шымкент – республикалық мәртебеге ие шаһар болғанымен, оның 27 мың гектары ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылады. Қала іргесінде егін салып, мал баптап, үйінің іргесіндегі аядай жерінде көкөніс өсіріп отырған шаруалар ішкі нарықты қамту үшін барын салып жатқанымен, базар сөресінде шеттен келген өнімдер самсап тұрғаны жасырын емес. Хош, қала өзін қажетті көкөніспен қамту үшін не істемек керек? Өзекті мәселе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Дала күні» атты семинарында талқыланды.
Күрделі жөндеудегі нысандар уақытында тапсырыла ма?
Пятница, 11 Август 2023 06:17Шымкент қаласында биыл үш ауысымды мектеп қалмайды. Жаңа оқу жылында оқушылар тек екі ауысыммен білім алады. Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған үшінші мегаполисте білім ұясының табалдырығын аттаған оқушыларды сапалы білім беруде мектеп құрылысы да қарқынды жүруде. Одан бөлек ғимараты тозған 9 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақша, 1 колледж бен 2 арнайы мектеп-интернатының ғимараты қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілмек.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов күрделі жөндеуден өтіп жатқан №66, 78 мектеп пен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында болып, жұмыстың барысын бақылады. Осы мектептердің күрделі жөнделуі «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Партия өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, ұсынысын тыңдаған сәтте ата-аналар мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізген.
Қазығұрт шағынауданында орналасқан №66 жалпы білім беретін мектептің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асыпты. Мекемедегі күрделі жөндеу осы жылдың мамырында басталған. Мектептің қайта жаңғырту құрылысын өз мерзімінде аяқтау үшін 100-ге жуық құрылысшы жұмылдырылып, жұмысты 31 желтоқсанға дейін аяқтауға барын салып жатыр. Нысанды аралап көрген Б.Нарымбетов мектеп басшылығы мен білім басқармасына мердігердің жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты.
– Бірінші кезекте құрылыстың сапасына мән беруіміз тиіс. Жөндеу жұмыстарды өз мерзімінде аяқтау үшін қажет болса, құрылысшы санын арттырыңыздар. Ал, жұмыстың барысын тек қадағалаушы мекеме ғана емес, мектеп директоры мен білім басқармасы да бақылауға алуы керек. Өйткені алдағы уақытта балалардың ғимарат ішіндегі қауіпсіздігі қазіргі атқарылып жатқан құрылысқа тікелей байланысты, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Қазығұрт шағынауда-нындағы №66 мектепте жаңа оқу жылында 2136 оқушы білім алады. Күрделі жөндеу желтоқсанның соңында аяқталатын болғасын, оқушылар уақытша сол аумақтағы үш мектепке бөлініп, білім алады.
–Мектебімізде жалпы 94 сынып бар. Оның 36-сы бастауыш, 29-ы 5-7 сыныптар және 29 топ 8-11 сыныптарды қамтиды. Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптағы 854 оқушы №86 мектепке, 5-7 сыныптағы 633 оқушы №49 мектепте және 8-11 сыныптың 676 оқушысы №48 мектепте екінші ауысымда уақытша білім алады. Оқушылардың мектепке қатынауы үшін әр мектепке 2 автобустан беріледі. Сонымен қоса, біз Тұран ауданы әкімдігіне хат жолдап, қоғамдық көліктердің аралығын жиілету үшін қосымша көлік қарастыруға ықпал етуін сұрадық. Әрине, уақытша болса да балаларымыз үшін аздап ыңғайсыздық туындатса да, ата-аналармен тығыз байланысып, оқушылар жөндеу аяқталған соң өз мектебіне оралатынын түсіндірдік, – дейді №66 мектептің директоры Найла Шыртаева.
Келесі күрделі жөнделіп жатқан білім ұясы – №78 жалпы білім беретін орта мектебі. 4-шағынауданда орын тепкен мектептің ғимараты 2004 жылы қолданысқа берілген. 465 орынға лайықталған мекемеде 850-ге жуық бала білім алады. Күрделі жөндеудің аяқталу мерзімі 15-қыркүйекке жостарланғанымен, оқушыларға екі апта ыңғайсыздық туындатпау үшін мердігер тамыздың соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр. Бүгінде ғимарттың шатыры, едені мен есік-терезесі, жылыту жүйесі, инжинерлік жүйесі жаңасына ауыстырылған. Жұмыстың басым бөлігі орындалып та қойған. Қазіргі сәтте құрылысшылар қабырғалар мен ғимараттың сыртын сырлап жатыр. Білім нысанының күрделі жөндеуіндегі бірқатар кемшілікке сын айтқан мәслихат төрағасы жұмыс аяқталғасын арнайы ат басын бұрып, құрылыстың сапасын жіті бақылайтынын жеткізді.
– Құрылыстың қазіргі кемшін тұстары алдағы уақытта оқушыларға қауіп туғызуы мүмкін. Дұрысталатын, жауапкершілікпен қараса реттелетін ақау болғасын осы кезден-ақ көңіл бөлу керек. Сондықтан, жөндеудің сапалы орындалуын бақылау үшін алдағы апта тағы келемін, – деді Б.Нарымбетов.
Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты 1969 жылы салынған. 240 балаға шақталған мекемеге бұған дейін осыншалықты ауқымды әрі күрделі жөндеу жасалмаған екен. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ерекше балаларына арналған интернаттың жөндеуіне 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Мердігер «Казеврострой» компаниясы құрылысшы санын көбейтіп, 9 айға жоспарланған жұмысты жеті айда аяқтауды көздеп отыр. Бахадыр Мәдәліұлы арнайы білім мен күтімді қажет ететін балалар ертерек өзінің білім ұясына орылуы үшін жұмысты барынша жеделдету керек екенін алға тартты.
– Бүгінде арнайы білімді қажет ететін балаларды «Ақсу» лагеріне орналастыру ұсынысы түсіп жатыр. Лагерь тау бөктерінде орналасқандықтан күзге қарай күн салқындайды. Сондықтан осындағы құрылысты жұмысшы санын арттыру арқылы ертерек, яғни қарашаға дейін аяқтап берсеңіздер өнімді жұмыс, әрі сауапты іске қол ұрар едіңіздер,– деді мәслихат төрағасы мердігерге.
Шымкент қаласында қазір 250-ге жуық мектеп болса, оның 27-сі ғана күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Осы мектептердің қайта жаңғыртылуы келесі жылдың еншісіне қалдырылып отыр. Ең бастысы, мектептің жөндеуі үшін бұрынғыдай ата-аналардан қаржы жиналмай, бюджет есебінен атқарылуда. Қазір жас ұрпаққа сапалы білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болғандықтан мектептерді заман талабына сай ету үшін қажетті қаржының барлығы бюджеттен толық қамтылған.
Жақсылардың кеудесі алтын сандық
Пятница, 11 Август 2023 05:05Шымкент қаласында тұратын Өркен Әбдіреев ақсақалды танымайтын адам кемде-кем шығар. Бүгінде тоқсанды алқымдағанына қарамай, қаланың дамуы мен көріктенуіне белсенді үлес қосып жүрген ардагердің тынығып отырғанын көрмейсіз. Тұрғындардың әкімдікке деген ұсынысын, аулада атқарылуы тиіс жұмыстың барлығына Өркен атаның өзі білек сыбана кірісіп жүреді. Ғұмыры ғасырға жуықтаған ардагердің көкірегі асыл қазынаға толы. Тыл және еңбек ардагерімен арнайы сұқбаттасып қайтық.
Өркен Әбдірейімұлы – қаладағы Жібек жолы көшесіндегі 125 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің үй басқарушысы. Жастайынан тылда еңбек еткен кейіпкеріміз бейбіт заманда да бір сәт бос отырғанды құп көрмейді. Көппәтерлі үй тұрғындарының талап-тілегін аудан әкімдігі, одан қалса қала әкіміне жеткізіп, аулаларды абаттандыру, қолайлы орта жасауда күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген арда азамат. Қарияның еңбекпен өрілген өмір жолы көпке үлгі, жастарға өнеге деуге болады.
–1935 жылдың 12 маусымында дүниеге келіппін, - деп ардагер әңгімесін бастады. – Әкем соғысқа аттанған соң анам екеуіміз нағашы атамның үйіне көшіп келдік. Сұрапыл соғыс талайдың өмірін қиғаны секілді бізді балалығымыздан айырды. Асыр салып ойнау жоқ, 1943-1945 жылдары үлкендермен бірдей колхоздың астығын өгіз арбамен станцияға тасыдық. Алайда, білімге деген құштарлығымнан кез келген қиындыққа қарамай, мектепте үздік оқыппын. Ол кезде қазіргідей әр ауылда бір мектеп салынбаған. Район орталығында жалғыз интернат болатын. Кім жылы сөйлеп үйіне шақырса, сол жерді паналап оқыдым. Қанша рет мектеп ауыстырғаным есімде жоқ, 1953 жылы мектепті Шымкент қаласында бітірдім,– деп өткенін еске алды.
Мектепті бітірген жылы Ө.Әбдіреев Ташкент қаласындағы тоқыма институтына түсіп, 1958 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтапты. Жас маманды Арал ауданындағы мақта зауытқа өндіріс меңгерушісі қызметіне жолдайды. Екі жыл өтіп зауыттағы табысты еңбегінің арқасында 1961 жылы Жетісай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.
–Жетісайдағы үш жылдық қызметтен кейін 1964 жалдан бастап Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы былғары кендір комбинатында 12 жыл директор қызметінде болдым. Мені сонда жіберген кезде алғашында қорқыныш болды. Зауыттың жұмысымен таныса келе, ондағы техникалардың тозғаны, тері илегенде одан шығатын иіске төзіп болмасына көзім жетіп, ең алдымен жабдықтарды жаңалауға кірістім. Жоғары жаққа жиі хат жазып, бізге жаңа қондырғы қажет екенін түсіндіріп, нәтижесінде комбинаттың құрылғылары жаңарып, өнімділік екі есеге артты. Ал, 1976 жылы Шымкент қаласындағы мақта зауытында мақтаны дүниежүзіне тарату бөлімінің басшысы қызметін атқардым. Қызмет барысымен Кеңес одағының 10-ға жуық қаласында және шет елдегі Франция, Португалия және Қытайда болдым. Ол кезде біздің өнімдеріміз, яғни Шымкенттен шығатын тауарлар әлемге әйгілі еді, – дейді кейіпкеріміз.
Уақыт өте білікті маманның еңбегі еленіп, «Қызыл ту» ордені және 12 медальмен марапатталған. Еңбекті ту еткен ардагерден 4 ұл мен 3 қыз өрбіп отыр. Зейнетке шыққаннан бері Жібек жолындағы №43 үйдің төрағасы міндетін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ауланы асфальттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, тазалықты сақтау, әсіресі 125 пәтердің жылу құбырын жаңасына түгелдей ауыстыруға атсалысқан.
–Зейнетке шыққан соң қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептің жиналыстарына қатысып, тәрбие ісіне көмектесіп келемін. Оқушыларды «Жас ұлан» қатарына қабылдаймыз. Мектеп басшылығымен бірлесе оқушылармен жиі кездесіп, еңбек жолымды айтып беремін. Жас күнімде еңбек, жұмыс десе барымды салушы едім. Мақсатым – қазіргі жас буын егемен елімізді дамыту жолында аянбай еңбек етсе екен деймін, -деді Ө.Әбдіреев.
Бар ғұмыры адал еңбекпен өткен кейіпкеріміз Шымкенттің бүгінгі тіршілігі мен дамуы жолында да белсенділік танытып келеді. Қала шаруашылығына қатысты ұсынысын аудан әкімдігіне жеткізіп, бүгінде өзі төрағалық ететін көпқабатты үйлердің ауласы мұнтаздай, ағаштары жайқалып өсуіне, гүлдермен көмкеруге, балалардың аулада алаңсыз ойнауы үшін спорт пен ойын алаңшасын орнатуда да Өркен атаның еңбегі жатыр.
–Шымкент – еліміздегі қалалардың ішіндегі ең көрікті шаһара атануы үшін бар жігерімді салуға дайынмын. Президент Қ.Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдаймын. «Жаңа Қазақстанның» құрылуына күмәнсіз сенемін. Еліміз бай-қуатты болып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімі табылып, халқымыз гүлденген Қазақстанда табыстан табысқа жетеді деген сенімім мол. Өйткені, біз ынтымақты елдің мұсылман азаматтарымыз. Қазақ елі ең күшті, мәдениетті, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекет болсын, - деп Өркен Әбдідейімұлы сөз соңында қолын жайып, батасын берді.
Дана халқымыз «жақсы адам қартайса, жанып тұрған шоқтай» деген сөзді қартайғанда айналасына шуақ шашатын Өркен ақсақалға қарата айтқандай.
«Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады» дейді. Еңбегімен елге танылған, тәрбиесінде тағылым, ақылында даналық жатқан көпті көрген, асыл ардагеріміз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына сүйеу, жұртына қамқор боп, жүзінен қуаныш пен күлкі кетпей, аман-сау күн кешкей.