Іс-шараның мақсаты – халық арасында жалпы ұлттық дәстүрлі өнерімізді насихаттай отырып, оңтүстік өңірінің дәстүрлі әндеріне ерекше көңіл бөлу, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.
Дәстүрлі ән орындаушылар және термешілердің байқауына 17-35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Үміткерлер орындау шеберлігі, образ байлығы, сахна мәдениеті, киім үлгісі сияқты бірнеше критерий бойынша бағаланды.
Сонымен, дәстүрлі ән орындаушылар Бас жүлде, 1,2,3-орындармен қатар, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, терме сайысының жеңімпаздары да бас жүлде, 1,2,3-орындармен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Қайыпназар Әйтпенов атындағы номинацияларына ие болды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздарды құттықтап, дәстүрлі өнеріміз төрге озғанын, өңіріміздің байырғы қоңыр саздары қайта жаңғырғанын атап өтті. Қазылар алқасының құрамында белгілі өнерпаздар Мейрамбек Беспаев, Жанар Айжанова, Кенжебай Шал, ақын Қалқаман Сарин және тағы басқалар әділ бағасын беріп, үздіктерді анықтады.
Сонымен, дәстүрлі ән орындаушылардың байқауында Алматы облысынан Ақжол Өсербай бас жүлдені иеленді.
Әйгерім Орынбасар (Астана қаласы) 1-ші орын, Ернұр Құралбайұлы (Шымкент) мен Лаула Берікқызы (Ақмола облысы) 2-ші орынды жеңіп алды. Ал Зүлфия Баймұрзаева (Қызылорда облысы), Жұлдызай Тұрғанбек (Түркістан облысы) және Әділет Тілеш (Атырау облысы) 3-ші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, бірқатар қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.