Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгілік жасай бермек

Пятница, 27 Май 2016 08:47 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 5370 раз

Осы жылдың 16 желтоқсанында – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. 

Осы кезең ішінде не тындырдық? 25 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай? Биыл осы сұрақтарға жауап беретін, өткен жылдарға қорытынды жасап, Мәңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек қателеспейміз.  Осы орайда, 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», - деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды. 

Ал, өткен жылғы 15 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген құттықтау сөзінде Елбасы: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды», - дей келіп, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрғанын атап өтті. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің басты мақсаты – мемлекеттілік пен Қазақстан халқы бірлігін нығайту және базалық құндылықтар төңірегінде қоғамды шоғырландыру. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайту болып табылады.    

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде елімізді дүние жүзі танып, Елбасы ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық.                                       

 Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы кемелді тәуелсіз мемлекетке айналды. Ширек ғасырлық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Екі палаталы Парламент құрылды, сот жүйесінің негізі қаланды, жаңа елорда салынды. Қарулы күштер, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде тануды жария етті.                                  

Бүгінде сот жүйесінің әрі қарай дамуы басты назарға алынды. Сот қызметкерлерінің алдында азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын тиімдірек қорғау, қылмыстарды жылдам және толық ашу, қылмыс жасаған тұлғаларды әшкерелеу, жауапкершілікке тарту, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу тиімділігін жоғарлату міндеті қойылып отыр. Міне, осы шаралардың барлығы еліміздің тәуелсіздігін нығайту мен ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

Берік ТЫНЫБЕКОВ,

Сайрам аудандық сотының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.