Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат

Пятница, 27 Май 2016 08:49 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 8056 раз

Тәуелсіздік... осы бір ғана сөздің астарында қаншама қайғы-қасірет, қаншама жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарымыз бен ұрпағым деп қасықтай қаны, шырқыраған жаны қалғанша ұлтарақтай жері үшін жанын пида еткен ата-бабаларымызхдың рухы жатыр.

Біз тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді қайта өркендеттік. Тәуелсіздігіміздің рәмізі саналатын ән ұранымызды, туымызды, елтаңбамызды және төл теңгемізді жарыққа шығардық. Бірлігіміз бен бейбітшілігіміздің негізі Конститутциялық заңымызды бекітіп, айбарлы әскерімізді құрдық. Көптеген елдермен экономикалық қарым-қатынас орнату арқылы бүкіл әлемге қайтпас қайсар қазақ халқының бар екенін паш еттік.

Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы біздер, сапалы білімімізбен, саналы тәрбиемізбен еліміздің елу елдің қатарына қосылуына өз үлесімізді қосудамыз. Біздер – көк байрағы көкке самғаған, әсем ән ұраны шарықтаған, бейбіт күннің нұрына бөленіп, береке, бірлікпен күн кешкен, келешегі кемел, болашағы жарқын Қазақстанның қырандарымыз.

Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызыметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмады. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының қалыптасуын, ұлттық мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын, халқының бағын ойлап, жау қолына тойтарыс берген, кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлерін, таңғажайып этномәдени үлгілерінжасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан алып үлесін, батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы, тіпті қала берді ішкі жаулардан қорғаған ерліктерін дастан етуге болады.

Халық басына қиын-қыстау заман зары туған шақта, қазақ қауымының бас көтерген батыр да ержүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалды. Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. Ал, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдаралаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды.

1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың қазақ зиялысы қырылған.  Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі – көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана.

Отан қорғау жолында 1941-1945 жылдары ең көп қырылған қазақ солдаттары еді. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың Қазақстандық жауынгер ғана оралды.

Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылы қазақ жеріне атом сынағы тасталды. Аяулы – Отаным Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел болды. Алайда, Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз ұшан-теңіз.

Өткенге ой жүгіртіп, тарихымыз жайлы тербегендегі мақсатым – бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны, тәуелсіздігіміздің сараң жолы осыншама құрбандықпен, қиын-қыстаумен келгенін есімізде мәңгілік сақтау және келер ұрпаққа аманат.

Құрасбек РЫСҚҰЛБЕКОВ,
ОҚО мамандандырылған 
экономикалық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.