Еліміздің оңтүстігінде бензин бағасы қымбаттады. АИ-92 маркалы жанармайдың литрі 130 бен 137 теңге аралығында саудаланып жатыр. Сала мамандары бұл өзгерісті Шымкент мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылғандығымен түсіндіреді.
Бірер апта бұрын өңірде дизель бағасы күрт көтерілген болатын. Қазір бензиннің бөлшек саудадағы құны аспандап тұр. Жанар-жағармай нарықта еркіндікке жібергелі баға өспесе, түскен емес.
Бензин бағасы көтерілуінің басты себебі – Шымкент мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтатылғандығы. Қазір аймақтағы авто жанармай құю бекеттеріне тасымалданатын бензиннің 30-40 пайызы Ресейден әкелінуде. Әлі де облыста 10-12 мың тонна сұйық отын тапшылығы бар. «Зауыт жаңғыртудан өткен соң, баға нарқы тұрақталады», – дейді облыстық «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
– Еліміз бойынша бензиннің бағасы әзірге Шымкентте ғана көтеріліп отыр. Мәселен, көршілес Қызылордада АИ 92 126-127 теңге аралығында сатылуда. Өзге өңірлерде де баға тұрақты, – дейді. Қ.Қамбаров.