Тургеневтің тағдырын тұсаған тылсым әйел

Пятница, 24 Февраль 2017 06:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4131 раз

Болашақ жұлдыз жазушының бала махаббаты 14 жасында оянған екен.Оның жүрегіне тұңғыш шоқ салған ару өзінен төрт жас үлкен, 18-дегі бойжеткен Екатерина еді. Подмосковьеде бұлардың имениесімен көрші тұратын графиня Шаховскаяның қызына ынтықтығы екі отбасының жиі араласып тұратындығынан туындаған. Бұлаңдаған бойжеткеннің сымбаты мен сұлулығы, ерке қылығы жасөспірім Ваняның сезімін қытықтап, өзгеше бір күйге түсірді.

turgenev

Балаң шақтағы ессіз, көзсіз бұл махаббат олардың арасындағы жас айырмашылығына да, тәрбиесі мен ой-өрісіндегі ерекшелігіне де ерік бермеді. Ақылы мен тағатынан айырған алғашқы соқыр сезімнің соңы неге апарып соғарын кім біледі, егер кенеттен мынадай құпияның беті ашылмағанда... Бұл елітіп сүйген сұлу княжня Екатерина – әкесі Сергейдің көңілдесі екен. Ең сорақысы – Ваня ессіз ғашық болған ару Сергей Николаевич үшін көп көңілдестің бірі ғана еді. Ол о бастан-ақ әйеліне адалдықтан ада адам-тұғын. Ваняның анасы Варвара Петровна аса келбетті әйел емес еді және ол күйеуінен алты жас үлкен болатын. Бірақ әкесінің әйелді бағаламауына мұны себеп етуге болмайды.Ол жап-жас ашынасына да өте дөрекі мінез көрсететін. Мұнымен ол ұлына әйелге қандай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде сабақ үйреткісі келетін сыңайлы еді. Бірақ Ваня – Иван Тургенев мұндай сабақты ешқашан үйрене алмасы анық-тын. Ол әйелдің алдында тізерлеп тұрып сүюді серт санайтын.

Ащы өкінішпен аяқталған алғашқы махаббаттың мұңды елесі уақыт көшімен көмескіленіп кеткенімен бұл эпизод кейінірек – 1860 жылы жазушының «Алғашқы махаббат» повесіне өзек болған.

Бұл алғашқы кіршіксіз, аңғал сезім еді. Ал тұңғыш тән жақындығын Тургенев шаруа қыздың құшағында сезінген. Әйткенмен ол бойжеткеннің есімі ешбір естелігінде ескерілмейді. Ұлын бастапқы тән жақындығына баулуға тырысқан анасының күнделігінде де ол қыздың аты аталмайды. Тек жазушының өзі кейінірек мойындағанындай 15 жасқа толғанында анасы Варвара Петровна бақта серуендеп жүрген мұның соңынан Э.де Гонкуру есімді қызды жібереді. Ол оның қарамағындағы шаруа қызы еді. Содан былай бұл бойжеткен Ваняның тәніне «иелік» еткен «тәрбиешісіне» айналды. Айдаладағы кішкентай бір үйде құштарлықтың қызығын бірге кешетін олар жұлдыз жамыраған түнді еңсеріп қайтатын.

Арада жылдар жылжып, Иван Сергеевичтің сезіміне жалын жаққан тағы бір ару пайда болды. Ол да анасының шаруа қызы, түрі де, тұлғасы да келіскен керім Авдотья Ивановна еді. 1842 жылы сәуірде ол Тургеневке қыз туып берді. Оның есімін Пелагей деп қойды. Мүмкін базбіреулер Тургеневтің әйелге деген талғамына таңқалар. Ал ол үшін ғашықтарының шыққан тегі шаруа бола ма, аристократ бола ма, бәрібір еді. Өйткені, әйелдің бәрін кәдімгі әйел ретінде қабылдайтын. Дәл осы кезде ол өзінің «Параша» поэмасын жазды (кейіпкердің аты аристократтық емес екені көрініп тұр). Бұдан соң жазушы сол кездегі орыс әдебиеті үшін тосындау тақырыпты толғап, «Аңшының күнделігінде «орыс шаруа әйелдері образының галереясын жасады.

Балаң жігіт Ваняны ессіз күйімен тербеп есейткен сезім сиқыры оны шынайы ғашықтық ғаламатына жетелеп жеткізді. 1843 жылы Полина Виардоны жолықтырды да, бұл әйел оның өмірбойғы музасына айналып кетті. 22 жастағы әртіс әйелдің есімі сол кезде-ақ бүкіл Европаны еліктіретін. Оның дауысы мен орындаушылық шеберлігі тыңдаушысын еріксіз тұтқынға айналдыратын. 

Бірақ... Ия, бірақ Полина түрі өте сиықсыз, көріксіз адам еді. Иығы салбыраған, арқасы еңкіш, көзі тасырайған, бет-әлпеті еркекке тән ірі, кескінсіз, бойы аласа бұл әйелдің сыртқы кейпін немістің романтик жазушысы Генрих Гейне табиғаттың қандай да бір стихиялы, қорқынышты құбылысына балаған. Алайда Полина Виардо сахнаға шыққанда ғажайып күйге еніп, жайнап шыға келетін. Көздері жанып, жайшылықта тым үлкен көрінетін ауызы сиқырлы үн шығаруға арналғандай әсер қалдыратын. Бәрінен де публиканы оның құдіретті дауысы мен орындаушылық құпиясы еріксіз елітіп әкететін. 

Тургенев оны алғаш рет 1843 жылдың күзінде әнші Санкт-Петербургке гастрольдік сапармен келгенінде опера театрының сахнасынан көрді. Одан кейін аң аулауға шыққанында Полинаның күйеуі – Париждегі Италиялық театрдың директоры, белгілі сыншы әрі өнертанушы Луи Виардомен танысты. Ал 1843 жылдың 1 қарашасында Луи жазушыны Полинаға таныстырды. Әйткенмен әнші әйел өзіне табынушы толып жатқан жұрттың ішінен ол кезде әдебиетшілігімен емес, атақты аңшылығымен аты шыққан Тургеневке аса назар аудара қойған жоқ. Бұлардың гастрольдік сапары аяқталып, Францияға қайтқандарында Тургенев Виардоның отбасымен бірге ілесе кетті. Анасының қарсылығына да қараған жоқ, ақшасының жоқтығына да. Европаның беймәлімдігіне де қынжылмады. Содан 1845 жылы Ресейге қайтып оралғанымен Виардоның 1847 жылы гастрольдік сапармен Германияда болатынын біліп, тағы да көшпенді өмірін жалғастырды. Берлинге барды, одан, Лондон, Парижге, Франция бойынша турнеде жүріп, қайтадан Санкт-Петербургке оралды. «Ах, менің сізге деген сезімім шексіз де телегей. Мен сізден ұзақта өмір сүре алмаймын. Мен сіздің жанымда екеніңізді сезіне алуым, содан ләззат алуым керек. Сіздің жанарыңыздың ұшқынын көре алмаған күнім тастүнек күн». Ол осылай деп сүйгенінің көлеңкесіне ілесіп, Европаны кезіп жүруден жалықпады. 

Тургеневтің Полина Виардоға деген махаббаты ынтықтық сезім ғана болды дейтіндер көп. Әйткенмен оның хаттарындағы сезім күйі мен көңіл ырғағы өзгеше көрінетін. Сол жылдары ол Францияға жиі барып жүрді, олардың арасындағы хаттар да тым нәзік еді. «Сәлеметсің бе, менің сүйіктім, ең ардақты, ең қымбат бикешім... періштем менің... Жалғыз әрі жарығым...» деп келетін.

Францияға барғанында ол Виардолардың имениесіне тоқтайтын. Полинадан 21 жас үлкен күйеуі әйелінің ақылдылығына сенгендіктен бе, ешнәрседен күдіктенбейтін. Полина шын мәнінде ақылға кен әйел еді. Ал бұл кезде Тургеневтің атақ-даңқы Ресейде аспандап тұрған. Санкт-Петербургтің сахнасында өтетін өзінің «Провинциялкасының» премьерасы алдында ол қатты толқыды. Сол сәтте де Құдайдан бұрын өзінің жүрегінің патшасы Полинаға табынды. «Шымылдық түрілген кезде мен сыбырлап сіздің атыңызды атадым. Ол маған табыс әкелді. Менің бар күткенім осы еді» деп жазады ол кейінірек сүйіктісіне жазған хатында.

Ғашық жанның құрметіне Иван Сергеевич қызы Пелагейдің есімін Полинет деп өзгертеді. Қызының тағдыры оның шығармасына арқау болды. «Ася» повесіндегі Ася есімді қыз да Полинеті секілді дворянин мен шаруа әйелдің ортасынан туған. Бастапқыда, қызы туылғанда Тургенев оған аса қуанған жоқ. Бірақ кейіннен ол аса қамқор, қайырымды әкеге айналды. Шетелге кеткенінде қызын анасына қалдырып кететін. Бірақ шешесі бұл қызды ұлының перзенті деп емес, шаруа деп қарап, оған шектен тыс дөрекелік көрсететін. Анасының бұл қылығы жазушыны назаландырушы еді. Әйткенмен оны кімге айта алады? Әрине бар мұңын Полинаға төгетін. Құшағында балалары бар әртіс әйел жазушының жан азабын түсініп, оның қызын өз отбасының тәрбиесіне алуды ұйғарды. Сүйген адамына неғұрлым жақындай түсуге ынтық Тургенев бұл ұсынысты қуана қабыл алған. Виардо ол үшін сүйікті әйел ғана емес, тамаша отбасы мен аяулы ананың символы еді. «Сіз періштесіз...» деп жазады ол қызының Парижге келе жатқанын хабарлаған хатында.

1852-53 жылдары жазушы Спасскідегі имениесінде жергілдікті полицияның бақылауында болады. Оған сырт жаққа шығуға тиым салынады. Мұндай тиымға оның Гогольдің өліміне жазған қазанамасы себеп болған еді. Полиция бұл қазанама ресейлік империяның тыныштығына қауіп төндіреді деп түсінді. Алайда Полина Виардоның 1853 жылы Ресейге концертпен келетінін білген Тургенев «ақылынан адасты». Ол жазуын да, үй тұтқынында отырғанын да, полицияның бақылауында тұрғанын да, қуғындалуын да ұмытып, қалайда «періштесін» көруге асықты.

Жалған төлқұжат жасатып алған жазушы мещаниннің киімін киіп, Мәскеуге аттанады. Онда екі аптадай болады. Мұндай тәуекел тіпті қауіпті еді. Өйткені Тургеневтің есімі бұл кезде әдеби ортада ғана емес, ресейлік полицияға да аса танымал-тын. Бірақ осыншама тәуекелге бел буғандағы үміті ақталмады. Полина мүлде суып қалған сыңайлы. Арадағы бірнеше жылғы алшақтық оның сезімін сыпайы, ешқандай әсерсіз достық пейілге ауыстырып жібергендей. Тургенев бұған да шүкіршілік етіп, ғашығынан жауап болмаса да хат жазуын жалғастыра берді. 

Жеке өмірін тоқырау тұсағанымен әдебиет әлемінде оның абыройы асқақтап бара жатты. Жазушының шығармашылығына шабыт берген Полина Виардоны оның музасы деп айту жәй ғана нәрсе. Ол оның табынушысына айналды. Тағдырын тұсаған әйелдің жолына ол бәрін тәрк етті: туыстарын да, достарын да, отбасын да...

Жеке өміріндегі сергелдеңнен сергігісі келді ме, 1854 жылдың көктемінде ол өзімен тектес – Александр Тургеневке жиі барып жүріп, оның 18 жастағы қызы Ольгамен танысты. Сүйкімді, сымбатты бойжеткен жазушының көңілін селт еткізеді. Олар қыздың ата-анасының Петергофтағы саяжайында жиі жүздесіп жүрді. Қыз жазушыны сүйіп қалғандай... Уақыт өте келе Тургенев жанына жақын болып кеткен осы аруға үйленуді ойлайды. Алайда сол сәтте-ақ бойын әлдебір үркек сезім билеп алады. Екіұдай сезіммен арпалысқан шақта ол бәріне нүкте қоюға бекиді. Ольгаға жазған соңғы хатында Тургенев араларындағы жас алшақтығы оны сескендіретінін, сондықтан болашақтарын байланыстыруға тәуекел ете алмайтынын айтып, оған өзін айыпты санайды. Ольга күтпеген бұл айырыласуды өте ауыр қабылдады. Ал Тургенев үшін аяулы арудың бейнесі оның «Дым» романының кейіпкері Татьяна болып, әдебиетте мәңгі қалды.

Арада біршама уақыт өткенде Иван Сергеевич өмірінің тағы бір драмасына, ал шығармашылығының шедевріне айналған аруға кезікті. Ол Лев Толстойдың қарындасы – Мария еді. Жазушы жүрегі тағы да тұтқынға түсті. 1854 жылы Анненковқа жазған хатында «Ол сұлу, ақылды, қарапайым, мен одан көз айыра алмай қалдым. Қартайған шағымда (төрт күн бұрын 36-ға толдым) мен ғашық болып қала жаздадым. Сізден несін жасырайын, жүрегім жараланды» деп жазады.

Әйткенмен бұл сезім де таза, кіршіксіз күйде қалды. Тургенев ештеңеге тәуекел ете алмады. Бірақ «Фауст» әңгімесіндегі әдемі Верочканың образы Мария Толстаяның бейнесі еді. Осы әсерлерінің бәрінде ол өзін тылсым күшпен тұсаған Полинаны жүрегінен ығыстырып тастауға әрекеттенгендей ме еді!?. Жазушының бұл күйін нәзік болмысты Мария Толстая сезді. Тургенев өлген соң оның: «Егер ол өмірде бір рет сүйетін жан болмағанда, Полина Виардоны соншалық қатты сүймегенде біз екеуміз бақытты болар едік. Мен монахтық жолға кетпес едім. Біз Құдайдың құдіретімен айырылыстық» деп жазғаны бар. Сүйген адамына тағдыр қоспаған соң Мария Толстая көңілі қаламаған күйеуін тастап, монастырьға кетіп қалды.

Жазушының жүрегін жаулаған Полина Виардоға деген махаббаты 1856 жылы оны тағы да Францияға жетелейді. Олардың сағыныш пен толғанысқа толы бұл жүздесуінен кейін айы-күні жеткенде Полина ханым Поль есімді ұлды дүниеге әкелді. Дегенмен оның әкесінің кім екендігі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.. Өйткені сол кезеңде Виардоның суретін салған белгілі суретші Ари Шеффер әнші әйелдің көңілдесі болатын. Тургеневтің шығармашылығына ден қойған батыстың көптеген зерттеушілері оны орыс жазушысының баласы дейді. Полинаның ұрпақтары да осыған саяды. Мүмкін оған негіз де бар шығар.

Қалай дегенде де бұл жағдай екеуінің арасын жақындата түсетініне үміттенген жазушы өзін бақытты сезінген. Алайда жаңа туылған нәрестеге деген аналық сезіміне шомылған Полина өзіне табынушыларға көңіл аударуды ұмытты. Оның үстіне көп ұзамай ол үшін тағы бір өте маңызды проблема туындады: оның дауысы жоғала бастады, ол сахнаға сирек шығатын болды. Әртістік карьерасының шыңына жеткен әншінің жасы бұл кезде 40-қа келіп қалған. Ол енді әннен сабақ береді, үйінде атақты адамдарды қабылдайды. Ал оның қасынан өзінің өзгеше отбасы: төрт баласы мен ақылды күйеуі және өзіне мәңгі ғашық Тургенев табылатын. Бұл одақты олардың арасындағы 17 жылдан бергі байланыс жалғап тұратын. Тургенев бұл уақытта өзінің қаламымен Ресейді де, Европаны да таңқалдырған дәрежеге жеткен болатын. Ұлы жазушыны тұзағында ұстаған ұлы әртіс әйел оны сыртқа теуіп те тастамады, тым жақын жіберуге де құлшынбады.

Ал Тургенев одан ұзап кете алмады. Оның жолы Ресей-Германия-Франция-Ресей болып жалғасып жатты. Туған жерімен жазушыны перзенттік борыш байланыстырса, Франция сезіміне қанат, қаламына шабыт берген тылсым мекен болды. Ол өмір бойы осы екі сезімнің жетегімен өз үйін таба алмай, Виардоның шаңырағына келіп «тығылатын». 

1879 жылы ағасы қайтыс болып, Иван Сергеевич Ресейге қайтуға мәжбүр болды. Туған елі, әсіресе жас ұрпақ сүйікті жазушысын аса құрметпен қарсы алды. Театрда оның пьесалары қойылып жатты.Бұл қойылымдарға ол жас, талантты актриса Мария Савинаның жетелеуімен қатысып жүрді. Өзінің 62-ге қараған жасына қарамастан ол тағы да жастықтың, әйелдік әдеміліктің және үлкен таланттың тұтқынына түседі. Олардың арасын тұтас бір ұрпақтың дәуірі бөліп тұр, әйткенмен мұны екеуі де аңғарар емес. Нәзік те нұрлы сезім, өзінің махаббат жайлы жаңа туындысын оқыған Спаскідегі әдеби кештер, ынтызар көңілдің ынтықтығын жеткізген хаттар... Италияға бірге баруды арман еткен сырға толы сәттер – бәрі, бәрі екеуінің де көңілдерін көкке өрлеткен-ді. Тургенев Марияны Францияға шақырды. 1882 жылы ғашығын іздеп барған бойжеткен Виардоның үйіндегі, «бөтен ұядағы» жазушыны көріп, көкірегінде әлде аяушылық, әлде қызғаныш сезімі қылаң берді. Қыз ештеңеге түсіне алмай дал болды. Ол түгілі тіпті Тургеневтің өзі де өзін түсінбейтін, кейде өзін өзі керемет жек көретін, бірақ оған қарсы ештеңе істей алмайтын. Ол айналып келіп Полинадан жанына тыныштық табатын. Осынау ұлы адам өзінің ошағының отын жаға алмады, алайда тағдыр оған таңқаларлық, ештеңемен түсіндіре алмайтын ғажайып махаббат сыйлапты.

Қаламымен, талантымен тамам елді табындырған жазушы бүкіл ғұмырын бір әйелге табынумен өткерді. Ол неткен құдірет, қандай тылсым сезім!? Оны ешкім түсіндіріп бере алмас сірә!?.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.