Ақан серіні сергелдеңге салған сезім

Пятница, 08 Сентябрь 2017 08:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5725 раз

aqan

Ақан серінің азан шақырып қойған есімі – Ақжігіт. Әкесі Қорамса мен анасы Жаңыл бес қыздан кейін зарыға күткен ұлдарын еркелетіп Ақан атап кетіпті. Көкшенің табиғаты көркем, қарағай мен қайың тұтасқан ну орманды жерінде, Қоскөлдің жағасында 1843 жылы дүниеге келген Ақан ақжолтай ұл болып, артынан Мұхамбет, Рамазан, Айберген деген тағы үш інісі туылады. Жолы құтты баласын ата-анасы еркелетіп, еркін өсіреді. Ақанның жан – дүниесі өзі туған жердің көркем табиғатымен үйлесіп, ол сұлулыққа құштар болып ержетеді.

Сымбат-көркіне талғамы сай келген бозбала өнерді серік етіп, әсем киінуге, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт ұстауға құмар болады. Той-жиынның көркіне айналған келісті жігіт қасына өзі секілді өнерлі, балуан, сауықшыл нөкерлерін ертіп, серілік өмірдің салтанатын құрады. 

Әкесі Қорамсаның досы Қыпшақ байы Ақанға бәсіреге берген қарагердің тұқымы Қоңыр тайының Қоңыр ат болған кезінде Ақан да қызды ауылдың сыртынан өлеңдетіп өтетін көрікті жігіттік жасқа жеткен еді. Құйрық-жалы жібектей жалтылдаған, ауыздығымен алысқан Қоңыр атын ойнақшытып жүріп, ауыл-елді әнімен тербеп, талай сұлуды сұқтандырған сері жігіттің жүрегін жаулаған алғашқы махаббаты Бәтима еді. Ғашықтықтың ғаламатына бөлеген бұл ару Ноғай қарауыл ішіндегі Бадырақтың Бекбасының бұлаңдап өскен қызы болатын. Уыздай үлбіреген,нәркес жанары жәудіреген, көркіне ақылы сай, әнге ынтық ару сері жігіттің есін алады. Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, жүрек қылын әнмен тербеген ұлына Қорамса Бәтиманы атастырып, көктемге салым екі жақ құдалық салтына кіріскелі отырғанда... тәтті арманның алтын жібі аңдаусызда үзіледі. 

Сол жылғы қыс жұртты қынадай қырған ауыр індетімен келген еді. Көк майсалы мамырда сүйгенімен қосылғалы отырған Бәтима осы ауыр індет – сүзектен оңала алмай о дүниелік болады. Кешегі таң бозарғанша сырласқан бал-шырын кездесулер, қол алысып, құшақ қабыстыра тұрып мәңгілікке бірге болуға сөз байласқан серттесулер ойда-жоқта ауыр қайғыға ұласып, беймезгіл өлім Ақанды теңселтіп жіберген.

Әрине, уақыттан артық емші бар ма? Ақанның да дертті жүрегі сол уақыттың ағымымен қайтадан өз ырғағын табады. Арада екі жыл өткенде алғашқы махаббатымен аттас тағы бір Бәтима есімді сұлу сері жігітке жар болып жолығады.

«Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,
Баратын жерім шалғай, жерім қашық.
Үстінен Айыртаудың қарайын бір,
Көзіме көріне ме сүйген ғашық?» – деп атқа қайта қонған сері:.
«Басыңда кәмшат бөркің жарқыраған,
Иығыңда алтын шолпың жалтыраған.
Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,
Үніңнен айналайын қалтыраған» – деп Шомат қажының Бәтимасымен бас қосады. Бәтима Ақан серінің жаралы жүрегін емдеген асыл жар болса, Қоңыр аты бәйгенің алдын бермей, абырой-атағын асқақтатқан, шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік еді. Әттең бірақ қызғаныш атты қызыл иттің қиянаты Қоңыр аттың шабысын қапияда шорт кесті. Серілік салтымен Көкшенің керім жері Сырымбетте ел-жұртты әнімен тербеген Ақан ойда-жоқта жүйрігін жоқтап қаламын деп ойламаған еді. Жүсіп төренің ауылында кермеде байлаулы тұрған сұлу сәйгүлігінің жанары жаудырап, аузынан көбігі атқылап, екі аяғымен жер тіреп, ыңырана қиналып жан тапсырғанын көргенде Ақан дүние төңкеріліп түскендей есеңгіреп кеткен. Қоңыр атының жұмбақ өлімі оны жан азабына салды. Осындай шер мен мұңның шырмауында жүргенінде Бәтимасы босанып, Ақан 23 жасында перзент сүйді. Бәтима байсалды, байыпты, ақын жанын түсінген жарамды жар болды. Ол Үміт, Дәмелі атты екі қыздан кейін Ибраһим атты ұл туады. Оны бәрі еркелетіп Ыбан деп атап кетеді. Бірақ Ыбан тілсіз, мылқау болып туылған болатын.

Бұл кезде Қоңыр аттың орнын Ақанға нағашысы Елторы сыйға тартқан Құлагер басқан еді. Даланы дүбірге бөлеген небір бәйгелерде жұлдыздай ағып, алдына қара салмаған Құлагер талайдың көзінің құрты болды. Ал ән-жырымен де, дүлдүлімен де дүниені дүрілдетіп жүретін Ақанның басына көп ұзамай тағы бір қайғының бұлты үйірілді. Он жыл отасқан жары Бәтима дүниеден өтті. 

Тағдыр осылай оған түрлі сынағын тосып, жүрегін тілімдегенімен ақын жаны жақсылықтан үміт үзген емес. Сол үміттің сұлу сәулесіндей болып жаралы жүрегіне от жаққан ару – Ақтоқты еді.

«Ақтоқты, шашың жібек, жүзің айдай,
Адамзат сыпатыңа таңғалғандай.
Дерт болып жүрегіме сен жабыстың,
Тілекті жеткізейін қапы қалмай», – деп сезімінің селін өлеңмен ақтарған ақын үшін бұл ару да қол жетпес арман болып қалады. Себебі қыздың айттырылып қойған жері бар. Орта дәулетті, момын Бақтыбайдың айдай ару қызы Сүтемген байдың айы оңынан туған ұлы Жалмұқанға атастырылып қойылған. Әйткенмен той-томалақ, жиындарда әнімен жүрегін жаулаған серіге Ақтоқты да назды көңілін байқатса керек. Ақан сері өмірін зерттеуші жазушы, композитор Илья Жақановтың деректеріне сүйенсек, «ұзатқалы жатқан Ақтоқтыны Ақан сері Қарабедеуге мінгізіп алып қашады. Іле-шала қуғыншылар шығады. Шауып келе жатып Қарабедеу томарға сүрініп, омақаса құлайды.

Ұшып түскен Ақтоқты шырқырап:

– Ақан, сен де есіңді жи, мен де есімді жидым. Бір баянсыз іс болды, ұмытайық. Ата салтын аттағым келмейді. Ата-анамның тілегі кесілмесін, мен Жалмұқандықпын, – деп безек қағады.

Осы сәт қуғыншылар да жетіп, Ақтоқтыны атқа өңгеріп ала жөнеледі.

Тағдыр тәлкегіне түсе беретін Ақан серінің тағы да сағы сынады. Бақтыбай ауылы тездетіп Ақтоқтыны ұзатуға кіріседі.

Ақбоз үйдің ішінде көз-жасын төккен қыз:

– Болар іс болды, ел-жұртым, мен енді Жалмұқанның жарымын! Аужарымды ел еркесі Ақан сері айтсын, – деп отырып алады. Ақтоқтының тілегі қабыл болып, Аужарды Ақан сері айтады».

Ақан арманының ақ құсына айналған Ақтоқтыға жүрек қылын шерткен бес ән арнаған.

Махаббатта бағы жанбаған серінің серігіне арналған сәйгүліктерінің де опасыздықтың құрбаны болғаны ақын жанын аяусыз жаралады. Үш жүзге сауын айтып, Ерейменнің етегі Қусак көлдің жағасын дүрілдетіп әкесі Сағынайға ас берген Паң Нұрмағамбеттің аты аңызға айналған жиынына Ақан да Құлагерін баптап келген еді. Бірақ бұл ен даланы дүбірлеткен бәйгеде соңында шуда-шуда шаң қалдырған Құлагердің соңғы шабысы екенін сері көңіл қайдан сезсін! Күндік жерден айналған үш жүз жетпіс аттың алдын орап, жеке-дара желдей ескен Құлагер шекесіне шірене сілтенген шоқпардың соққысынан омақаса құлаған. Бұл – қаскөй Барақбайдың Құлагердей тұлпарға ғана емес, Ақандай сұңқарға да қапияда сұққан қанды қанжары іспетті еді. Құлагерінің басын құшақтап, үш күн еңіреген Ақан:

«Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,Суырылып топтан озған жүйрігім-ай! Жеріне Ерейменнің айдап келген, Тәңірдің неғылайын бұйрығын-ай» – деп жер бауырлап жатып алады. Ақанның «Құлагер» әні жүрегін тілімдеген қасіреттен осылай туған еді. Асқа жиналған есепсіз халық ақынмен бірге егілген.

Мінгені – тұяғы асыл тұлпар, ерткені – құмай тазы, ұшырғаны – қыран бүркіт, сүйгені – сұлу, салтанаты– серілік, көмейі – тұнған ән-жыр десек те Ақанның тағдыры трагедияға толы. Төбесін торлаған қара бұлттан енді серпіліп, еңсесін тіктей бергенде тағдырдың тағы бір соққысы сансыратып, кесе көлденеңдей беретінін қайтерсің! 

Құлагерінің құсасынан жаны аяусыз жаншылған ақын бұл қасіретті де қара нардай көтеріп, толқынға қарсы тағы жүзеді. Өмірдің арнасы, көңілдің дариясы оны шулы өмірдің ортасына қайта оралтты. Көкбестісімен Сырымбет пен Қоскөлдің ортасында желдіртіп жүріп, оның жүрек пернесін шерткен «Үш тоты» әні дүниеге келген еді. ««Мен бүгін ұйықтап жатып көрдім бір түс, Көргенім – бақ иранда үш тоты құс…» деп келетін әнінің тууына түрткі болған үш ару– Тінәлі қажының Ұрқиясы, Үрім Майқоққызы, Шыңғыс төре әулетінің бір гүлі, Жүсіп төренің Жамалы еді.

Осы үш тотының бірі Ұрқияға көңілі құлаған Ақанның жолын кесе көлденеңдеген кедергі де жоқ емес еді. Екі ғашықтың сезімі жарасқанмен Ұрқияның атастырылып қойған жері бар. Бірақ қыз жүрегінің қалауы– Ақан сері. Сондықтан серттескен ғашығын Ақан Көкбестісіне мінгестіріп, алып қашады. Бірақ соңына түскен қуғыншылар оларды ұстап алады. Ақанға қамшысын үйірген қуғыншылардың екпінін іздерінен жеткен Тулақ батыр басып, тойтарып тастайды. «Ақан! Ақан!» деп шырқыраған Ұрқияның дауысын естіген ол «Ақандай жігіттің піріне, Ұрқиядай тотыға қалай қолдарың батпақ?» деп араға түскенде батырға ешқайсысы бата алмай, кері шегінеді. Тінәлі қажы да қызына қиянат жасаудан тартынып, Ұрқияны Ақанға қолынан ұзатады. Ақанның шырағы қайта жанып, жанының жайлауы қайта жайнап шыға келген. Әттең-ай, бірақ бұл шаттықтың ғұмыры тым қысқа боларын біліп пе? Шешектің шеңгеліне іліккен Ұрқия серімен үш ай ғана отасып, бұл жалғанның есігін ерте жабады. Қайғыдан есеңгіреп, ес жия алмай жүрген ақынды Ұрқияның жетісін беріп жатқан күні тағы бір дауыл теңселтіп жығады. Сол күні інісі Айберген аттан құлап, мерт болады. Ол аздай көп ұзамай бір түнде қанат-құйрығынан жұрдай болған Қараторғайы өледі. Мына сұмдыққа аһ ұрған ел артынша серінің құмай тазысы у жалап өлгенде жағаларын ұстап, «Астапыралла!» дескен.

Ақынның нәзік жүрегін тілім-тілім еткен осынша қасірет оны мүлде қалжыратып, сүлесоқ күйге түсіреді. Көкбестісін теңселтіп, ен далаға, тау-тасқа мұңын шағып, өткен күндердің тәтті елесімен сырласқандай шалықтаған күйге түседі. 

Келер жылы әкесі Қорамса мен анасы Жаңыл да өтеді дүниеден. Жанына серік, көңіліне көрік болған ұлы ұстазы, қиналғанда қасынан табылатын қамқоршысы Біржан сал да кетеді келмес жаққа. Тағдырдың ес жиғызбас соққылары серіні мүлде сенделтіп жібереді. Ол енді мына бейдауа өмірден түңілгендей ел ішінен безіп, құла түзді кезіп кетеді. Тау таспен сырласады. Сағымдай алыстан бұлдырай елестеген қос Бәтиманың бекзат болмысын, Ақтоқтының ақыл-ажарын, Ұрқияның тәтті қылығын аңсаумен шексіз ойдың шыңырауына батып, қиялымен қиян кезіп жүріп бір күні өзінің сүйікті Сырымбетінің етегінде, сылдыраған мөлдір бұлақтың басында отырғанда... Бұйра талдардың арасынан жарқ етіп Жамал шыға келгені-ай! Өзі әнге қосқан кешегі үш тотының бірі... Кездейсоқ кездесу іштегі сөніп бара жатқан жалынды қайта үрлегендей болып, сері көңіл сірнеленген күйінен арыла бастағанын сезеді. Жамал Ақанның жүдеп-жадаған көңіліне, қайғыдан қара түнекке айналған жанына сәуле құйып, тұңғиықтан жарыққа алып шыққандай болды. Бал бұлақтың басында бірнеше күн кездесіп бірге өткізген бал-шырын сәттердің немен тынарын екеуі де бағамдап жатпады. 

«Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң,
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам.
Жайнатқан өмірімді қалқа бала,
Басы – «жұм», ортасы – «мим», аяғы – «ләм» – деп жұмбақтап әнге қосқан аруы осы Жамал болатын. Екеуінің арасын 39 жас алшақтатып тұрса да бір біріне ынтыққан жүректерге бұл айырмашылық шекара бола алмайды. Әйткенмен оларға тосқауыл қоятын басқа күш бар еді. Екі ғашықтың байланысын білген Жамалдың әкесі Жүсіп төре жынданып кете жаздайды. Ол шұғыл шешімге келіп, қызын атастырған жеріне апыл-ғұпыл ұзатып жібереді.
Махаббаттың тағы бір азабын тартып Ақан сері қалады арманда.

Ақанның өмірінде өзгеше өрнек қалдырған сұлудың бірі– Балқадиша. (шын аты Төкен екен). Балқадиша балғын шағынан Ақанның көз алдында өскен. Ақан Ыбырайдың үйінде талай болған, бұл шаңырақты талай әнімен тербеп, шаттыққа бөлеген. Балдай тәтті боп бойжеткен Балқадишаға Ақанның ессіз еліткені рас. Бірақ қыз оны ағасындай жақсы көріп, өнеріне тәнті болған.

Жүрегінің дертін ән-жырмен емдеген Ақан сері думанды күндердің бірінде Ыбырайдың он екі қанат үйін домбыраның күмбірімен тербеп отырғанда ақын ағасының қасына Балқадиша келіп жайғасады. Көңілі көкке өрлеген сері әннің бұлағын ағызады. Балқадиша да дауысы сыңғырлаған күміс көмей әнші еді. Екеуі әнді кезегімен іліп әкетіп, жұртшылықтың айызын қандырумен түн орталанған шақта қыздың екі жеңгесі келіп, Балқадишаны алып кетуге ұлықсат сұрайды.

«Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен, тал Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың Хан, Қадиша.
Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, тал Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат, бізден сізге, амал не, бар, Қадиша»,– дейтін кезі міне, осы шақ.

Балқадишаның атастырылған жері бар. Бұрыннан аралас-құралас Масабай Ыбыраймен құда болып, Балқадиша сүйгені Сүлейменге ұзатылады. Жыланды жақта ел аралап жүрген Ақан бұл хабарды естігенде ет-жүрегі езіле, жанарын тұман торлайды. «Балқадиша» әнінің жалғасы болып:

Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боларсың қандай жанға жар, Қадиша.
Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін Кербестінің сылағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты жылағаным», – деп жүрегінен толықсып жыр төгіледі тағы да.

Балқадиша Сүлейменмен жарастықта ғұмыр кешіп, бірнеше перзент сүйген. Сүлеймен парасатты адам болған екен. Жұрт «Балқадишаны» айтқанда, екеуі де ұйып тыңдайтын көрінеді. Ал Балқадиша Ақан жайлы сұрағандарға: «Ақан серідей адамның сұлтанын кім сүймейді» деп жұмсақ қана жымиған екен, жарықтық.

Ғашықтықтықтың балын да, шерін де татқан, тағдырдың азабын да, серілік өмірдің ғазалын да қатар көрген, қазақ өнерінің көгінде Шолпан жұлдыздай жарқыл қаққан, талай арудың жүрегінде ерке өзендей балқып аққан, баянсыз махаббаттың отына күйіп, әйтсе де халқы қастерлеп, ел-жұрты сүйіп өткен аяулы Ақанның сергелдеңге түскен серілік өмірінің аянышты ақиқаты міне, осындай.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.