ЖАСЫҚ ЖҮРЕКТЕРГЕ РУХ БЕРЕТІН «ҚАРТҚОЖА» Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 769 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Қартқожа» деректі драмасының премьерасы өтті. Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының репертуары қазақтың ұлы тұлғаларының, қоғам қайраткерлерінің шығармаларымен толықтырылып келеді.

KartKoha

 

Биыл қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың бірі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы қарсаңында «Қартқожа» деректі драмасы сахналанды. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ-қарасын парықтауға арналған. «Қартқожа» романы — Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылып шыққан туындысы. Бас кейіпкердің прототипі — Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев.
«Қартқожа» — қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеген қазақ әдебиетінің алғашқы шығармасы. Шығармадағы басты кейіпкер Қартқожа өте жуас, момын, әлсіз кедей бала. Ата-анасы да өте жуас жандар. Роман кейіпкердің бастан кешкен оқиғалары бойынша өрбиді. Қартқожа кішкене кезінен бай балаларының әлімжеттігін, өз әкесі Жұманға байлардың жасап отырған әділетсіздіктерін көріп өседі. Мұндай зорлыққа шыдамаған Қартқожа секілді кедейлер көтеріліс жасайды, кейін соғысқа кетеді. Соғыстағы әскери өмір Қартқожаны тағы да қиындықтарымен шыңдай түседі. Соғыста жүріп оқу-білім жетістікке жеткізерін түсінеді. Мұны көкейіне түйген ол оқу жолына түседі.
Спектакль балалар мен жасөспірімдерге рухани тәрбие беріп, отансүйгіштікке тәрбиелейді деп ойлаймыз. Балалар Қартқожа секілді елі үшін күйетін, еңбекті сүйетін, ер жүрек, көпшілікті жақсылыққа бастауға ұмтылса, қойылымның мақсатына жеткені.
Қойылымды талантымен танылып үлгерген, театр әртісі Жарас Исмаил сахналаған. Бұл — жас режиссердің екінші спектаклі. Қойылымдағы сахна байланыстары мен көрерменге ұтымды жеткізіліп, оқиғаны аша түскен. Қартқожа момын бала еді. Момынға күн жоқ. Әрі ол жоқ-жітік жерден шықса. Өмір оны қайраткер етіп шыңдады. Қартқожа секілді момындар, күштіден әлімжеттік көріп жүрген балалар бүгін де арамызда толып жүр. Күштінің зәбіріне шыдамай, өзіне қол жұмсап жатқандары қаншама... Ал, «Қартқожа» драмасы осындай күйде жүрген жасөспірімдерге рух береді деп ойлаймыз. Сондықтан балалар «Қартқожаны» міндетті түрде көруі керек.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.