«КӨРЕРМЕН ҚОЙЫЛЫМҒА ЕМЕС, АКТЕРГЕ КЕЛУІ КЕРЕК» Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 779 раз

Өнерді сүйген адам ғана актерлікті мамандық ретінде таңдап, жүрегімен байлай алады. Себебі театр сахнасы – киелі. Сахнаның ішкі әлемі актерді өз киесімен тартып, өнер иесін өзіне баурап алады. Актерлік шеберлікке қызығушылығы мол жастар саны да жылдан-жылға артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Біз театр мен біршама фильмдерде сомдаған образдары арқылы руханият қоржынын байытқан өнер иесі Бақытжан Дәулетжановпен әңгімелескен едік.

TearSux

 

– Бақытжан Бекжанұлы, өнер адамы болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

– Әрине. Армандамасам, бұл жолға келер ме едім?! Мектеп қабырғасында әртүрлі үйірмелерге қатыстық. Ол уақытта оқушылар мейрам сайын арнайы дайындалып, мерекелік кештер өткізетін. Сондай жиындарда жүргізуші болатынмын. Өзіме кітап оқыған ұнайтын. Ылғи поэмаларды, Абайдың қара сөздерін жаттап жүретінмін. Өнерге деген құмарлығым болса-дағы мен актер болам деп ойламадым. Актер болу, телеарнаға шығу, киноға түсу деген қол жетпейтін армандай көрінетін еді.
2004 жылы мектепті бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәдени тынығу жұмысы факультетінде актер шеберлігі мамандығында оқыдым. 2007 жылы біз төртінші курсқа өткенде Ж.Шанин атындағы театр облыстық театр болатын. Сол уақытта Қазақстанның халық әртісі
Ерғали Зиябекұлы ағайымыз театрға жарты штатпен жұмысқа қабылдады. Содан бастап 17 жылдан бері театрда қызмет етіп келемін.

– Он жеті жыл аз уақыт емес. Осы уақытта қандай рөлдерді ойнадыңыз және ең алғашқы сомдаған рөліңіз бен қазіргі рөлдеріңізде қандай айырмашылық бар?
– Ең алғаш театрға келгенімде Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» пьесасында мен Абдулланың рөлін сомдадым. М.Дулати спектаклінде Әбдірашиттің рөлін, «Мұңлық-Зарлықта» Зарлықтың рөлін ойнадым. Алғашқы рөлдерімде, әрине, тәжірибе болмағандықтан өзім көңілім толмаған жерлері де болған. Қазіргі рөлдерімде де өзімді керемет ойнап жүрмін деп айта алмасам керек. Себебі, шығармашылық адамы болғаннан кейін үнемі ізденіс үстіндеміз. Жалпы рөлге қарағанда спектакльдерде автор, жүргізуші болған ұнайды. Табиғатым текст оқығанға, сюжет дыбыстауға бейім. 17 жыл бойы көбінесе осы бағыттамын. Театрда қандай іс-шара болса да соны жүргіземін.

– Жүргізушілікке жақынмын деп қалдыңыз. Демек той жүргізетін асабалық өнеріңіз де бар шығар?
– Иә, тойға шығамыз. Қазіргі қымбатшылықта бір театрдың айлығымен отбасын асырау мүмкін емес. Оның үстіне мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру енді-енді қолға алынып жатыр. Соның өзінде өзге мамандықтармен салыстырғанда бізде жалақы аз. Актер мамандығын жаны сүйіп, жүрегімен қалаған адам ғана істей алады. Сондықтан да жұмыстан тыс уақытта тойға шығамыз. Оның үстіне, жаңа айтып өткенімдей, өзім жүргізушілік салаға бейіммін.

TearSux-11

– Театрда еңбек етіп жүрсіз, бір «әттеген-ай» дейтін тұстары бар ма, театр әлемінің дамуы қалай қазіргі таңда?
– Қазіргі кезде театр жылайтындай деңгейде емес. Ол қазіргі көрерменнің сұранысын қамтамасыз етіп жатыр деп ойлаймын. Әрине, жаңа тұлғалар, есімдер керек. Бізге өз батырларымызды дәріптейтін кейіпкерлер керек. Қазір көрермендер бұрынғыдай емес, қойылымдарға қызығып келеді. Ресейде, басқа елдерде біраз уақыттан бері көрермен қойылымға емес, актерге келеді. Қойылым деген жалпы ұғым. Онда кім ойнап жатыр, кім ойнамай жатыр, көрерменге қызық болуы керек. Театр көрерменмен бағаланады. Бірақ көрермен қойылымға емес, актерге келуі керек деп ойлаймын. Алайда, бізде қандай актер ойнайды деп қызықпайды. Қандай қойылым болады деп сұрайды.

– Көрермен актерге келу керек деп өзіңіз айтқандай, ол танымал болуы керек шығар. Қазіргі таңда театр әртістерінің көбісі киноларға түсіп, әлеуметтік желіде белсенді болып, танымалдылығын арттырып жүр. Өзіңіз қандай киноларға түстіңіз? Әлеуметтік желіде белсендісіз бе?
– Мен танымал киноларға түстім деп айта алмаймын. Бірақ осы қалада түсірілген бір-екі киноға түскенім бар. Ең бірінші түскен кином — «Сақ» киностудиясы түсірген «Томпақ» фильмі. Онда бір баланың ағасы болып кішігірім рөл сомдадым. Одан кейін «Түркістан — киелі бесік» деген киноға түстім. «Күйеуіме тоқал іздеймін» деген кинода асаба болып эпизодтық рөлде ойнадым. Жалпы, ұсыныстар болып жатса қарап, өзімнің табиғатыма сай келетін рөлдерді алып шығуға дайынмын. Ал, әлеуметтік желіге қызығушылығым жоқ. Анда-санда жақсы видеолар болса салып қоятыным бар. Күнделікті өмірімді, жұмысымды көрсете бермеймін.

– Ер азаматтар кейде мәселенің байыбына барып, түбін қазбайды. Сондықтан жақсы әйел еркектің мойны деп жатады. Ол ақылдылығымен ер азаматына бағыт-бағдар беріп, қолдап отырғанда ғана жұмысы алға жылжып, тасы өрге домалайды деген түсінік бар. Жалпы, отбасыңыз, жан-жарыңыз туралы айтсаңыз?
– Еркек мықты болғанымен осал, әйел нәзік жаратылғанымен мықты келеді. Тарихымызда да түрлі қақтығыстарда алдыңғы шепте тұрып, мықтылығымен жеңістің жалауын желбіреткен нәзік жандыларымыз баршылық. Олар қанша нәзік болса да, сол нәзіктігіне сай қайраттылыққа ие. Өйткені әйел – батырды да, алыпты да өмірге әкелетін ана ғой. Жан-жарым да осы өнер саласында. Осы театрда әріптеспіз. Төрт перзентіміз бар. Балаларымда әлі өнерге қызығушылық байқалмайды. Егер осы саланы таңдап жатса, таңдауын құрметтейміз, қолдаймыз. Әйел мойын деген сұрағыңызға байланысты айта өтсем, мен үшін әйел, ол – әйел, отбасымның ұйытқысы. Әйел – менің жоғымды толтырып, барыма тәубе деп отыратын адам. Отбасыда ерлі-зайыптымыз, жан жарым, балаларымның анасы. Ал, жұмыста әріптеспіз. Жалпы, әр әйел күйеуін мақтан тұтуы керек деп ойлаймын. Сонысымен-ақ ер азаматқа шабыт сыйлап, жетістікке жетуіне себеп бола алады.

– Театрға жастардың келуі қиын деп жатады. Мүмкін заман талабына сай жаңаша бағыт керек шығар?
– Көрерменнің жетегінде кетуге болмайды деп ойлаймын. Театр – тәрбие құралы. Ол жерге көрермен қонақ болып келеді. Қонағыңыз келіп алып, маған мына асың ұнамайды, басқасын бер демейді ғой. Сол сияқты көрерменнің жетегінде кету дұрыс емес. Театр – көрерменді тәрбиелеу керек. Көрерменге не керек деп сұрасаң, қазір оған, әрине, күлкі керек. Арзан күлкі өнер ме? Өз басым көрерменді ұстап тұру үшін арзанқол дүниені сахнаға шығару дұрыс деп ойламаймын. Театрдың негізгі мақсаты – көрерменді ұстап тұру емес, оны өзінің артынан жетектеу, бірге ілестіру. Жастарды көп тарту үшін бар болғаны көп насихат керек. Актерлерді көп насихаттау керек. Бізде қазір «жұлдыз» деп инстаграмда танымал, жеңіл-желпі әндетіп жүргендерді қолпаштайды да, нағыз жоғары деңгейдегі опера әншілерін, балет, театр актерлерін жұлдыз демейді. Ал негізінде ұзаққа баратын өнер — театр өнері деп білемін. Театр – ол тарих. Мұнда жаны, жүрегі өнер дейтін адам ғана жұмыс істей алады деп білемін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлнұр СҮЛЕИМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.