Апайлар&ағайлар: теңесу формуласы шешіле ме? Избранное

Пятница, 13 Январь 2017 06:51 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4314 раз

Бұрындары ақсақалдар «Молда бол» деп бата беретін. Ондағы ойы – «Мұғалім бол, оқы, таны, жетіл» дегені болса керек. Кеңестік кезеңде мұғалім мамандығының мәртебесі жоғары еді. «Кімсің – мұғаліммін» дейтін қағида берік орнаған заман артта қалды. Ащы ақиқат осындай. Ұстаздық – қыздардың ғана мамандығындай көрінеді қазірде. Мектептердегі ер мұғалімдерді саусақпен санаймыз. Бүгінде, тіпті, денешынықтыру мен еңбек пәндерін де нәзікжандылар жүргізіп жүр. Сөзімізді нақтылай түсу үшін қалалық Білім бөлімі берген статистикаға жүгінсек.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 129 мектеп бар. Қала бойынша 15 мыңнан астам мұғалім қызмет атқарады. Техникалық мамандарды қоса есептегенде 24 мыңнан астам маман жұмыс істеуде. Мұғалімдердің 50 пайызы – жоғары санатты мұғалімдер. 15 мыңның 3 мыңнан астамы ғана – ер мұғалімдер, яғни 18 пайызын ғана құрайды. Қалған 82 пайызы – әйелдер. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ер мұғалімдердің үлес салмағы 60 пайыз болған.

bilim 4 2

Ұстаз беделі – мемлекет кемелі

aula 5– Мұндай үлкен өзгеріске келуіміздің себебі, ұстаз мәртебесінің төмендеп кетуі. Ер азаматтарға қол емес жұмыс сияқты көрінеді. Мен қаланың білім бөлімін басқаратын адам ретінде мектепте білімді ер адам сабақ бергенін қалаған болар едім. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 167 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатса, соның 30 мыңға жуығы – жартылай отбасынан шыққан балалар. Оның ішінде, 80 пайызының әкесі жоқ. Үйінде анасының, мектепке келгенде тағы да әйел мұғалімнің тәрбиесін көргеннен кейін, ұрпақ жұмсарып, нәзіктеніп барады, – деді мәселенің ашығын айтқан Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. 

Ұстаз беделінің түсіп кетуінің бірінші себебі, мұғалімдердің білім сапасында болып тұр. Сапаны арттыру үшін педагогикалық мамандыққа түсу байқауына талапты күшейтіп, ең үздік оқушыларға ғана грант бөлу керек. Оқушылардың ҰБТ-да тапсыратын тестін мұғалімдердің кез келгені тапсырып бере алмайды. Қазір кейбір жоғары сынып оқушылары мұғалімінен де көп біледі. Интернеттен бәрін бүге-шігесіне дейін оқып алады да, ұстазын жаңылтып, тосырқатады. Осыдан барып тағы да ұстаздың абыройы төмендейді. Сондықтан, бүгінгі заманда ұстаз болу – өте жауапты әрі ауыр жұмыс деп айтар едік. 

Ұстаз өз білімін айлап, жылдап емес, сағат сайын жетілдіріп отыруға тиіс. Әйтпесе, толассыз ақпарат заманында, ұстаз деңгейі оқушыдан да «төмендеп» қалуы мүмкін. Өйткені, қазіргінің оқушысында көп мәліметті өздігінен біле алу мүмкіндігі орасан. Білім-білігі жоғары, жан-жақты, психолог ұстаздардың тапшылығы байқалады.Қаламызда еңбегі айрықша ұстаздарымыз да жоқ емес. Мәселен, №7 мектептің физика пәнінің мұғалімі Дүйсен Жүнісбековті оқушылар іздеп, жан-жағын қаумалап, сұрақтың астына алып, сол кісіден титтей де нәрсе үйренуге құштар. Себебі, ол зейнет жасынан асса да, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз, тәжірибелі педагог. 

Бүгінгі күні көп ер азаматтардың таңдайтыны – құқық, экономика, қаржы саласы. Осы бағытта бізге саяси тұрғыда көп жұмыс істеу керек сияқты. Қандай жағдайда ұстаздық қызметке ер азаматтар келген болар еді?! Мысалы үшін, бір мұғалімнің айлығымен бүтін бір отбасыны асырап, толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол үшін мұғалімдік қызметтің айлық жалақысы жоғары болуы керек. 

Тағы бір айтатын нәрсе, қоғам тарапынан ұстазды сыйлау, құрметтеу жоқ. 

bilim 4 4

Бұрын ұстаз деген – ең қадірлі мамандық болса, қазір оған түсу де оңай, оқу ақысы да арзан болғандықтан, талап та азайды. Оқу үлгерімі ең нашар оқушымыз бес жылдан кейін дипломын құшақтап келіп тұрғанда, төбе шашың тік тұрады. Басқа мамандықтар өз алдына, бірақ, басқа-басқа дәрігер мен мұғалімді оқытуда ЖОО-да талапты күшейту керек деп ойлаймын. Мемлекеттік деңгейде билік араласпаса, бұл мәселе жақын арада шешімін табатынына да сенім аз. 

Былай қарағанда, қыздардың мамандығы сияқты көрінеді. Бірақ, жартылай отбасының, ата-ана қамқорынсыз қалған, жетім балалалары көбейген заманда ер мұғалімдердің ауадай қажеттігі сезіледі. Оқушылардың психологиясына да, оқу үлгеріміне де оң әсер етер еді. 

«Биылдың өзінде оқушылар арасындағы ұрлық-қарлық фактілері 40 пайызға өсіп отыр. Ер азаматтар көбейсе, оқушылар арасындағы қылмыстың да алдын алған болар едік. Айта кететін нәрсе, қаламыздағы дене шынықтыру, технология пәндерінің мұғалімдері, яғни, ер азаматтармен кешкі рейд жүргізіп жатырмыз. Әйел азаматтарға кешкі қосалқы тапсырма да бере алмайсың. Өйткені, әйел – үйдің адамы, күнімен мектепте жүргенімен, кешке отбасы, ошақ қасында отыруға тиіс. Сондықтан, ер азаматтармен кешке қарай көше-көшені аралап, беймезгіл жүрген бейтәртіп балаларды ұстап, шара қолдандық. Сол жұмыстың нәтижесі болар, соңғы екі айда кешке бала таппаймыз. Ер мұғалімдердің тағы бір пайдасы осы жерде тигенін атап айту қажет, – деді қалалық Білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы.

bilim 4 5

Еңбекақы ескерілсе...

Қазірде ең алдыңғы қатарлы, жоғарғы санатты мұғалімдердің айлық жалақысы – 170 мың теңге. Бірақ, бұл бір жылда қол жеткізе салатын жағдай емес. Алғашқы жылдары мұғалімдер 60-70 мыңның төңірегінде жалақы алады. Әр бес жылда категориясын көтеріп отырады. ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер еңбегін төлеу жүйесін өзгертуді жалғастырады. Бұл туралы Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев : «Орта білім саласында біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі – ол 2016 жылдан мұғалімдер жалақысын арттыруға қатысты. Бұл ең маңызды мәселе. Бұдан әрі қарай да ұстаздар үшін еңбекті төлеу жүйесін өзгерту мәселесі бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Біз педагогтың жұмысы оңай емес екенін түсінеміз, алайда мұғалімнің сабақ беру сапасы да сәйкесінше өсуі керек. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», – деген болатын. 

h-3Қалалық Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Айнаш Туғанбаева да «Мектептерде ер мұғалімдер көбейсе, оқушылар арасындағы қылмыс пен түрлі келеңсіздіктің алдын алар едік» деген пікірде. – Біздің өңірімізде еңбегімен ерекше көзге түсіп жүрген ер мұғалім деп ақын, педагог, аудармашы Абай Қалшабекті айтар едім. Ол ұстаздық еткен қай мектептің, қай сыныбында да оқушылар тәртіпке бағынып, ар-ұят, имандылық ұғымдарын түйсініп есейеді. Небір «қиын балаларды» Абай білім-білігінің арқасында тығырықтан аман алып шығуда. Оның бұл елеулі еңбегі өзгелерге үлгі», -дейді Айнаш Туғанбаева. Иә, осындай облысымызға еңбегі сіңген, айтулы ұстаздарымызды қанша мақтанышпен айтып, насихаттасақ та артықтық етпейтін шығар. Біз сол үлгілі ұстаз Абай Қалшабектің өзінің де пікірін білгіміз келіп, хабарласқан едік. 

bilim 4 3– Соңғы жылдары мектептерде ер мұғалімдердің үлес салмағы аздап болса да, артты. Қазір 15 мың мұғалімнің 3 мыңы – ер мұғалімдер болса, үш-төрт жыл бұрын одан да аз болатын. Аз болуының басты екі себебін атап өтер едім: оның біріншісі – мектеп басшылығында өңкей әйел адамдардың отыруы, екіншісі – мұғалім жалақысының аздығы. Жасыратыны жоқ, қазір мектеп директорларының да басым көпшілігі – әйел азаматтар. Әйелді әйел ғана түсінетініндей, мектептегі ұсақ-түйек, қағазбастылыққа анау-мынау ер адам шыдас бермейді. Мен осыған дейін өзім қызмет ететін мектептердің басшылығына «мені бір-ақ нәрседен, қағазбастылықтан құтқарсаңыз болды» деп өтініш айтып келдім. Өтінішімді ешқайсысы да елеусіз қалдырмады. Екінші себебі – жалақының төмендігі деп отырмыз ғой. Иә, бір отбасыны бір мектептен алатын айлықпен асырау мүмкін емес. Мәселен, өзім қосымша жұмыстармен, оқушылар мен мұғалімдерге шеберлік сыныптарын өткізумен, зерттеу жұмыстарымен, ғылыми жобалармен айналысамын», – деді Абай Қалшабек.

Тобықтай түйін

Ұлымыз ұлтжанды, намысшыл, қызымыз – ибалы, қылықты болсын десек, мектепке ер мұғалімдерді көптеп тартуымыз қажет. Ол үшін, бірінші, ұстаз беделін көтеру керек. Ол қайтсе көтерілмек? Әрине, мұғалімдердің білім сапасын арттырумен. ЖОО-да педагогика факультеттерінде білім алғысы келетіндерге талап пен тәртіпті күшейту керек. Кім көрінген түсе салатын факультеттен, жан-жақты, білімді, ізденімпаз оқушылар түсетін факультетке айналса... Мұғалімді жұмысқа қабылдар кезде де, қатаң талап-қағида орын алса... Мектептер қағазбастылықтан арылса... Одан кейін ұстаздың жалақысы «ұялмайтындай» мөлшерде көбейсе... Әлбетте, мұның бәрін шешетін, тек Үкімет. Бұл мәселелер мемлекеттік деңгейде қаралмаса, қазіргідей нарық заманында ер азаматтардың білім саласына бет бұруы қиындау...

 

Сіз не дейсіз?

bilim 4 1Санжар КЕРІМБАЙ,
зерттеуші, «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр Шәріп» кітаптарының авторы:

–  Мектептерде, ЖОО-да ер мұғалімдердің азайып кету себебі, көп қазақ ұлына қарағанда қызын оқытқанды жөн көріп тұрады. «Ұл қара жұмыс істесе де, өлмейді, күнін көреді» дегендей, ұлдарын оқуға тежеумен болады. Бұл біздің қоғамның шет-шегі жоқ шеңбері. Негізі ата-ана ұлын бірінші оқытуы керек. Меніңше,  бұл мәселені Үкімет қана заңмен реттей алады. Басқалай жолын білмедім. Табиғи жолмен теңесу мүмкін еместей көрінеді. Мектепте ер адамның саны кемі 40 пайыз болуын міндеттеу керек шығар. Сосын педогогикалық оқу орындарына түсетін ер балаға жеңілдік берсе де болады.Мысалы, жетімдерге, әлеуметтік төмен отбасының балаларына берген жеңілдік сияқты.

Последнее изменение Пятница, 13 Январь 2017 07:32
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.