Қазақ әйелі теңдіктен бұрын, мейірімге мұқтаж

Пятница, 16 Апрель 2021 07:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1811 раз

kazak-aiel

Бүгінгі қоғамда әйел тақырыбы қай кездегіден де өзекті болып тұр. Бұл төңіректе қаншалықты күрделі өзгерістер орын алып жатқанын, қаншалықты өткір проблемалардың қордаланғанын наурыз айында Алматыда өткен феминистер шеруі көрсетіп берді. Иә, бұл оқиғаны біздің қоғам әрқилы қабылдады. Бұл тақырып біраз уақыт әлеуметтік желілердегі пікірталастардың да тұздығына айналды. Қазақ аудиториясының басым бөлігі «бұл біздің болмысымызға жат дүние», «бұларда ұят жоқ па» деп наразылық білдіріп, тіпті кейбірі «азғындар» деп балағаттап жатты.

Жат жарылқамайды...

Сөз жоқ, сол шеруде айтылған ұсыныстар мен ұрандардың бәрін тегіс мақұлдау, қолдау мүмкін емес. «Нас убивает патриархат» деген ұранмен қалай келісесіз?! Оның үстіне аталған шеруді ұйымдастырған «КазФемом», «Феминита», «Фемагора», «Фемсреда» секілді қоғамдық ұйымдар радикал-солшыл және анархо-феминистік бағыттарды ұстанады. Соңғы онжылдықта Қазақстанда феменизмнің «үшінші толқынын» бастап, ЛГБТ қозғалыстарды қалыптастыруға атсалысқан бұл ұйымдар лесбияндардың құқығын қорғауды және біржынысты некені заңдастыруды мақсат тұтады. Басқасы басқа тап осы ұйымдардың қазақ ұлтына жаны ашымасы, мемлекетіміздің болашағы оларды алаңдатпайтыны анық қой. Керісінше, олардың қазақ руханиятын тамырынан балталап, дәстүрлі құндылықтарымыздың күлін көкке ұшыруды көздейді.

Сол себепті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, депутаттық сауал жолдағаны орынды деп ойлаймыз.

— Бұл бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрінеді. Бірақ шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға лағып кетті. Мұндай шерулердің басты мақсаты – әйелдің құқығын қорғау емес. Дәстүрлі емес некені сырттан бізге таңу, қоғамда қабылдай алмай жатқан дүниелерге жұрттың бойын үйрету, қажет болса, оны насихаттау, – деген халық қалаулысы феминистердің шеруінде айтылған сөздер әлеуметтік желіде кеңінен таралғанын жеткізді.

— Ол видеоларды балаларымыз да көретінін ескерсек, ұлттық тәрбиеге қаншалықты нұқсан келіп жатқанын аңғаруға болады. Осы шеруде айтылған сөздер кәдімгідей қазақпен ерегісетін сияқты көрінеді. Қазақ «қызға қырық үйден тыю» десе, олар «қызға қырық үйден бостандық» дейді. Қазақ «ұят – беттің пердесі» десе, олар «өз ойыңды айту ұят емес» дейді, «менің жатырым – менің ережем» дейтін де ұран болады екен. Ұяттың шеңберінен шықпай-ақ, адамның құқығын сақтауға болады.

Осыған байланысты ол Алматыдағы феминистер шеруін өткізуге рұқсат бергендерді тексеруді ұсынды.

— Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды, әрі балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды ұсынамын, - деді депутат. Дегенмен...

 

3 жылда 347 әйел құрбан болды

Егер біз дамудың дұрыс жолын табамыз, өркениет көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналамыз десек, онда кез келген сынды байыппен қабылдап үйренуіміз керек. Тіпті, бізге қарата орынсыз мін тағу мен айыптау айтылған кезде оған тойтарыс берумен қатар ол әңгіменің түбіне үңіліп, ақыл таразысына салуды үйренсек бұдан тек ұтарымыз анық. Айтайын дегеніміз, феминистерді сынап-мінеу немесе оларға тура жол көрсетуге тырысып ақылгөйсу оңай (Бірақ, Сіз қанша айтсаңызда енді бұл топтың көзқарасы мен дүниетанымы да, өмір салты да өзгермейді).

Қиыны – санамызға әбден сіңіп кеткен стереотиптерді шетке ысырып қойып, осы бір әлеуметтік азшылық топтың айтқанын тыңдау, олардың бұндай дәрежеге қалай жеткенін түсінуге тырысу. Иә, тыңдауымыз керек. Өйткені, олардың шеруде айтқандарының басым көпшілігі шектен шыққандық болғанымен, арасында өте өзекті қоғамдық, әлеуметтік проблемалар да бар. Оның үстіне қазақтың кешегі ұяң қызы мен салиқалы әйелі бір күнде, аяқастынан белсенді феминистке немесе лесбиянға айналып шыға келген жоқ қой. Оның бұлай өзгеруіне қандай факторлар әсер етті? Дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды қорғап, отбасы институтын сақтап қалғымыз келсе осы сауалдардың төңірегінде ойлануға, тіпті бұл проблемаларды тереңірек зерттеуге міндеттіміз. Сонымен...

Біріншіден, шерушілердің басты талабы — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, жазаны қатаңдату керек. Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіну үшін мына деректерге назар аударыңыз. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген «Қазақстандық отбасылар – 2020» атты ұлттық баяндамада жазылған мәліметке сәйкес, 2017-2019 жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 2 371 факт тіркелген. Оның ішінде 347 қылмыс адам өлімімен аяқталған. Өткен жылдың алғашқы жартысында да бұл көрсеткіш азая қоймаған. Бар-жоғы 6 айдың ішінде 60 әйел өз отбасының мүшелерінің, өз жақындарының қолынан опат болған.

Ұлттық баяндамадағы деректер Шымкет қаласында отбасылық зорлық-зомбылық салыстырмалы түрде аз кездесетінін көрсетеді. 2017-2019 жылдары 58 қылмыстық іс қозғалса, 2020 жылдың бірінші жартысында 16 жағдай тіркеліпті. Алайда, отбасында орын алған қылмыстар «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген түсінікпен жасырын күйінде қала береді. Көптеген құрбандар өздерінің дәрменсіздігіне байланысты құқық қорғау органдарынан көмек сұрамайды. Оның себебі ретінде мамандар құрбандардың жасын, адамның психологиялық сипаттамаларын (мысалы, бұрыннан қалыптасқан психологиялық синдромдар мен тәуелділік), зорлық-зомбылықтың қайталануы мен жағдайды шиеленістіруден қорқуын және құқық қорғау органдарына деген сенімнің болмауын көрсетеді. Демек, Шымкентте де орын алып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары ресми статистикаға қосылмай, көпшілікке жарияланбай жатқан болуы әбден мүмкін.

Мәселенің қаншалықты қиын екенін түсіну үшін мынадай бір дәйек айтайық: Әлемді үрейлендіріп тұрған террористік шабуылдар Қазақстанда 2011-2012 жылдары жиілеп кеткен болатын. Сол 2 жылда терористік актілер кезінде 30-дан астам адам ажал құшқан болса, оның тең жартысы жанкештілер мен террористер болатын. Одан кейінгі жылдары  мемлекет террористердің әрекеттеріне тосқауыл қойып, мұндай оқиғаларды азайта алды. Айтайын дегеніміз, Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылықтың салдары терроризмнен де асып түскендей. Құрбан болғандар жөніндегі қаралы статистика бізді осындай қортынды жасауға мәжбүр етіп отыр.

Иә, соңғы жылдары Қазақстан үкіметі осы саладағы заңнаманы бірнеше рет өзгертті. Алайда, сарапшылар бұл нормалардың әйелдерді толықтай қорғау үшін әлі де жеткіліксіз екенін алға тартады. Мамандар әсіресе, әйелдерге психологиялық қолдау көрсету мен олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтады. Бір сөзбен айтқанда, әйел баласына қол көтеру дәстүрге де, шариғатқа да, адамгершілікке де сыймайтын нақұрыс әрекет екенін, ал, заң бойынша мұның қылмыс болып саналатынын және мұндайға барғандар тиісті жазасын алатынын жас ұрпақтың санасына сіңіру қажет.

 

Бәс тігуге – 79 миллиард

Екіншіден, әйелдер қауымы тек физикалық тұрғыда емес, психо-эмоционалды және экономикалық тұрғыдан қысымға ұшырайтыны да белгілі. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеулердің қортындысы бойынша елдегі отбасылардың 68,1 пайызын ер азаматтар жеке дара басқарады. Сауалнамаға қатысқандардың 23,2 пайызы «шешімдерді бірлесіп қабылдайтынын» айтса, тек 3 пайызы ғана отбасын әйел адамның басқаратынын атап көрсеткен. Әрине, әділеттілік және адамгершілік қағидаларын ұстанса, ер адамның отбасын басқаруына көпшілік қарсы болмас еді. Бірақ, әлеуметтанушылардың пікірінше, ер адамдар өздерінің жеке дара билігін, әйелінің оған қаржылық тұрғыда толықтай тәуелділігін пайдаланып қысым көрсету мен шектен шығуға жиі барады екен.

Мәселен,  «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасында көрсетілген деректер бойынша, 2019 жылы қазақстандықтар букмекерлік компанияларға 79 миллиард теңге (!!!) жұмсаған. Мұның қаншалықты көп ақша екенін білесіз бе? Бұл қаржыға әрқайсысы 1 200 орынды 40 мектеп салуға болады! Отбасын басқарып, бар ақшаны қалтасына салып жүрген талай еркек тапқанын бәс тігіп ұтылып жатқанда олардың әйелі мен бала-шағасы ішер ас пен киер киімге жарымай жүр. Бұрындары ерлі-зайыптылардың ажырасуына көбіне ерлердің ұрып соғуы мен маскүнемдікке салынуы себеп болса, қазір еркектердің құмар ойындарына, оның ішінде букмекерлік кеңселерге бәс тігуге шектен тыс әуестенуі солардың қатарына қосылған. Нақты айтар болсақ, 2019 жылы Қазақстанда 59 796 (Шымкент қаласында – 2 843) ерлі-зайыпты ажырасса, соның әрбір бесіншісіне ер адамның құмар ойындарға/бәс тігуге әсеутенуі себеп болыпты. Міне, біз әдетте қозғағымыз келе бермейтін гендерлік теңсіздік проблемасының артында қаншалық күрделі мәселелер жатқанын байқадыңыз ба?!

 

Түсік жасатушылар көбейіп тұр...

Үшінші бір күрделі мәселе – әйелдердің репродуктивті денсаулығы.  «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасында көрсетілген мәліметтер бойынша Қазақстанда 15 186 әйел бедеулікпен сырқаттанған. Сорақысы сол, әйелдердің бедеулікке ұшырауының ең жиі кездесетін себебі – күйеуінің жеке тәртібі екен. Яғни, ер адамдардың төсектегі серіктесін жиі ауыстыруы олардың жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыруына себеп болады. Бұл инфекция өз кезегінде әйеліне жұғады. Күйеуіне қаржылық және психологиялық тұрғыда толықтай тәуелді болғандықтан көптеген әйелдер бұл инфекцияларды уақтылы әрі толықтай емдете алмайды. Салдарынан әйел адам өмір бойына бала сүю мүмкіндігінен айырылып жатады.

Өкінішке қарай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша Қазақстан «әйелдердің түсік жасауы жиі кездесетін» мемлекеттердің қатарына жатады. Елімізде өмірінде бір рет болсын түсік жасатқан туу жасындағы әйелдердің саны 1 мың әйелге шаққанда 35-ке тең. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы 1 147 бойжеткен жасанды түсік жасатса, 19-49 жас аралығындағы 4 432 әйел осындай әрекетке барыпты. Мамандар түсік жасатушылардың көп болуына жыныстық өмірдің ерте басталуы (14-15 жас), жыныстық және репродуктивтік білімнің төмендігі, отбасын жоспарлау тәжірибесінің жетілмегендігі мен медициналық қызметтің сапасыздығы себеп болатынын алға тартады.



P.S. Қазақ әйелі... Қазір ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дорба арқалаған ауыр бейнетінен құтылған да шығар. Бірақ, оның мойнына жаңа заманның жаңа ауыртпалықтары түсіп отыр. Ол біреуге тәуелді болып, қадірін жоғалтпауы үшін терең білім алуы, өзін тұлға ретінде дамытуы, ерлермен бірдей тынбай еңбек етуі тиіс. Бірақ, оларды отбасының ұйытқысы болу мен бала тәрбиелеу дейтін міндеттерінен ешкім босатқан жоқ. Сондықтан ол қазір қай кездегіден де батыл әрі күшті болуға мәжбүр болып отыр. Ал, асылында әйелдің табиғаты күштілікке емес, нәзіктікке негізделетіні белгілі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ әйелі дәл бүгін феминистер айтқан теңдіктен бұрын қамқорлық пен мейірімге мұқтаж. Ер азаматтар, отбасы, тіпті, қоғам мен мемлекет те әйелдерді мейірімге бөлеп, өзін нәзік сезінуіне мүмкіндік берсе, шіркін. Сонда қазақ әйелі шын бақытты болар еді...