Елімізде бензин бағасы құбылып тұр. Соңғы бір-екі айдың ішінде жанар-жағармай құны 3-4 теңгеге көтерілген. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ бас директорының орынбасары Нұркен Мырзағалиев АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 155-157 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін екенін айтты.
Ал осыдан бір ай алдын мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов бұның себебін, Қазақстан Ресейдің бензині мен дизель отынына тәуелді болып отыр деген болатын.
– Еліміздегі бірнеше мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұр. Бұл жағдай қазан айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жанар-жағармайды, атап айтқанда бензин мен дизельді Ресейден тасымалдауға мәжбүрміз. АИ-92 бензинінің 30%, дизель отынының 15 пайызы Ресейден импортталып жатыр, – дейді Қ. Құдайбергенов.
Қазір Шымкент қаласындағы «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай бекетінде АИ-92 маркалы бензин – 147 теңге. Талонмен де, қолма-қол ақшамен де сатылуда. Баға бірнеше айдан бері бірқалыпты күйін ұстап тұр дейді Сапар есімді АЖБ қызметкері. Ал қаладағы ең төменгі бағалардың бірі «Staroil-да» тіркелді. Ондағы бензин құны – 144 теңге. Аумалы-төкпелі сәтті пайдаланған «Газпромнефть» АИ-92 бағасын 149 теңгеге бір-ақ көтерген.
Бұл мәселеге жергілікті көлік жүргізушілері наразы. Олар жанармай бағасы осылай көтеріле беретін болса, жол ақысын да көтереміз деп отыр.
Өзге өңірлерде жағдай мүлде күрделі. Атырауда жанар-жағармай бағасы көтеріліп қана қоймай, АЖБ-де бензин тапшылығы орын алуда. Қостанайда АИ-92 бензин құны 155 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал Жезқазғандағы бензин тапшылығын бірнеше күнге жою үшін 900 тонна жанар-жағармай жеткізілетін болады.
Асқар Қожымбаев, көлік жүргізушісі:
– Біз Шымкенттегі «Дархан» автобекетінен Шардараға қатынаймыз. Арасы 240 шақырым. Жол ақысы 1300 теңге. Қазір бұрынғы бекітілген бағаны ұстап отырмыз. Бірақ бензин бағасы көтеріліп жатыр. Білуімізше еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттар жөндеуден өтіп жатыр екен. Анығын білмейміз. Егер осылай жалғаса берсе, біз де амал жоқ жол ақысын қымбаттатуға мәжбүрміз. Сондықтан үкімет осы бағаны ұстап қалса екен.
Жалпы елімізде қазіргі таңда 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Олар Атырау (1945 жылы іске қосылған), Павлодар (1985), Шымкент (1978) МӨЗ. 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында аталған МӨЗ-на жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Ағымдағы жылдың маусым айында Шымкент МӨЗ-ң жаңғырту жұмысының бірінші сатысы аяқталған болатын. Салдарынан, жоғары белсенді бензин өндірісі 1,7 есеге артқан. Енді екінші сатысы 2018 жылдың қыркүйегінде бітеді деп жоспарлануда.
– Егер де жаңғырту жұмыстары сәтті жүзеге асса К4, К5 санатындағы моторлы жанармай өндірісі артатын болады. Сондай-ақ, АИ-92 бензині 2,2 есеге, АИ-95 және АИ 98 9,6 есеге, дизельді жанармай 30 есеге өседі деп күтілуде. Ал АИ-80 өндірісі тоқтатылады, – дейді Қуаныш Құдайбергенов.
Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жанармай мәселесін монополияға қарсы қызмет өкілдеріне шешуге тапсырма берді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин бағасын қараша айында төмендету туралы жоспарын айтты. Ал бұған дейін Қазақстандағы бензин бағасы шетелдегіден арзан екенін алға тартқан болатын. Мәселен, Ресейде АИ-92 маркалы жанармай бағасы 180 теңге болса, ал Еуропада мүлде қымбат көрінеді.
Дәл қазір жүргізушілерге газ тиімді болып отыр. Көгілдір отынның Оңтүстік өңірдегі орташа құны 63 теңге. Бұл баға 2-3 жылдан бері өзгермей келеді. Бүгінде Қожасай кен орнында газды кешенді қайта өңдеу қондырғылары салынуда. Алдағы уақытта тағы бір газ өңдеу зауыты салынды деп күтілуде. Ал Оңтүстік аймақты газбен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы жүргізілетін болады.
Бет қатталып жатқанда: Шымкент қаласындағы жанармай бекеттерінің басым бөлігінде және «ҚазМұнайГаз» АЖБ-де АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 150 теңгені, ал «Газпромнефть» стансасында 152 теңгені көрсетіп тұрды.