КОМИССИЯ ЖАҢА ҚҰРАММЕН ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ Избранное

Среда, 21 Февраль 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 266 раз

Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалық етуімен өткен отырыста комиссияның жаңа құрамы таныстырылып, 2024 жылға арналған жұмыс жоспары мен мүшелерін 6 секторға бөлу мәселелері қарастырылды.

jinalis

 

Айта кетейік, комиссия төрағасы болып Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, төрағаның орынбасары Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Дариякүл Қожамжарова, комиссия хатшысы болып Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Тоғжан Манкешова тағайындалды. Жиында комиссияның 26 мүшесі толығымен таныстырылды. Сондай-ақ, төраға комиссия құрамына қаладағы басқармалар мен қажетті салалардың өкілдері барынша қамтылғанын тілге тиек етті.
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева комиссия құрамын өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты комиссия құрамы жасақталып, өздеріңізбен кездесу ұйымдастырып отырмыз. Байқасаңыздар, комиссия құрамына қоғамның барлық топтарын қамтуға тырыстық.Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі Дариякүл Қожамжарова комиссия төрағасының орынбасары,«Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова гендер саясаты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Алдағы уақытта баршаңызды бірлесіп белсенді жұмыс істеуге шақырамын, - деді Сәрсен Абайұлы.
Жиында комиссия төрағасы қоғамда белең алып отырған проблемаларға тоқтала кетті. Айтуынша, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс саны мен балалар суицидінің көрсеткіші ұлғайған. Бұдан бөлек, қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылықтар осы қоғамда орын алып жатқандықтан бәріне тікелей қатысы барын қадап айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан азаматтық қоғам, Әділетті Қазақстан мәселесі, құқықтық мемлекетті құру сіздер мен бізден басталады. Қоғамның лидері – сіздер. Айналамызда болып жатқан қандай да түйткілді мәселелерді ашық жеткізіп отырсаңыздар, қоғам өзгереді. Өйткені, сол қоғамда сіз де, біз де өмір сүреміз. Осыған орай, алдарыңызда комиссияның 2024 жылғы жұмыс жоспарымен танысып, оның маңыздылығын ескеріп, тиісті жұмыстар атқаруды ұсынамын, - деді Сәрсен Құранбек.
Жиында комиссияның 6 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылатын жұмыстары да таныстырылды.
Бірінші, әлеуметтік-демографиялық даму мәселелері бойынша туу, өлім-жітім, денсаулық сақтау, инклюзия, неке деңгейі, ажырасу, көші-қон, Комиссия жұмысын ғылыми және ғылыми қамтамасыз ету, бейімдеу орталықтары және т.б. мәселелерін қарастырады.
Екінші, экономикалық мүмкіндіктер және еңбек қатынастары. Бұл секторда әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту, еңбек даулары, экономикалық қатысу және мүмкіндік, халықтың осал топтары, тұрғын үй саясаты және т.б. қамтылады.
Үшінші, отбасы және мәдени-адамгершілікті дамыту. Мұнда отбасын дамыту, мәдени-адамгершілік тәрбие беру, жеке тұлғаның рухани-эстетикалық дамуы, ұлттық кодты сақтау, жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру, тәрбие, дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлтаралық қатынастарды дамыту қаралады.
Төртінші, қауіпсіздік және зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы іс-қимыл. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері, қиын өмірлік жағдай қозғалады.
Бесінші, гендерлік саясат және халықаралық ынтымақтастық. Гендерлік теңдік, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету, саяси қатысу мен өкілдік және т.б.
Алтыншы, балалардың қауіпсіздігі, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.
Мұнда комиссия мүшелері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар жарақатының алдын алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жақсарту және қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жетім балалардың, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, балалар үйіне орналастыру процестерін, жетімдер мен отбасы және балаларды әлеуметтендіру мәселелерін қарастырады.
Тағы бір айта кететін жайт, комиссия Шымкент қаласы бойынша түрлі санаттағы әйелдер туралы деректер базасын құрмақшы. Сондай-ақ, жыл бойы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, гендерлік тең құқыққа қол жеткізу және отбасылық-демографиялық саясатты жақсарту бойынша да бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Алаяқтың ылаңы Ұлтты сүюді өзбектен үйренейік »