Ұлтты сүюді өзбектен үйренейік Избранное

Среда, 21 Февраль 2024 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 331 раз

Десек қатты намыстанасыз, иә?!
Әлеуметтік желідегі боз боран жазба, кісінің көңіліне қаяу келтіретін, жанын жаралайтын, жүрегін сыздататын сөздерден кейін осылай айтпасқа шара жоқ.

kazOz

 

Жақында Ринат Зайытовтың шығармашылық кеші өтті. Тағлымды кеш туралы мәм-лим жоқ, бір топ адам екі жаққа бөлініп алып Ринаттың ұлтын талқылап, ит тартқан терідей етіп жатыр.
Ұйғыр екен дейді. Татар екен дейді. Ноғай екен дейді.
Ұлттың сөзін сөйлеп, ұлт садағасы болып жүрген сайыпқыранды қазаққа қимайды.
Не болып барамыз, қайда кетіп барамыз?
Неге ұлтты сүюді өз ағамыз өзбектен үйрену керек деп айттық?! Самарқанды билеген, әлемге әйгілі кесене, ескерткіштерді салдырған, қазақтың басына күн туғанда жиырма мың қолмен Орбұлақ шайқасына көмекке келген Жалаңтөс баһадүр. Түбі, сүті – қазақ. Қазақтың әйгілі биі Әйтекенің түп атасы. Өзбектер оны өзбегім деп еміренеді, төбесінен құс ұшырмайды. Әруағына тәу етеді.
Беріде Сабыр Рақымов. Тарихқа салсаң қазақтан шыққан тұңғыш генерал, Кеңестер Одағының Батыры, тегі, тайпасына келсең – Суан, Бағыс. Ата-бабасының жайлаған жері – Қазығұрт ауданы, Көкібел жазығы. Нағашысы – өзбек. Қиыншылықта сағалаған.
Майданда қосылған жары Құралай Натуллаевадан талай рет сұхбат алғанбыз.
Өзбекстанда салтанатты жиындарда төрде отырады екен. Президиумда. Сабыр Рақымовтың тегі-қазақ екенін айтамын деп ішке көшіріліпті. Жоғарыдан арнайы қызметкерлер келіп, «Сабыр аканы өзбек деп айтыңыз» деп өтінген. Көнбеген. Ал, ендеше деп өзағаңдар өзін де өзбекшелендіріп жаңа құжат берген. Өз көзіммен көрдім. Санавар Очиева. Кейуана намыстанып жылаған еді.
Түркістанда Расул Есетов деген. Кеңестер Одағының батыры атағын алған қария тұрды. Түп атасы қазақ, өзі құжатта — өзбек. Әкесі қиын уақыттарда Түркістанды сағалап келген екен. Қарағанды. Қарқаралының қазағы. Арғын, қаракесек. Әке ерте қайтыс болып, шешесімен қалған. Өзбек қызы. Өзінің де әйелі өзбек қызы. Қан майданға аттанған кезде құжат толтырып отырған өзбек азаматы шойын қазақтың құжатын өзбек деп толтырып жіберген. Көпке дейін жыл сайын 9 мамырда Өзбекстаннан делегация, пионер ұйымы келіп, салют беріп құттықтап кетер екен. Екі мыңыншы жылдардың басы ғой. Түркістанның сол кездегі әкімі Өмірзақ Әмет мәселені тез шешетін істің адамы. Расул Есетов қарияға бір күнде құжатын қазақ деп өзгертіп берді.
«Егеменге» «Нар қазақ» деген көлемді мақала жазғанбыз.
Беріде... Біздің бейбіт заманда Сидней Олимпиадасының қаһарманы Бекзат Саттарханов. Өзі - Орта жүз. Қоңырат. Божбан. Әкесі Сейілханың анасы — өзбек. Марқұм Сейілхан көкем айтады. Өзбекстаннан делегация келіпті. Бекзаттың басына құран оқыпты. Көкеме жолығыпты. Бекзат өзбек қой деп сұрапты. Бұл кісі таза қазақ деген. Қимай қоштасыпты. Жақсы кімге керек емес.
Өзбек - кез келген мәселеде ұлт мүддесін бірінші орынға қояды. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жеңімпазы Әлжан Жармұхамедов-таза қазақ. Табақсайдың тумасы. Хрущев пері Өзбекстанға Бостандық ауданын қолтықтатып жібергенде қалып кеткен қазақтар.
Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов. Екі Олимпиада ойындары, әлем чемпионатында финалға жеткен Әділбек Ниязымбетов. Өзбекстаннан келді.
Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанға Өзбекстаннан келді. Құрамада бірінші болған. «Олимпиадаға барғың келсе ұлтыңды өзбек етіп жаздыр» депті. Қайсар қазақ келіспеген. Елге келуінің мәнісі осы.
Дзюдодан соңғы екі Гран приде қоладан олжа салған Әбиба Әбужақынова - Өзбекстанда дүниеге келген қазақ қызы. Тарихи Отанына оралуына үлкен себеп, Өзбекстан құрамасында шетқақтай болды. Өзінен жеңіліп жүрген дзюдошының жауапты жарыстарға аттануы, әділетсіздік жанын жеген. Былтыр ғана әлем чемпионы болған өзбекстандық қазақ Руслан Абдуллаев елім деп келгенімен, Шымкентке сыймай кетті. Тағдырына көнікті. Жақында Өзбекстаннан тағы бір талантты жас қазақ боксшы Аман Қонысбаев Қазақстанға келді. Амалсыз келді.
Өзбекстан басқа ұлттарды сіңіру арқылы да ұлтын асқақтатып жатыр.
Мұндай мысалды көп келтіре беруге болады. Егемен ел болдық. Кеше ғана етек-жеңі далиып, сенікі, менікі жоқ көрші елдер шекарасын шегендей бастады. Бұл жолы да ала тақиялы ағайындар қазақтардың алдын орап кетті. Кеңес үкіметі кезінде САВО-ға Қазығұрт ауданы мен Сарыағаш ауданынан жер бөлінген.
Қазығұрт қайтарып алды. Ал, Сарыағаштың ұланғайыр жері көрші ағайынның меншігіне өтіп кетті. Айқайлап - айқайлап қойдық. Жартастан аспады.
Қазақ сайын даласы сияқты бейқам ғой. Ертеректе Шардарадағы Арнасай бөгеті арқылы қазақ-өзбек шекарасын белгілеп орыс ағайындар, оларға шәй құйып, тамағын істеп, екі кәртаң өзбек жүріпті. Біздің қариялар көрген. «Не істеп жүрсіңдер, әй?» демеген.
Нәтижесінде Арнасайдағы темір жолдың бір бұты өзбекке, бір бұты қазаққа қалып, бөгеттен айырылып қалдық. Айқайдың көкесі сонда болды. Өйткені, қыруар қаржыға сатып алған суымыздың кілті ала топылы ағайынының қолында еді. Айдаркөл арқылы тоспа, тоған салып, көл қазып балық өсіріп тісін шұқып, қазаққа қарап күліп кекірелеп отырды.
Қазақ қайтті?! Қызылорда облысының Өзбекстанмен шектесетін төрт ауылын беріп жүріп зорға дегенде бөгеттің кілтін қайтарып алды.
Өзбек ағайын қараулық жасады деп жамандайын деп отырған жоқпын. Патриоттығына, жанкештіліктеріне разымын. Міне, Отанды бағалауды көршіден үйрену керек деп отырғанымыз. Мемлекет ісінде ірі, ұсақ деген болмайды. Хрущевтің кер заманында Қазақстанның Мырзашөл аймағы Өзбекстанға мақта өсіруге берілді. Мақтааралды қайтардық. Ал, қалған Бостандық ауданы жерінен өзбектер бір облыс, екі аудан көтеріп алды. Атақты «Шымған» шипажайына барғанда Шерағаң, Шерхан Мұртаза «мынадай жер жанатын беріп қойдық па?» деп көзіне жас алған екен.
Бердік.Намыстансақ та айтайық, мемлекетшілдігіміз кем. Қазақтың көсемі Дінмұхамед Қонаевты, белгілі журналист Марат Тоқашбаев түп-тұқияннан таратып, қазақ екенін шежіремен дәлелдеп берсе де, «татар» деп қарысып жүрген қандастарымыз жетеді.
Соның соңғысы Ринат Зайытовты ағаш атқа мінгізу. Ринат қазы болып Димаш Құдайбергенді тұқыртқанда жек көрдік. Қазір жақсы көреміз. Қателеспейтін адам болмайды ғой. Ұлт шырағданы болып, сөніп қала жаздаған ұлттық рухқа қатты еңбек сіңіріп жүр.
Қазақ Парламентіне қазақтың сөзін сөйлейтін, ұлттың жоғын, жоғалтқанын түгендейтін сайдың тасындай мықты буын келді.
Қазақ рухының шырақшысы болып жүрген Ринат Зайытов —нағыз қазақ. Үйінде отырып алып, күлін жан-жаққа шашып, қазақ бола тұра ел ішін ала тайдай бүлдіретіндерге қарағанда нағыз қазақ. Және өте мықты қазақ.
«Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді дана қазақ айтып кеткен. Қазақтың біреуге есесі кетсе осындай жайбасарлығынан, жақынын өзекке тепкеннен кеткен.
Ала топылы ағайын, өз ағам-өзбектен ұлт садағасы болуды үйренейік, жақсы қасиетін бойға сіңірейік.
Есімізде болсын. Қазаққа қазақтан басқаның жаны ашиды деу нағыз сандырақ.
Ұлы Абайдың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі қазақ үшін Құранның хадисіндей болуы хақ.

P.S.

«Өзбек — өз ағам, сарт — садағам» дейді қазақ. Жақында қазақтың өз ағасының киноиндустриясына тағы бір шедевр туынды қосылды. Ялаңтус бахадир. Дұрысы - Жалаңтөс баһадүр. Самарқанды билеген, даңқы әлем тарихына алтын әріппен жазылған тарлан. Біз өзімізде салынған ескерткіштерін малданып жүргенде көршілеріміз «өзбек баһадүрі» деп айтулы кино да шығарып үлгерді. Құдай сақтасын, қызғаныш жоқ. Ала топылы ағайынның, өзім дегенде өзегін жұлып беретініне разымыз. Қанша жерден ұйытқысада Жалаңтөс баһадүрдің қазақ екендігі дау туғызбайды.
Қазақ — расында тумысынан рухты, батыр халық. Осынша ұланғайыр жерді ешкім сауғаға берген жоқ қой. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен, өзгеге жағасын ұстатпайтын өрлігімен қорғады. Арғы атамыз — ер Түрік. Беріде Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын...
Бүгінде осындай қалың тарихымызды жас өскіннің бойына сіңірудің орнына, өз-өзін «ұстаз» деп уағыз айтатындар қайдағы - жайдағыны айтып, арабтың тарихын түгендеп кетті. Мешітте қазақ халқы, батырлары, ұлттың ұстыны болған салт-дәстүр, мәдениеті жайлы естімейсіз. Бұл — құрдым, рухтың әлсіреуі.
Үлкен сұрақ.
Ал, неге біз көрші ағайын секілді мемлекетшіл емеспіз?!