Алаяқтың ылаңы

Среда, 21 Февраль 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 256 раз

Өткен жылы жүздеген адамды қажылыққа апмақ болып, ақшаларын алып сан соқтырған «Кәусар тревел» компаниясы басшысына қатысты қозғалған қылмыстық іске Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты нүктесін қойды. Аталған компания басшысының қылмысы толығымен дәлелденіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева мәлімдеді.

 

Айнель Орақбаеваның айтуынша, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жалпы 2658 тұлғаға қатысты сот болып, 2402 қылмыстық іске үкім шыққан. 236 тұлғаға қатысты 228 іс алдын-ала тыңдау және басты сот талқылауы сатысынан прокурорға кері қайтарылған.
42 іс басқа соттарға жолданған. 1605 қылмыстық іс бойынша үкім шыққан, 428 іс қысқартылған.
Былтыр сотта ұрлық, алаяқтық, есірткі, психотроптық заттарды заңсыз сақтау, саудалау, пара алу, пара беруге қатысты істер көбірек қаралған. Пара алу бабы бойынша – 30, пара беру бойынша 17 тұлғаға қатысты іс түскен. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қатысты 34 қылмыстық іс түсіп, 584, 3 млн. теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған.
–Алаяқтықтың соңғы кезде ең көп таралып жатқаны —Каспи банк арқылы тауарлай несие рәсімдеу. Өзім қараған істердің эпизодынан айтар болсам, жәбірленушілердің әрбірінде бірнеше несие болғандықтан, банктер ақшалай да, тауар түрінде де несие бермейді. Жәбірленуші мен сотталушы және жеке кәсіпкер арасындағы алаяқтық қылмыстық істердің орын алуына банктердің 12, 24 айға бөліп төлеу туралы ұсыныстары себеп болуда, -- дейді Айнель Орақбаева.
Жәбірленушіге тауар емес, ақша қажет болады. Мұндай адамды сотталушы өздерінің ватсап желісіндегі арнайы чаттардан немесе таныстары арқылы табады. Екеуі кездескен кезде тауар түрінде алуға 1 миллион теңге несиеден өзінің еңбегіне және банктің өсім пайызы ұсталатынын ескертеді. Бұған жәбірленуші келіседі. Содан жеке кәсіпкер (көбінесе сотталушының өзі) мен жәбірленуші арасында Каспий банк арқылы несие рәсімделеді. Банк жеке кәсіпкердің шотына 700-800 мың теңгені аударады. Бұл ретте сотталушы жәбірленушіге тиесілі теңгесін береді. Осылай жәбірленушінің сеніміне кіріп алған соттталушы екінші рет несие рәсімдегенде ақшаны аудармай, өз қалтасына басады.
2023 жылы Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 іс қаралған, оның 3-і –әйелдер. Мұндай істердің орын алуына көп жағдайда спиртті ішімдік себеп болған. Ерлі-зайыптылар немесе таныс, туыс, көршілердің отырысының соңы кісі өлімімен, бір-бірін ауыр жарақаттаумен аяқталып жатады.

Өзипа МАҚҰЛБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.