АТА ЗАҢ – ҰЛЫ ДАЛА ШЕЖІРЕСІ

Пятница, 01 Сентябрь 2023 09:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 419 раз

akim 2

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің ғана емес, бүкіл мемлекеттілігіміздің негіздерінің бірі. Шымкенттегі «Түркістан» сарайында 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты шарада сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.

— Ата Заң – барша адамдардың тең құқықты болуының кепілі, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қайнар көзі. Сол себепті Конституция күнін бүкілхалықтық мереке деп айтуға толық негіз бар, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Ол Мемлекет басшысының елімізді саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыртып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру мақсатында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келе жатқанына тоқталып өтті.

—Ұлттық жаңғырудың берік құқықтық негізін қалау мақсатында өткен жылы бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Референдум нәтижесінде Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшіп, билік тармақтары арасында өкілеттіліктер қайта бөлінді. Әсіресе, Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артты. Арада өткен бір жылдың ішінде Ата Заңға енген өзгерістерді қолданысқа енгізу мақсатында бірқатар Конституциялық заңдар мен Кодекстер қабылданып, күшіне енді. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы алғаш рет аралас жүйе бойынша өтіп, халыққа етене жақын, ықпалды әрі іскер депутаттық корпус қалыптасты.

Осының барлығы елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына жол ашып отыр, – деді М.Әйтенов.

Шаһар басшысы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» жергілікті әкімдіктердің де халықтың алдындағы жауапкершілігін арттырып, тұрғындармен байланысын күшейте түскенін атап өтті.

—Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейте түсті. Атап айтар болсақ, Конституциялық Сот институты қалпына келтірілді және Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының өкілеттілігі мен рөлі айқындалды.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде Қазақстан құқықтық-демократиялық дамудың жаңа бір кезеңін бастан өткізіп жатыр. Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылып отыр, – деді қала әкімі.

Салтанатты шарада еліміздің дамуы жолында талмай қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматтар түрлі марапаттарға ие болды.

ata-zan 2

Мұнан әрі қарай салтанатты шара «Ұлы Дала шежіресі – Ата Заң» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда сонау Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бері қарай жалғасып келе жатқан құқықтық мәдениет пен мемлекеттілігіміздің терең тарихы сахналандырылған қойылым арқылы көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, концертте әлемдік деңгейде танымал опера әншісі Майра Мұхаммедқызы бастаған шымкенттік әртістер өнер көрсетті. Өнерпаздар халық әндері мен күйлерін, патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.