Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Джакарта төрінде жеңісті жолды жалғастырды. Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова командалық сайыста Азиаданың жеңімпазы атанды. Сонымен қоса, Алина Әділханова көпсайыста үздік шықты.
Осылайша Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында ел спортшылары сегіз алтынды қанжығалап, алғашқы ондыққа кірді. Әлия Юсупова жетекшілік ететін біздің команда жалпы есебі 159.850 ұпай жинап, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды. Екінші орында – Өзбекстан, үшінші сатыда – Оңтүстік Корея спортшылары. Алина Әділханова да көпсайыста Өзбекстан және Қытай аруларынан озып, дара шықты.
Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттерінен зор үміт күткен. Сенім ақталды. Әбдірбекова мен Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика мектебінің шәкірттері. Шымкенттік гимнасшылар 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да жүлдегер атанғанын айта кетейік. Бұл жолы бас жүлде қоржынға түсті.
Сондай-ақ, шымкенттік басқа спортшылар да қола жүлделерге ие болды. Семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен каратэші Данияр Юлдашев (+84 келі) үздік үшінші орыннан көрінді. Сегіз алтынды қанжығаға байлаған Қазақстан жалпы есепте әзірге 11-орында тұр.