ОҢАЙ ОЛЖА ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 904 раз

Елімізде интернет алаяқтық азаймай тұр. Статистика бойынша, соңғы 5 жылда республикада мұндай фактілер 10 есе көбейген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

525

 

Жәбірленушілер, әсіресе, әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы таралатын алаяқтыққа тап болуда. Бұған қоса біреудің атынан онлайн қарыз алу, банк карталарынан ақша ұрлау да азаймай тұр.
Уақыт өткен сайын алаяқтардың да ақша ұрлау әдісі күрделеніп барады. Осыған орай құқық қорғаушылардың қылмысты ашу әдісін жетілдіруі – уақыт талабы. Бұл тұста жетістік жоқ емес. Нақты айтқанда шымкенттік полицейлер елімізде алғаш болып интернет алаяқтықпен күреске арналған жобаны қолға алды. Пилоттық жоба қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласы полиция департаменті басшысының жедел істер жөніндегі орынбасары Арман Бейсенбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері соңғы 4 айда Шымкентте 3 378 қылмысты іс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға, яғни, 952 қылмысқа азайған. Оның ішінде 1 321 іс алаяқтыққа қатысты, ал 366-сы нақты интернет алаяқтықпен байланысты болып отыр екен.
– Жасыратыны жоқ, азаматтар көп уақытын интернетте өткізеді. Бір-бірімен хабарлама алмасады, онлайн сауда жасайды, төлем аударады. Заманауи құралдар қатты дамып, азаматтар әлеуметтік желіні кең қолдануда. Осыған орай қылмыс та көбейіп келеді. Күдіктілер, әсіресе, әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланады. Олар әдетте жалған хабарлама жариялайды, интернет арқылы сауда немесе қызмет «ұсынады». Немесе өздерін банк немесе қандай да бір қаржы ұйымының қызметкерімін деп таныстырады. Сондағы мақсаты – адамның жеке деректерін иемдену, ақшасын ұрлау, оның атынан онлайн несие рәсімдеу, – дейді Арман Арун-Рашидұлы.

524


Тәртіп сақшысының айтуынша, интернет алаяқтық жалпы қылмыстың 30 пайызын құрайды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы көлеміндегі мұндай істер былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 пайызға азайыпты. Бұл, бір қарағанда, аз көрсеткіш болғанымен, интернеттің өмірімізде ойып тұрып орын алғанын ескерсек, мұндай қылмыстың күн санап өспей, керісінше, бір деңгейде тұрғаны немесе сәл де болса азайғанының өзі жетістік.
Әсіресе, 2020 жылғы пандемия салдарынан жаппай карантин кезінде онлайн сауда мен қызмет көрсету үлесі бірден көбейген кезеңде мұндай қылмыс та күрт көбейгені белгілі. Арман
Бейсенбаев сондықтан бұл мәселенің қазіргі таңда өте өзекті болып тұрғанын жеткізді.
– Интернет-алаяқтықтың басқа қылмыстан ерекшелігі – ол белгілі бір аумақта ғана емес, бүкіл елге қатысты, тіпті, халықаралық көлемде жасала береді. Қолында гаджеті бар кез келген адам осындай әрекеттің құрбаны болуы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай қылмыс біздің қаламызда да жиі тіркелуде. 2021 жылдың қорытындысы бойынша осындай әрекеттердің кесірінен жәбірленушілерге жалпы көлемі 627 млн теңгеден астам материалдық шығын келсе, жыл басынан бергі шығын көлемі 200 млн теңгеден асады, – деді полковник.
Осындай келеңсіздікпен күресу үшін полиция департаментінің қызметкерлері мен қалалық прокурорлардың жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына департаменттің 8 тергеушісі мен 10 жедел уәкілі енді. Бүгінгі таңда тергеліп жатқан 366 істің 94-і ашылды.
– Осы топ жұмысының нәтижесінде жуырда ғана интернет алаяқтық жасаған қылмыстық топ құрықталды. Олар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, жәбірленушілердің ақшаларын ұрлаған. Топтың соңғы екі мүшесі Мәскеу қаласында ұсталды. Қазіргі таңда оларды елге әкелу үшін экстрадиция құжаттары рәсімделуде. Бұл топтың әзірге 20 интернет алаяқтыққа қатысы дәлелденіп отыр. Бұған қоса олардың басқа да істерге қатысы тексерілуде, – деді Арман Бейсенбаев.
Расында өзін банк қызметкерімін деп таныстыру әрекеті жиі кездеседі. Оңай олжаға дәніккендер фишинг қолдану арқылы жеке тұлғалардың деректерін қолға түсіріп, сол арқылы банктегі есеп-шоттарынан ақша жымқырады. Содан кейін түрлі транзакциялар жасап, соңында қаржыны банкоматтан шешіп алады. Мұндай істі ашу үшін ақша аударылған есеп-шот иесін, ақша шешіп алынған мекенжайды анықтау қажет. Интернет алаяқтық қылмысты ашудың қиындығы да – осы, дейді полицейлер.
– Жәбірленушілер бізге келіп, «ақшамды ұрлап алды, тезірек қайтарып беріңіздерші» деп сұрайды. Ал ол үшін ұрланған ақша бір шоттан екінші шотқа аударылған кезде сол әр шот иесінің жеке мәліметтерін сұрату, әр банктен әр транзакция бойынша мәлімет алу керек. Ал алаяқтар ақшаны бірнеше шот арқылы аударып, сол күні-ақ шешіп алуы мүмкін. Тіпті, бір елден екінші елдегі есеп-шотқа аударып жатады. Ал құқық қорғаушылар сол істі толық анықтаймыз дегенше айлап уақыт кетуі мүмкін. Осы келеңсіздікпен күресу үшін біз пилоттық жобаны қолға алып отырмыз. Ол үшін қаржы нарығын реттеу агенттігімен келісім жасадық. Енді бұрынғыдай ақша аударылған әр шот иесін анықтау үшін әр банкке жеке өтінім жасамай, осы агенттікке жалпы бір сұрау саламыз. Яғни, бірінен біріне қаржы аударылған күдікті шоттар туралы ақпаратты неғұрлым ертерек алуға қол жеткіздік. Ал бұған дейін әр банктің шотына қатысты ақпаратты сұрау үшін 7-10 күн кететін, – дейді Арман Арун-Рашидұлы.
Полиция қызметкерінің айтуынша, бұл тұста қиындық тудыратын тағы бір мәселе – адамдардың банк карточкаларын сатуы немесе жалға беруі. Иә, кәдімгі банк карточкасын біреуге ақыға беретін тұлғалар бар екен.
– Қылмыскерлер бір емес, ондаған карточканы жаппай алып, уақытша пайдаланып, кейін қайтарып беруі мүмкін. Бұл жәбірленушіден ұрлаған ақшаны бірінен біріне аударып, ізін суытуы үшін қажет. Қазақстан Республикасының заңнамасында банк карточкасын біреуге сату бойынша (қылмыстық мақсатта пайдаланылса) жауапкершілік қарастырылмаған. Ал кейбір елдерде мұндай талап бар. Осыған орай біз ішкі і стер министрлігіне осы жауапкершілікті қарастыру бойынша ұсыныс жасадық, – деді департамент басшысының орынбасары.
Тәртіп сақшысы тоқталған мәселелердің арасында мобильді байланыс операторларының нөмірлерін қолдану, онлайн несие рәсімдеуге қатысты жағдайлар да бар. Атап айтқанда алаяқтар sim-картаны бір рет пайдаланып, ары қарай тастай салады. Немесе біреудің ұрлап алынған ЖСН нөміріне тіркеп алады. Ал сол нөмірді әлеуметтік желіде, теріс бағытта пайдалана береді. Сондықтан, қылмыстық істі тергеу кезінде нөмірдің нақты иесін табу қиынға соғуда. Осыған орай полицейлер ұялы байланыс операторларымен де бірге жұмыс істеп, сим-карта және ондағы нөмірді қолдану тәртібін қатаңдату туралы ұсыныс жасағандарын жеткізді.
Сонымен қатар, полицейлер микроқаржы ұйымдарына да ұсыныс жасап отыр. Себебі, алаяқтық әрекеттің бір бөлігі осыған қатысты.
– Қазір кез келген адам сондай ұйымның сайтына кіріп, басқа біреудің атынан, оның деректерін пайдалана отырып, онлайн несие рәсімдей алады. Ол үшін кез келген мобильді нөмір арқылы сайтта тіркеліп, жеке куәлігін көрсетеді. Ал қаржы ұйымы ақшаны сұраныс жасаған азаматтың шоты екенін тексермей, алаяқтың шотына аударады. Сондықтан, осындай ұйымдардың сайттары мен қосымшаларында тіркелу, верификация және қаржы аудару тәртібін қайта қарауды ұсынып, несиеге сұраныс берген тұлғаны веб-камера арқылы тексеруді ұсындық, – дейді Арман Бейсенбаев.
Әрине, полицейлер өз ісін атқара берер. Ал бізге, қарапайым халыққа ең бастысы – қаржылық сауатты арттыру маңызды болып тұр. Интернетті қолдану, сауда жасау мен қызметті пайдалану кезінде барынша абай болу керек. Жеке бас мәліметтері мен карточканың деректері басқа адамның қолына түспеуін қадағалап, күдікті қосымшалар мен сілтемелерге өтпеген жөн, смс-терге жауап беруде де мұқият болғанымыз өзіміз үшін қажет. «Құдай да сақтанғанды сақтайды» деген тәмсіл бар. Алаяқтың торына түсіп қалмаңыз.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.