УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМ МЕН ВАУЧЕР: отандық автокөлік нарығында қандай өзгеріс болмақ? Избранное

Среда, 26 Январь 2022 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 519 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде айтылып, елді елең еткізген, қалың бұқараға жылт еткен үміт сыйлаған мәселенің бірі – автокөліктердің утилизациялық алымдары. Президент бұл жөнінде «Кәсіпкерлер, жалпы қоғамда «Оператор РОП» деп аталатын компанияның жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналасу керек. Ал алымның ставкасын қайта қарау керек» деген болатын.

112

 

Осыған орай Үкімет шұғыл түрде қаулы қабылдап, «Оператор РОП» компаниясының жұмысы тоқтатылғаны, оның жұмысын «Жасыл даму» атты акционерлік қоғам атқаратын болғаны белгілі. Әуелі «Бұл да жекеменшік компания екен» деген қауесет тарағанымен, кейінен «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы екені расталды.
Енді көпшілікті мазалап отырған сұрақтар мынадай: Утиль алымның ставкалары қаншалықты төмендейді? Бұл шешім нарықтағы шарықтап тұрған автокөлік бағасының арзандауына ықпал ете ме? Президент айтқан отандық автокөлікті сатып алушыларға берілетін ваучер деген не? Одан қарапайым азаматтарға не пайда және оны кім, қандай жолымен алуы мүмкін? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз...
Үкімет бұл мәселе жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын, алым мөлшерлемесінің қаншалықты арзандайтыны ақпан айының соңында белгілі болатынын хабарлады. Сонымен, утилизациялық алымның мөлшері қанша болуы керек. Бұл жөнінде аталған мәселемен тұрақты түрде айналысып жүрген сарапшы Нұраддин Садықов былай дейді:
– Автокөліктерге салынатын утилизациялық алымның мөлшері Еуропаның дамыған елдеріндегі мөлшерлемеден аспауы керек. Ол жақта жеңіл көліктерден алынатын ең жоғарғы ставка 200 евродан аспайды. Яғни, шамамен 105 мың теңге. Қазір бізде бұл мөлшерлема 437 мың теңгеден бастап 3.3 миллион теңгеге дейін жетеді. Оған қоса автокөліктің Euro-5 стандартына сәйкестігін растауға және алғашқы тіркеуге төленетін төлемдерді азайту керек. Сонда Қазақстандағы автокөліктің бағасы биылдың өзінде 30 пайызға, ал арада 1 жыл өткенде 2 есеге арзандайды, – деді ол Atameken business телеарнасына берген сұхбатында.

106

Көліктің бағасы екі есе арзандап жатса, оған халықтың қуанатыны рас. Дегенмен, Үкімет пен отандық автокөлік құрастырушылар сарапшының бұл ұсынысына көне қоюы екіталай. Оның себебін ресейлік маман, «АвтоВАЗ» компаниясының вице-президенті Сергей Громак түсіндіріп берді.
Қазақстан Президентінің Үкіметке жүктеген тапсырмалары жөнінде пікір білдірген маманның айтуынша, утилизациялық алымның ставкасын төмендету шетелдік жаңа автокөліктердің бағасына әсер етпейтін көрінеді.
– Себебі, автокөлікті жасап шығарушылар да, дистрибьютерлер де бағаны тек Қазақстан үшін ғана арзандатпайды. Баға АҚШ долларымен белгіленгендіктен, оны бір елде ғана арзандату нарық заңдылықтарына қайшы келеді. Яғни, Қазақстанда жаңа автокөліктерден алынатын утиль алым мөлшері төмендесе, баға сол қалпында қалады да, бұл дистрибьютерлердің табысының көбеюіне ғана жол ашады. Мұндай қадам шетелден әкелінетін жүрілген автокөліктердің арзандауына әсер етуі мүмкін. Бірақ,
Қазақстан Үкіметі утиль алымның ставкасын қайта қарағанымен, оның дамыған елдердегідей төмен болуымен келіспейді. Себебі, Еуропада утиль алым арзан болғанымен, көлік салығы өте қымбат. Салықтың бұл түрі жанармайдың бағасына қосылған. Яғни, ол жақта орта статистикалық көлік жүргізуші транспорт салығына жылына 3-4 мың евроға дейін төлейді. Ал Қазақстандағы транспорт салығын мұнымен салыстыруға да келмейді, – дейді ол.
Бір-біріне қарама-қайшы келетін осы екі пікірді саралай келіп мынадай қорытынды жасауға болатын шығар: ақпанның соңында утилизациялық алымның ставкасы төмендейтіні анық, бірақ, ол белсенділер мен халық күткендей 105 мың теңге болмайды. Сарапшылар шетелден әкелінетін жүрілген көліктердің арзандауы үшін утиль алым кемінде 80 пайызға қысқаруы керегін айтады. Демек, жоғарғы шегі қазіргі 3,3 миллионның орнына 660 мың теңгеден аспауы тиіс. Жұмыс тобы «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» ортақ шешім қабылдауға ұмтылады деп үміттенеміз.
Мамандардың айтуынша, утиль алымның шамадан тыс қымбат болуы тек автокөліктің қымбаттауына себеп болмаған. Ол отандық ауыл шаруашылығы мен логистиканың да дамуын тежеп отыр. Себебі, біздің елде шет елдерден импортталатын ауыл шаруашылығы техникасы мен ауыр жүк көліктерінен алынатын утилизациялық алымның мөлшері адам шошырлық. Салдарынан
Қазақстанға жылына кемінде 1 мың дана жаңа ауыр жүк көлігі керек болса, соңғы 5 жылда орта есеппен 180 дана ғана келген. Қазір елдегі жүк көліктерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Елімізде тауардың елеулі бөлігі автожолдар арқылы тасымалданатынын және оның ұзақтығы шығыстан батысқа дейін 3 мың, ал оңтүстіктен солтүстікке дейін 1600 шақырымға созылып жатқанын ескерсек, логистикалық шығын тауардың бағасына қатты әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, аталған проблема сауда-саттықтың дамуын тежеп қана қоймай, инфляция мен жаппай қымбатшылыққа да себеп болып отыр.
Агросектордағы жағдай да аса күрделі. Ұсақ шаруашылықтарды айтпағанда орта және ірі фермерлердің өзі жаңа трактор мен комбайндар сатып алуға қиналады. Ал қазіргі дәуірде техникасы сай емес фермердің бәсекеге қабілетті болуы мен дамуы екіталай. Айналып келгенде утилизациялық алымдардың қымбаттығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Мамандар осының бәрін ескере отырып жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасынан утиль алымды мүлде алып тастауды ұсынады. Бұл тұтас экономиканың дамуына мультиплекативті әсер беретіні анық.
Президент 11 қаңтар күні Мәжілісте сөйлеген сөзінде «Мемлекеттің утилизациялау, отандық автокөлік және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау өнеркәсібіне қолдау көрсетуге бағытталған функциясын ешкім алып тастаған жоқ. ...Утилизациялық алымның есебінен отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер ұсыну мәселесін қарастырған жөн» деген болатын. Енді осы мәселеге тоқталып өтсек. Бұған дейін елімізде утиль алымнан түскен қаржының есебінен отандық автокөліктерді сатып алушыларға жеңілдетілген несиелер берілгені белгілі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыздан аспайтын бұл автонесиелер расында тиімді еді. Алайда, бұл бағдарлама бойынша сатылатын автокөліктің саны өте шектеулі болды. Кезек пен өзге де бюрократиялық кедергілердің салдарынан бұл әдіс отандастарымыздың көлік құралдарына деген сұранысын қанағаттандыруға жарамады. Ал ваучер ше?
Негізі Қазақстанда ескі автокөлігін утилизацияға тапсыратындарға қазір де ваучер ұсынылады. Мәселе, тағы да оның мөлшерінде болып тұр. Егер утиль алым шамадан тыс көтерілген болса, ваучердің номиналы тым төмен. Бүгінде тозығы жеткен автокөлігіңізді (бірақ, құжаттары түгел болуы және жүріп тұруы шарт) утилизацияға өткізсеңіз, 200 мың теңгелік сертификатқа ие боласыз. Оны жаңа отандық автокөлік сатып алу кезінде пайдалануыңызға болады. Бірақ, ең арзан жаңа автокөліктің нарықтағы бағасы 5-7 миллион теңге екенін ескерсек, қазіргі ваучердің мөлшері тіпті күлкілі екенін ұғасыз. Мамандар ваучер тиімді құралға айналу үшін оның мөлшері жаңа көлік құнының 10-15 пайызына жетуі керек дейді.
Жалпы, қоғамдағы кез келген мәселені шешудің тиімді жолы – тараптардың конструктивті әрі ашық диалог құруы. Мемлекет басшысы «Бұл мәселені бизнес және қоғам өкілдерімен конструктивті түрде талқылау қажет» деуі содан. Біз де «келісіп пішкен тонның келте болмасына» сенеміз.