«НҰРЛЫ ЕРТІС» ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ШАҚЫРАДЫ Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1762 раз

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытын, яғни «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағытын түсіндіру және насихаттау мақсатында Шымкент қаласына Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынан арнайы делегация келді.

597

 

Делегация құрамында Павлодар облысы Екібастұз қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы Ш.Уәлиханов, Жамбыл аудандары мен Қостанай облысы Денисов аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары мен мамандары бар. Теріскейден келген қонақтар «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығында шымкенттік көп балалы аналар және аз қамтамасыз етілген отбасылардың мүшелерімен кездесіп, солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда көрсетілетін қолдау шараларымен танысты. 

— Осы бағдарлама қабылданғалы 4 жылдың ішінде Павлодар облысына Оңтүстіктен 7 мыңнан астам азамат көшіп барды. Сіздердің кез келгендеріңіз біздің өңірге қоныс аудара аласыздар. Әсіресе, көп балалы отбасыларды біз құшақ жая қарсы алып, барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін отбасының ең болмағанда бір мүшесінің мамандығы болса жеткілікті. Ол міндетті түрде жоғары немесе арнайы орта оқу орны емес, кәсіптік бағытта, жұмысшы мамандықтар болса да жарай береді. Содан кейінгі керегі – жұмыс істеймін, өз өмірімді жақсы жаққа өзгертемін деген ниет қана, – деді
Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің меңгерушісі Меруерт Есенбаев.
Оның айтуынша, қоныс аударушыларға бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл қаржы көші-қон шығындарын өтеу үшін қажет. Оның мөлшері – отбасының әрбір мүшесіне 205 мың теңгеге шамалас. Бұған қоса көшіп барған кезде отбасының еңбекке қабілетті әр мүшесі жұмыспен қамтылады. Мамандардың айтуынша, егер сіз таңдаған елдімекенде бірден қоныстанатын бос үй болмаған жағдайда 1 жылға дейін мемлекет баспананы жалға алу шығындарын өтеп отырады. Оның мөлшері қалалық елдімекендер үшін 87 мың теңге болса, ауылды жерде 61 мың теңге болып белгіленген. Бұл қаржыға солтүстікте жайлы баспана жалдап тұруға болады. Осы мерзім аралығында қоныс аударушылардың баспана мәселесі де шешімін табады.
— Өткен жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Нұрлы Ертіс» атты жаңа шағынаудан салынды. Оған Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жүрген 300-ге жуық отбасы, шамамен 1500 адам көшіп барды. Олардың барлығы түбі осы оңтүстіктің тұрғындары болған. Елордаға жұмыс пен жайлы өмір іздеп барғанымен, баспана ала алмай, пәтерден пәтерге көшіп жүрген. Олардың алғашқылары Нұр-Сұлтан қаласына көшіп барғанына 15 жыл болған екен. Екібастұздан тегін баспана мен тұрақты жұмыс ұсынылғанда, олар қуана келісті. Осындай жаңа үйлер біздің облыста биыл да салынады, – деді
М.Есенбаева.
Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының тұрғындары да сөз алып, өз өңірлеріндегі мүмкіндіктерді әңгімеледі. Тұрғындардың көші-қонға қатысты барлық сұрақтарына жауап берілді.