ЦИФРЛАНДЫРУДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП Избранное

Среда, 06 Декабрь 2023 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1008 раз

Шымкент қаласында қазір байланыс операторларының 1200-ден аса базалық станциясы бар. Оның басым бөлігі Kcell мобильді операторына тиесілі. Заман талабына сай интернет жылдамдығын асыру мақсатында биыл 126 орынға 5G технологиясы негізінде базалық станция орнатылыпты. Бұл жайында қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов баспасөз турында айтты.

siv-1

 

5G базалық станциялар көбейді

БАҚ өкілдері ең алдымен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры ғимаратына орналасқан 5G базалық станциясымен танысты. Бұл базалық станция театр маңындағы 1 шақырым аумақты жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтиды. Басқарма басшысының айтуынша, 4G технологиясымен таралатын интернет жылдамдығы секундына 10 Мбит-тен жоғары болса, қазіргі озық технологиядағы станцияда 100-200 Мбит аралығында болады.
–Бүгінде тұрғындар интернет жылдамдығы төмендегені жайында жиі шағым айтып жүр. Шындап келгенде бір базалық станция мың абонентке интернет таратуға қауқарлы. Қазіргі ресми мәліметке сәйкес, қала халқы 1,2 млн болғанымен шаһарға күнделікті келіп жұмыс істейтін, келіп-кететін қонақтар, студенттер барлығы интернетті кеңінен қолданатынын да ескеру қажет. Сондықтан да қолданыстағы 1200-ден аса базалық станцияның қуаты жетпей отыр. Одан бөлек, кейбір аумақта халықтың тығыз қоныстануы, жер бедерінің сай жерде орналасқаны да желінің таралуына әсер етеді. Интернет жылдамдығынан мәселе туындамауы үшін қаламызда кем дегенде базалық станция саны 3 мыңнан асуы керек. Біздің басқарма байланыс операторларымен бірлесе осы мәселені шешуде кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамту үшін байланыс операторларына қолданыстағы 3G мен 4G станцияларын қайта жаңғыртуға және олардың санын қажеттілікке сай көбейтуді ұсынып отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Білім ұяларында мәселе жоқ

Мұнан кейін №65 мектеп-гимназиясындағы интернет сапасын бақыладық. М.Кемеловтың сөзінше, 2022 жылы қаладағы мемлекеттік білім мекемелерінде интернет жылдамдығы 20 Мбт-дан төмен болғанын көрсеткен. Биылдан бастап, барлық орта білім мекемлері 150 Мбт-пен қамтамасыз етіліпті.

siv-2


–Қазір мектебімізге жылдамдығы секундына 150 Мбт интернет келіп тұр. Оның 20 Мбт бухгалерлік қызметке, 30 Мбт мектеп ішіндегі дабыл батырмалары мен турникеттерге берілсе, 100 Мбт -ті оқу процесіне бағыттадық. Оның ішінде цифрландырылған білім платформалары, оқушылардың білім көрсеткішін бақылау мониторингін интернеттің көмегімен жүзеге асырып жатырмыз. Кей жағдайда интернет жылдамдығы 150 Мбт-дан төмендейтін жағдай орын алып жатса, қалалық цифрландыру басқармасына хабарлап, олқылық дер кезінде жойылады, – деді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп гимназиясының директоры Алмаз Қайыпов.

10 мың абонентке талшықты оптикалық желіні жеткізген

Қала тұрғындарына интернеттің қолжетімділігін арттыру бағытында талшықтық оптикалық желінің де өзіндік салмағы бар. Биыл қалада 20 елді мекенге осындай желіні тарту жоспары енгізілген екен. Бүгінгі күні 16 елді мекенге желі тарту жұмыстары аяқталыпты. Осылайша Қайнарбұлақ пен Бозарық саяжайы,Нұршуақ, Бозарық шағынауданының жаңақұрылысы, Ынтымақ -1,2, Оңтүстік, Самал-1, Кіші Самал, 112-орам, Карл-Маркс, Тассай, Тараз, Шапағат, Асар-2 және Мирас шағынаудандары талшықты оптикалық желімен қамтылған. Қалған 4 елді мекенде желі тарту үшін қажетті құрал-жабдықтарды монтаждау жұмысы атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін 300 мыңнан астам қала тұрғыны оптикалық желінің игілігін көреді. Бүгінге дейін қала орталығын оптикалық желімен қамту ісінде 4 белсенді компания болса, 2021 жылдан бастап қала нарығына 3 компания қосылды. БАҚ өкілдері ат басын бұрған нысанның бірі – шалғай елді мекендерді талшықты оптикалық желімен қамтуда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отырған «Ilink.net» компаниясы. Бұл компания бүгінге дейін 7 шағынауданды оптикалық желімен қамтыған.

siv


– Негізінен, оптикалық желіні елді мекендермен салыстырғанда қала орталығына тарту әлдеқайда тиімді. Өйткені бірнеше көпқабатты үйдегі пәтер саны бір шағынаудан халқына пара-пар. Мұндай жерге компаниялар аз шығынмен көп абонентке ие болады. Біз Шымкент қаласының нарығына кіргелі тек елді мекендерге оптикалық желі тарту жұмысын атқарып жатырмыз. Шымкент қаласында қазір 10 мыңнан астам абонентіміз бар. Одан өзге кәсіпкерлік нысандарды да желімен қамтуға атсалысып жатырмыз. 2024 жылы Жайлау мен Қорғасын-1,2 шағынаудандарына талшықты интернет жеткізуді жоспарлап отырмыз. Әр жаңа шағынауданға желі жүргізген сәтте алғашында тұрғындар оң қабақ таныта қоймайды. Бұл мәселені түрлі акция мен бонустар арқылы шешуге тырысып жатырмыз. Мұндай маркетинг тәсілдердің арқасында біз де оң нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз, – деді «Ilink.net» компаниясының директоры Жандос Түкібаев.

Бірыңғай байланыс орталығының операторы көбейді

«Шымкент қаласының ситуациялық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі кез-келген мәселе бойынша қала тұрғындары хабарласа алатын бірыңғай байланыс орталығы.
Бүгінгі күні қалалық ситуациялық 109 бірыңғай байланыс орталығы 24/7 тәртібінде жұмыс істейтін, қала тұрғындарымен кері байланысатын жалғыз мекеме. Орталыққа келіп түскен барлық өтініштер өңделеді және тіркеу нөмірі беріліп, тұрғындар өтініштерінің арнайы тізіміне енгізіледі. Белгіленген мерзімде шешу үшін әрі қарай мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтерге жіберіледі. Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап бұр орталықта оператор саны 36-дан, 46-ға дейін ұлғайды. Мұны қалалық цифрландыру басқармасының басшысы М.Кемелов былай деп түсіндірді.
–Орталықтың «109» қысқа нөмірімен қоса «87777109109» ватсап, Instagram желісіндегі «@ishymkent109», Facebook желісінде «Ikomek 109 Shymkent» және мобильді қосымша «iKolік» арқылы тәулігіне 800-ден астам шағым мен ұсыныс келіп түседі. Тұрғындардың басым бөлігі «109» нөміріне қоңырау шалғанды құп көреді екен. Орталыққа келіп түскен мәселенің 80 пайызы бір рет қоңырау соққаннан шешіледі. Негізінен, тұрғындар мейлі қоңырау болсын немесе әлеуметтік желіден шағымданса да, оның орындалу барысы бірнеше кезіңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қала тұрғыны қоңырау арқылы операторға мәселесін жеткізді делік, екінші кезеңде мәселе инспекторлардың алдына келеді де, оны саласына қарай тиісті басқармаларға сұрыптайды. Одан кейін мәселенің орындалуы үшін тиісті мекемелерге хат ретінде жолданады. Төртінші кезеңде ұсыныс немесе шағымның орындалғаны жайында хабарласқан тұрғынмен кері байланысқа шығады. Егер мәселенің шешіміне тұрғын қанағаттанса жабылады, егер қанағаттанбаса қайта қарау үшін тиісті мекемеге жіберіледі. Операторлар санының артуы тұрғындардың талап тілегінің оң шешілуіне көбірек жол ашады, – деді басқарма басшысы.
Шымкент халқының мәселесін қашықтан-ақ оңтайлы шешу үшін орталық бүгінде 123 мекемемен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Оның ішінде 22 басқарма, 5 аудан әкімдігі, 7 монополист компания, 71 денсаулық сақтау мекемесі, ТЖ департаменті, 10 лифттерге қызмет көресететін мекеме, қоғамдық тасымалдаумен айналысатын 4 компания және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бар. Жыл басынан бері орталыққа 204 мыңға жуық арыз-шағым түсіпті. Бүгінге дейін оның 200 985-і орындалып, қалған бөлігі қаралып жатыр. Тұрғындар «109» байланыс нөміріне көбіне кеңес алу үшін хабарласады екен. Осы мақсатта биылғы 136 766 қоңырау соғылыпты, арыз-шағым – 669 717, ұсыныс – 3 және тұрғындар 430 қоңырауды алғыс айту үшін соққан.