Әлеуметтік қолдау орталығында азаматтарға бес бағытта кешенді қызмет көрсетіледі. Мұнда өткен жылы мүгедектігі бар 9 мыңға жуық азамат орталық қызметіне жүгінген. Мекеме қызметін тұрақты алатын азаматтың бірі – Бөрібек Қабылбекұлы.
–Орталық 2021 жылы ашылды. Содан бері, әлеуметтік қолдау бойынша қажетті кеңестерді осы жерден аламын. Инватаксиге өтініш береміз, барлық сала цифрландыру жүйесіне көшіп жатқандықтан электронды үкімет арқылы қызмет алуды үйрендік. Мекеменің екінші қабатында түрлі үйірмелер бар. Ән, домбыра, кітапхана, тоқыма тоқу, арт-сурет салу үйірмелері жұмыс істейді. Бос уақытымызды көбіне осы жерде өткіземіз. Мерекелік іс-шара көңілімізді көтерді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, - дейді Б.Қабылбекұлы.
Мерекелік іс-шарада оңтүстікке танымал өнерпаздар ән айтып, би биледі. Ал, орталық қызметкерлері ұлттық тағамдарын ұсынды.
Айта кетейік, орталықта жұмысқа орналастыру және құқықтық, психологиялық кеңес беру қызметтері де жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орталық еңбек және музыка терапиясы, кітапхана, психология кабинеттерімен толыққан.
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ