Өнерлі өрде озар Избранное

Среда, 06 Сентябрь 2023 04:06 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2720 раз

Бейсбековтер отбасы республикаға жолдама алды

Отанды сүю – отбасынан басталады. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортаға және Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет, адал еңбек секілді ұғымдар осы отбасында қалыптасады. Әр отбасындағы бекем бірлік, татулық, еңбексүйгіштік мемлекеттің дамуына ықпал етпек. Елімізде үлгілі отбасылар көп. Мұндай өнегелі отбасылар елімізде жыл сайын дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында анықталады.

250

 

Сайыстың ұйымдастырудағы мақсат – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру үшін отбасылық өмір салты, ата-ананың өнегесі, оның үлгі етер қасиеттерін ұрпақ санасына сіңіріп, жастарға жарасымды отбасы құндылығын кеңінен насихаттау. Алдымен байқауға қатысушы отбасылар аудандық кезеңде іріктеліп, қала деңгейінде бақ сынайды. Ұлттық байқау ең алғаш рет 2013 жылы ұйымдастырылды. Содан бері оған қатысып, өзінің өнегесін көпке үлгі етуге ниет еткен отбасылар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы байқаудың алғашқы сатысына қаланың 4 ауданынан 126 отбасы өтінім беріп, оның 16-сы қалалық деңгейді бақ сынаған болатын. Биыл бес ауданнан 178 отбасыдан өтінім түсіп, 20 отбасы шаһардағы ақтық сынға түсті. Оның ішінен Бейсбековтер үздік атанып, ұлттық байқаудың республикалық кезеңіне жолдаманы жеңіп алды. Қатысушылар салтанатты түрде марапатталды.
– Отбасы – қай заманда болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргетасын нығайту арқылы ел болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, өнер көрсеткен барша отбасыларды шын жүректен құттықтаймын!, – деді салтанатты кеште Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.⁣⁣
«Мерейлі отбасы» конкурсының талаптары бойынша қатысушы отбасының еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік бағытта түрлі жетістіктері болуы қажет. Болатбек Бейсбековтің отбасы ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген жандар. Бұл әулеттен өрбіген ұрпақтар ата кәсібінен айнымай, он саусағынан өнер тамған шебер атанған. Отағасы Болатбек Бектасұлы асқаралы 63 жаста. Бүгінде «Алтын орда» көркемсурет галереясында сурет пен қолөнерді жастарға дәріптеп, үйренуге бел буғандарға саланың қыр-сырын үйретіп келеді. Жетістіктеріне тоқталсақ, 2017 жылы VIII Республикалық «Тәуелсіздік толғау» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурстың «Ең үздік қолөнер туындысы» номинациясы бойынша I орынды еленген. Онда «Ереулі атқа ер салмай, ерлердің ісі бітірме!?» атты еңбегі сынға түсіп еді. Суретші бұған дейін қылқаламынан туған өнерін «Асыл мұра» жеке шығармашылық көрмесінде көптің назарына ұсынған. Б.Бейсбековтың жұбайы да ұлттық өнерден алыс емес. Күләш Айдарбекова да сурет пен қолөнерді жанына серік еткен жан. Қос қолөнер шеберлерінен өрбіген перзенттері Эльмира Болатбекқызы – заңгер, Әлия – дәрігер. Мұнан кейінгі балалар әке жолын қуыпты. Ұлы Берік Болатбекұлы былғарыны көркемдеп өңдеудің шебері, қыздары Венера мен Ақбота қолданбалы өнер жолын таңдаса, отбасының кенжесі Арайлым интерьер дизайнері екен. Беріктің жұбайы Мадина Нұрланқызы көркем тоқыманың шебері. Ол 2017 жылы Қазақстан қолөнер шеберлерінің «Шебер»байқауының жеңімпазы атанған. Бүгінде қаламызда тоқыма өнерін жаңғыртып әулеттің мақтанышты келіні атанып отыр. Осындай өнерлі отбасы қалай мерейлі болмасын?!
Шаңырағы шаттыққа толған, ұлттық тәрбиені ұлықтайтын отбасын алда «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңі күтіп тұр.