Атом электр станциясын салу – ұзақ мерзімді жоба!
Пятница, 04 Октябрь 2024 07:03Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат депутаттарымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
«АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал ететінін» айтты.
Маңызды тарихи месседж Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты инфрақұрылымдық жобасы бола алатын атом электр станциясының әлеуетті құрылысын өз мойнына алады.
Іс жүзінде АЭС елдің технологиялық дамудың жаңа кезеңіне кіруін белгілеу. Тарихи тұрғыдан алғанда, табысты елдердің бірде-бір экономикалық өрлеуі энергия көздеріне қол жеткізу саласындағы революциясыз аяқталған жоқ. АЭС-бұл таза энергияның және Қазақстан экономикасының үздіксіз өсуінің ұзақ мерзімді кепілі болса керек. Бұл келесі ұрпақтың өміріне әсер ететін негізгі жобалардың бірі. Тоқаев сөзінен осыны аңғаруға болады.
6 қазан күні осы АЭС құрылысының салыну, салынбауын шешетін референдум өтеді. Яғни АЭС құрылысы әлі басталған да жоқ. Оны бүкіл ел білсе керек еді. Алайда, осыдан бірнеше күн бұрын Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында атом станциясын салу жұмыстары басталып кетіпті деген хабар тарап, онсыз да алаңкөңіл жұртты бір шулатты. «Бақсам бақа екен» дегендей, артынан оның Балқаш ЖЭС құрылысына қатысты ақпарат екені анықталды.
Жалпы ел тарихындағы елеулі оқиғалар кезінде түрлі болжам жасалып, хайп пен жалған ақпараттың қарша жауатын қашанғы әдеті. Онсызда, Тука айтпақшы «өр, өрме» деп отырған халықты шатастыра бермеген дұрыс шығар. Нақты дерек көзіне, әңгіменің қисынына сенген жөн деп ойлаймын.
Ержан Жаубай
Mezgil.kz
Асуан Сиябеков: АЭС дегеніміз – электр энергиясын алу
Пятница, 04 Октябрь 2024 07:00Қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналып үлгерген АЭС тақырыбы жайлы алып қашпа әңгімелер туралы нақты жауап білу үшін, "ҚАЭС" ЖШС бас менеджері Асуан Сиябековпен сұхбаттастық.
- Қарапайым халық АЭС десе түтінмен ауаны ластап, радиациясымен флора фаунаны улап жатқан дүниені елестеді. Қарапайым тілде халыққа әуелі АЭС құрылымын түсіндіре кетіңізші.
- АЭС дегеніміз – электр энергиясын алу. Мәселен ЖЭО-нан, көмірден, судан, желден, күннен де энергия аламыз. Ал бұл жерде атом реакцияларының әсерінен энергия алу көзі болып табылады. Бұл жердегі негізгі бөлшек – атом. Атомдар тізбектік реакцияға түсіп, жылу бөлінеді. Атом энергетикасының құрылымын айтар болсақ, бұл жерде атом реакторы жұмыс істейді. Яғни, уран қолданылады да, ураннан жылу бөлінеді. Жылу жібергіш құбырлар арқылы АЭС-тың бірінші контурына барады. Бұл жерде қысым қолданылғандықтан су қайнамайды. Артынша, жылу екінші контурға беріледі. Ол жақтағы су қайнап буға айналады. Ары қарай бұл бу трубиналарға бөлініп, электр энергиясын генерациялайтын құрылғыдан электр энергиясы алынады.
- Қазір қазақстандықтардың басым көпшілігі АЭС-тің Қазақстанда салынуына наразы. Бұл қаншалықты қауіпсіз және Қазақстан оны қалай пайдаланады?
- АЭС көбінесе халықтың пікірінше жарылып кетеді деп ойлайды. Қазіргі таңда 3 және 3+ реакторлардың жарылуы мүмкін емес. Атом бомбасы мен атом электр станциясының айырмашылығы жайлы айтайық. Атом бомбасы жайлы бәрі біледі шамасы. Семей полигонында сыналып, халықтың зардап шеккені, 50 жыл бойы қаншама сынақ жасалып соның салдары ауыр болғаны жайлы баршамыз білеміз. Қазіргі таңда осылардың әсерінен үлкен қорқыныш, радиофобия бар. Атом бомбасының құрылымы жайлы айтатын болсам, мәселен атомдар бөліну реакциясы деген дүние болады. Жоғарыда айтқанымдай тізбектік реакциясы болады. Атом станцияларында қауіпсіздік өзектері арқылы бақыланады. Сондай - ақ, бұл жерде отынға да тікелей байланысты. Яғни, Уран - 235-тің реактордағы үлесіне байланысты. Табиғатта уранның екі түрі кездеседі. Олар: Уран 238 және Уран 235. Бізге қажеті екіншісі. Алайда Уран 235 табиғатта сирек кездеседі. Сол себепті де оны көбейту арқылы ала аламыз. Уранның бұл түрінің 5 пайызы ғана АЭС-те қолданылады. Тіпті бес пайызға да жетпейді. 4.45, 4.5 пайызы қолданылады. Ал атом бомбаларындағы Уран-235-тің үлесі 90% шамасында. Яғни, өте үлкен. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан да, аталған 5% атомның жарылуына әкеп соқтырмайды. Отынның бір-біріне жақын орналасуы жағынан жаңа айтқандай қауіпсіздік өзектері орнатылғандықтан олар жақын жанасып реакцияға түсіп кетпейді.
Қазіргі таңда барлық жерде айтылып жатқандай энергетиканың болашағы бұлыңғыр. Қарапайым мысал, Екібастұздағы жағдайды еске алайық. Соңғы мәліметтер бойынша энергетика өндіретін электр қондырғылардың, линиялардың 70%-ы тозған. Одан бөлек Қазақстан қазіргі таңда әртүрлі келісім шарттарда отыр. Мәселен дүниежүзілік декорбанизация арқылы бүкіл әлемде таралып жатқан көмірқышқыл газдарын азайту мақсатында келісім шарттарға қол қойылып жатыр. Әрине қазіргі таңда бізде көмір қоры өте көп. 300 жылға жететін көмір бар. Оны жағып отыра берсек те болады. Бірақ та, аталған келісімшарттардың арқасында біздің нарыққа шығаратын заттарымызға өте үлкен салық мөлшерлемесімен кесірі тиіп кетуі мүмкін. Бұл біздің елдегі қымбатшылыққа әкеліп соғады.
Жылдан-жылға электр энергиясын тұтыну көбейіп келе жатыр. Былтырғы көрсетікіштер бойынша бізде 16 Гвт электр энергиясын тұтынып отырмыз. Бұл жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайтыны анық. Елдегі энергетиктердің, экономика саласының мамандардың болжауы бойынша 2035 жылы осыншама энергия жетіспеушілігі болады деген пікір бар. Олардың баламалы энергия көздерінің де шамасы жетпей жатса энергияны қайдан аламыз деген тақырыпты қозғауы да бекер емес. Әр генерацияның өз орны бар. Баламалы энергия көзін базалық энергия көзі ретінде ала алмаймыз. Сол себепті де АЭС салу қажет деп ойлаймын.
- Атом энергиясының жел, күн, су энергиясынан тиімділігі қаншалықты?
- Жоғарыда айтқанымдай әр генерация көзінің өзіндік орны бар. Желдің де, күннің де, судың да, АЭС-тің де. Біз баламалы энергия көздерін мүлде алып тастай алмаймыз. Бұл бізге керек. Оны біз қолдануымыз керек. Алайда, баламалы энергия көздерін, мәселен жел мен күнді базалық генерация көзі деп айта алмаймыз. Яғни бізде, электр энергиясын қолданудың әртүрлі санаттары бар. Мысалы, пиктік кезеңдер болады. Таңертең және кешкі уақытта, қыстыгүндері қолдану жиілеген кезде баламалы энергия жүйелері ондай қуаттылықты бере алмайды. Берген күннің өзінде, сөніп қалса жарықсыз немесе жылусыз отыра алмаймыз ғой. Сондықтан да, базалық энергияны біз ЖЭО-дан аламыз және де базалық энергия көзі деп біз АЭС-ті қарастырамыз. АЭС – үздіксіз 60 жыл бойы бір қуаттылықта жұмыс істеп тұра алады. Ал біздің көмірмен алатын генерация көздері 40 жылға дейін шамасы жетеді. АЭС жұмысы оптимистік тұрғыда эксплуатациясы жарамды болса, 60 жылдан ары қарай 20 жылға жұмысын ұзартуға болады.
- Бізде Қазақстанда Маңғыстау өңірінде бұрын АЭС болған деседі. Осы туралы айта кетіңізші?
- 1973 жылы Ақтау қаласында БН-350 реакторы жұмыс істеген болатын. БН (быстрый нейтрон) яғни жылдам нейтронды өнеркәсіптік реактор болып табылады. Бұл жердегі жылу жібергіш зат натрийлі жылу тасығыш деп аталады. Аты айтып тұрғандай 350 қуатты энергия көзін беретін реактор болатын. Оның ішінде 150 мВт электр энергиясы 100 Мвты жылу энергиясын беретін. Бұл реактор бізде 1998-99 жылдарға дейін жұмыс істеп келді. Артынша реактордың жұмысы біткендіктен жабылып қалды. Ары қарай оны газбен жұмыс істейтін қондырғыларға ауыстырып тастады. Қазір ол Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының құрамындағы реакторлардың бірі болып саналады.
- Бүгінде АЭС құрылысы Балқаш маңындағы Үлкен ауылында салынады деп бекітілді. Бұл Балқаш көліне, ондағы тіршілік иелеріне кері әсерін тигізбей ме? Радиоактивті қалдықтар қайда кетеді?
- АЭС-ті салмас бұрын қоршаған ортаға әсерін болмауын негізге алады. Бұл қағидаттарының бірі болып табылады. Бұл тақырыпты көптеген институттар, дүниежүзілік университеттер, лабараториялар зерттеген. Оның ішінде АЭХА-ның (Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттік «МАГАТЭ») зерттеулері де қаншама. Радиоактивті қалдықтардың шығып кету қаупіне қатысты қаншама дәлелдемелер бар. Құрылыс кезінде және де пайдалану кезінде технологиялардың барлығын сақтай отырып салынса, қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайды. Мәселен энергия дозасы деген нәрсе болады. Сіз бен біздің күнделікті ауадан, күннен алатын энергияның мөлшері болады. АЭС-тің тура қасында алатын энергия әсері де дәл сондай. Адам құрамында калийі бар бананды жеп те көп доза алады. Апатты жағдайларды есептемесек, доза мөлшері АЭС маңында да және барлық жерде бірдей болады. Апатты жағдайдың болу ықтималдығы 10-7 – ге тең.
АЭС-тан шығатын радиоактивті қалдық өте аз. Оны тұрмыстық қалдық секілді алып АЭС шетіне апарып көме салу, суға ағызып жіберу деген дүниелер мүмкін емес нәрсе. Радиоактивті қалдықтарды ешқайда тығып та қоя алмаймыз. Тығып қойғанның өзінде де, АЭХА-ның спутниктік қондырғылары өте сезімтал болып келеді. Оны көмген жерге тастасақ, бірден білініп қалатын нәрсе. Өзімізді алдап не керек? Сондықтан да, оның өзіндік сақтайтын регламенті бар. Реактордың жұмыс өтілі біткеннен кейін қалдықтардың жылу бассейндеріне салып қоямыз. Әрине, уранның жартылай ыдырау периодынан кейін қауіпті болуы мүмкін. Бірақ оның өзіне 4.5 миллион жыл қажет болады.
- Елімізде АЭС салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз етілу жағына қалай баға берер едіңіз? Елімізде бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма?
- Ядролық энергетиканы жеткізушіні таңдаған кезде осы сұрақ та қызу талқыда болды. АЭС-ті саламыз деп келісім шарт жасалғаннан кейін ішінде арнайы пункттері бар. Мысалы, 10 жыл бойы АЭС салынып жатқан болса, құжаттар дайындау бойынша 5 жыл негізгі құрылым, ал он жылда екі буынды дайындап үлгеруге болады. Одан бөлек тағы бір айта кететін жайт, бізде Қазақстанда атом саласында жүрген 20 мың адам бар. Алматыда бәріміз білетін Ядролық физика институты бар, Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық бар. Ол жердің өзінде қаншама адам жұмыс істейді. Жаңа айтқан Ақтау қаласында БН-350 – де жұмыс істеген мамандар бар. Өскемен қаласында УМЗ зауыты бар. Ол жақта өзіміздің отынымызды жасаймыз. Сонымен қатар, үкіметтік органдарда қаншама адам, қаншама лабаратория бар. Соның барлығын қосқанда бізде 20 мың адам шығады. Ал бізге АЭС-ке 2000 адам керек. Атом технологиясы бойынша жұмыскерлерді іріктеп алуға болады. Одан бөлек «Болашақ» бағдарламасымен оқыған мамандар қаншама. Өзіміздің ҚазҰУ және де ЕҰУ-да да ядролық физика бойынша студенттер даярланады. Сол себепті де кадр тапшылығы болады дегенге сену қиын. Шет елден әкеліп жұмыс істеткенше, өзіміз 20 мың адам арасынан іріктеп алғанымыз дұрыс болатын шығар.
- АЭС-те қандай жағдайда төтенше жағдай орын алады?
- Жерді таңдайтын кезде оның метеорологиялық,гидрологиялық, сейсмикалық жағдайы қарастырылады. Ең бірініші сейсмикалық жағдайына қатты мән береді. Қазіргі реакторлардың қауіптілігінің жылдамдық бойынша үдеуі шкала бойынша 8-9 баллдық жер сілікінісіне шыдайтын реакторлар. Біз қазір тек қана соны қарастырып жатырмыз. Неге Америкаық технологияны, неге Жапонияны қарастырмайсыздар деген пікірлер де айтылады. Десе де, бізге қажеті қауіпсіз, қолайлы түрі.
Әңгімелескен:
Дина ЛИТПИН
АЭС – тұрақты энергия көзі
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:41Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасында елімізде қызу талқыға түсіп жатқан АЭС салу мәселесі талқыланды. Жиынға Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, ақын – жазушылар, басқармаға қарасты мекемелер қызметкерлері қытысты. Баяндамашылар атом энергетикасының пайдалы тұстары мен экономика мен экологияға тигізер әсерін, дамыған елдердің атом энергетикасы тәжірибесін сөз етті.
– Электр энергиясы мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші екендігін ескерсек, елімізде АЭС салу ел тәуелсіздігінің тағы бір көрсеткіші болары сөзсіз. Дамыған елдер атом электр станциясын салдырып, соның арқасында алға жылжып, ел экономикасына зор ықпал етіп отыр. АЭС салу мәселесін еліміздегі ғалымдар жан-жақты зерттеп, осындай тоқтамға келгені белгілі. Болашақта АЭС еліміздің дамуына да зор серпін әкеледі деп сенемін, – деді Шымкент қаласының қуғын сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері Ботагөз Нұрқұлова.
А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының директоры Н.Романова, жас ақын С.Сейітов те сөз алып, барлық қатысушыларды алдағы өтетін референдумға бірауыздан атсалысуға шақырды.
Кітапханашалар АЭС құрылысын қолдайды
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:40Орталықтандырылған балалар кітапханалары жүйесінде кітапханашылар арасында ҚР Президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша талқылау өткізілді.
Жолдауда әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінгенін, балаларды құмар ойынға тартқандарды әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатынын, кәмелетке толмаған балаларға зорлық – зомбылық көрсеткені үшін жаза қатаңдағанын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуін, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуына арналған заң қабылданғанын айтылды.
№7 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі А.Құрмашова: «2025 жылды Жұмысшы мамандары жылы» деп жарияланғанын, ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойылғанын, қарақшылықты түп – тамырымен жою қажеттілігін, түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіресе, діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты, құқық қорғау органдары батылдық және табандылық танытуы қажет екендігі Жолдауда көрсетілгендігіне тоқталды.
Кітапханашы Ә.Қабылова «Жайлы мектеп» жобасына, бұқаралық спортқа көңіл бөлінетіндігіне тоқталды.
Сонымен қатар, АЭС салу мәселесіне қатысты жалпы ұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін нақтыланды. Кітапхана қызметкерлері осы Жолдау бойынша өз ойларын айтып, қолдау білдірді.
Ұ.Бакирова,
Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар
кітапханалар жүйесінің библиографы
БҰЛ МЕРЕКЕ САНАЛЫ ҒҰМЫРДЫҢ АЙНАСЫ
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:16Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазанда өткен халықаралық қарттар күніне орай қаламыздың Құрметті азаматы және еңбек ардагері Медеуов Шерім мен Омаров Мұхан Омарұлын құттықтап, сыйлықтар табыстады. Шаһар басшысы ақсақалдарға және олардың отбасына мықты денсаулық, табыс, ұзақ өмір және амандық тіледі.
250-ДЕН АСА ӨТІНІШ ҚАРАЛДЫ
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:15Шымкент қаласының әкімдігінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, оның орынбасарлары, сондай-ақ, аудан әкімдері мен басқарма басшылары азаматтарды кезекті қабылдауды өткізді.
АЭС – ТҰРАҚТЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:14Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасында елімізде қызу талқыға түсіп жатқан АЭС салу мәселесі талқыланды.
НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ
Пятница, 04 Октябрь 2024 06:13Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралауы барысында Нұршуақ және Жұлдыз шағынаудандарында салынып жатқан заманауи мектептердің құрылысын тексерді. Оқу орындары пайдалануға беруге дайын. Үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталады.