«Қазпошта» онлайн-сауданы дамытуды қолға алды Избранное

Среда, 25 Июль 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4423 раз

Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылардың көбісі онлайн-дүкендердің тұрақты тұтынушысы десек, артық айтпаған болармыз.

Kazpost

Кез келгеніміз әлеуметтік желілер арқылы киімнен бастап техника, азық-түлікке дейін тапсырыс беріп жатамыз. Мұның сатушыға да, сатып алушыға да өзіндік тиімді тұстары өте көп. Міне, сауданың осы бір тұсын кеңінен насихаттау үшін Шымкентте «Қазпошта» АҚ ұйымдастыруымен өткен семинарда украиндық мамандар шымкенттік кәсіпкерлерге дәріс өтті.
«Kazpost экспорттық мектебі» деп аталған семинарда Украинаның экспорттық мектебінің негізін қалаушы спикерлер интернет-дүкендер арқылы сату және сатып алудың соңғы жетістіктерін баяндап берді. Семинарға қатысқан 80-жуық кәсіпкер интернет-дүкен арқылы өз істерін дамыту мен сату жайлы кеңінен мәлімет алды.
«Укрпоштаның» экспорттық өнім маманы, «E-Экспорт мектебі» жобасының үйлестірушісі Виктория Михайлова тауарды экспорттаудағы келеңсіздіктер мен жетістіктер, бизнес-модельдің негізгі бағыттары жайлы тоқталып өтті. Алты сағаттық дәріс барысында сарапшылар негізгі бизнес-модельдің жұмыс барысы мен электрондық коммерция форматында экспортты бастайтын құралдарын ұсынды. Елімізде бизнесті дамытуға қажет жағдай бар екенін атап өтіп, Қазақстанның кедендік және салық заңнамасының ерекшеліктерін талқылады. Тағы бір сарапшы Катерина Витковская онлайнды тізімдер жасау, сауданы дамыту, тауардың айналым процесі жайлы кеңінен тоқталды. Қолдан жасалған тауарларды сату үшін «ETSY» платформасымен таныстырды.
Бүгінде елімізде отандық 150 интернет-дүкен экспорт пен импортта белсенді жұмыс істеп келеді. Сауданың бұл түріне «Қазпоштаның» алар орны бөлек. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Ысқақ Бақытжан осынау семинар арқылы халықтың электронды бизнестегі сауатын ашып, әлемдік сауда аренасына шығуын көздедік дейді.
– Бүгінде қазақстандықтардың бірқатары Amazon, eBay, ASOS сияқты шетелдік интернет-дүкендерден зат сатып алады. Бірақ осы сайттарда сауда жасайтын отандастарымыз аз. Ал «Қазпошта» Қазақстандағы электронды коммерция нарығын дамыту үшін үлкен күш жұмсайды. Біз түрлі семинарлар өткізу арқылы үздік мамандарды даярлап, онлайн сауда дүкенінің инфрақұрылымын жасадық, – дейді Бақытжан Бекболатұлы. – Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – Елбасының жолдауына сәйкес «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру бойынша бағдарлама әзірлеу, бұл семинар соның бір бөлігі боп табылады. Біздің елде де онлайн-сауданы дамыту үшін «Қазпошта» АҚ тарапынан кәсіпкерлерге сауда алаңдары мен тез арада жеткізетін логистикалық қызметтерді ұсынып отырмыз.
«Қазпошта Экспорт мектебінің» келесі семинарлары Алматы мен Қарағандыда өтеді.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:10