Инвестиция – ел экономикасының драйвері Избранное

Среда, 14 Июнь 2023 05:02 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 16273 раз

5 жылда шаһар экономикасына 2 триллион теңге инвестиция тартылды

Қазақстанда 400 мыңнан астам адам қант диабетімен сырқаттанған болса, соның ішінде 40 мыңдай науқас күнделікті түрде инсулин қабылдауға мәжбүр. Мемлекет мұндай адамдарды арнайы диспансерлік есепке алып, күнделікті салынатын инсулин мен оның шприцтерін тегін береді. Сол себепті еліміз 2021 жылға дейін жылына 15 миллион дана инсулинді шрпицті шет елдерден импорттап келген болатын.

706

2021 жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауыт ашылды. «ЭкоФарм» компаниялар тобына қарасты «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен 2022 жылы зауыт 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 мың диагностикалық жиынтығын өндірді. Осылайша, Шымкентте ашылған инновациялық кәсіпорын импортты алмастыруымен шектелмей, өз өнімдерін экспортқа да шығара бастады.
Бұл – Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алып, мегаполис атанғалы ашылған ондаған кәсіпорындардың біреуі ғана. Бес жылдың ішінде Шымкентте тек өнеркәсіп саласы ғана емес, шағын және орта бизнес, құрылыс, сауда және қызмет көрсету мен аграрлық салалар да қарқынды түрде дамып отыр.
Соның айғағы ретінде қала экономикасына 5 жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылғанын айта аламыз. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, 2018 жылы шаһар экономикасына 184,6 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 549,3 миллиард теңгеге жеткен.

707

Аталған басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, биыл алғашқы төрт айдың өзінде Шымкентке 134 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент экономикасына 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары болмақ.
Егер биыл шаһар экономикасына тартылуы жоспарланып отырған инвестицияларды салалар бойынша талдасақ, негізгі үлес шағын және орта кәсіпкерліктің еншісінде екенін байқаймыз. 2023 жылы шағын және орта бизнес бағытына – 250 миллиард, индустриалды жобаларға – 56 миллиард, коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысына – 200 миллиард, туризм, көлік және сауда салаларына – 29 миллиард және ауыл шаруашылығына 15 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Осы орайда биыл жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың кейбіріне тоқталып өтсек деген ойдамыз. Мәселен, ірі жобалардың бірі ретінде «Shymkent Temir» ЖШС-інің болат блум өндірісін кеңейту жобасын айтуға болады. Компания бұл жобаға 5 миллиард теңге инвестиция бағыттап отыр. Сол арқылы қолданыстағы өндіріс кеңейтіліп, зауыттың қуаттылығы арта түседі. Нақтырақ айтар болсақ, жылына қосымша 250 мың тонна болат блум өнімдері жасалады деп жоспарланған. Бұл кәсіпорында 50-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Одан басқа «Юг PLASTIC KZ» компаниясы ПВХ-дан кәріз жүйелерін және үй шатырынан жаңбыр суын ағызуға арналған суағарлар өндіру жобасы да бар. Жобаның инвестициялық құны 1,5 млрд. теңгені құрайды және жаңа зауыт жылына 150 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде. Сонымен қатар, «HYDROGEN ENERGY» серіктестігі 4 миллиард теңге инвестиция бағыттай отырып, жылына 8 мың тонна сутегі асқын тотығын өндіретін кәсіпорын ашуды қолға алды.

708


Жалпы, бүгінде қаламызда «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл орталық қаладағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етіп отыр. Нақты айтар болсақ, «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» орталығы 33 мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсетіпті. Соның ішінде жыл басынан бері 4,6 мыңнан астам кәсіпкерді бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейін сүйемелдеп, көмектесіп отырған. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Шымкент қаласы 2021 жылдан бері қарай инвестиция көлемінің арту динамикасы бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Инвестиция көлемінің артуы, сөз жоқ, шаһардың экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына жол ашады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 2,1 трлн. теңгеден 3,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі 90 пайызға артып, 492,3 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
Әрине, осы орайда осыншама өнім қай жерде өндіріліп жатыр деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Қаланың өндірістік қуаты негізінен жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін және жалпы құны 350 млрд. теңгені құрайтын 335 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде бұл жобалардың көпшілігі іске асырылып, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға айналған. Өнеркәсіп саласындағы өнім негізінен аталған кәсіпорындарда өндіріліп жатыр. Міне, бұл Шымкент қаласында жүйелі түрде жүргізіліп жатқан индустриаландыру жұмыстарының нақты нәтижесі деп айта аламыз.
Мамандардың айтуынша, бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтар 90 пайызға толып тұр. Ал, Шымкентке инвестиция құйып, өндіріс орындарын ашқысы келетін инвесторлардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сол себепті Шымкентте жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталады. Онда қазірдің өзінде бірқатар компаниялар жаңа кәсіпорындардың құрылысын бастап кеткен. Сонымен қатар биыл жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағы да іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұнан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистика аймағының да аумағы кеңейтіліп, қуаттылығын арттыру бойынша жұмыс қолға алынған.
Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректеріне сүйенсек, алдын ала есептеулер бойынша бұл аумақтарда 398 млрд. теңгені құрайтын 271 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады деп жоспарланған.
Шымкент осы 5 жылдың ішінде бизнес жүргізуге жайлы қалаға айналды деп сеніммен айта аламыз. Ресми деректерге сүйенсек, қалада белсенді жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының саны 5 жылда 2 еседен астам көбейді. 2018 жылы Шымкентте 58 мың кәсіпкерлік нысаны болса, бүгінде олардың саны 124 700-ге жетті. Шағын және орта бизнес саласында 200 мыңға жуық шымкенттік жұмыспен қамтылған. Бұл сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 30 пайыздан, 41 пайызға дейін артты. Ал, бұл салада өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің жиынтық құны 2018 жылы 840 млрд. теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 1,9 трлн. теңгеге дейін өскен.
Шымкентте кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламадан бөлек жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы да іске асырылуда. Бұл бағдарлама аясында биыл 1,4 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412,1 млн. теңгеге қолдау көрсетілген. Бұл ретте жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін оларға жылына 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Одан басқа бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер де беру қарастырылған. Атап айтқанда, кемінде 3 жылдан бері жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісті кеңейту немесе айналым қаражатын толықтыру мақсатында жылына 2 пайыздық мөлшерменен 50 млн. теңгеге дейін несиелер алуына болады.
Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында өнеркәсіптік парктер құрылып жатыр. Яғни, жеке инвестор инфрақұрылым желілері жүргізілген дайын өндірістік ғимараттарды ұсынады. Ал, шағын және орта кәсіпкерлер сол жерден дайын ғимараттарды жалға алып, өз жұмысын бастап кетеді. Ал, мемлекет үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәсіпорындардың жалдау ақысының шығындарын өтейді. Нақты айтар болсақ, 1-ші жылы өндірістік ғимаратты жалдау ақысының – 75 пайызын, 2-ші жылы – 50 пайызын, ал, 3-ші жылы 25 пайызын субсидиялау көзделген.
Қорыта айтқанда, осыдан 5 жыл бұрын қабылданған Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесін беру жөніндегі тарихи шешім өзін-өзі ақтады деп сеніммен айта аламыз. Бұл шешім шаһар экономикасының дамуына, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің қанатын кеңге жаюына ықпал етті. Ал, бұл өз кезегінде қалада жұмыссыздықтың азаюына, халықтың табысы артып, өмір сүру сапасының артуына ықпал етіп жатқаны анық.