ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ШЫМКЕНТТІҢ ОРНЫҚТЫ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ Избранное

Среда, 29 Март 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 2345 раз

Жақында Шымкентте жылыту маусымы аяқталды. Биыл қыс қаһарына мініп, сары аяз жұртты әбігерге салғанымен, үшінші мегаполисте жылыту маусымы оқыс оқиғалар мен елеулі апаттарсыз тыныш өтті. Алайда, Екібастұздағы жылу электр станциясындағы апат пен Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы жағдайлар ірі қалалар үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетіп берді.

909

 

 Екібастұзда жылу электр станциясында ірі апат болып, халық Арқаның аязында жылусыз қалып, қатты қиналғаны белгілі. Ал, Ташкент қаласында орталықтандырылған жылу жүйесі істен шығып, жұрт үйін жаппай газбен жылыта бастаған кезде газ қысымы да төмен болып, тапшылық туындады. Сөйтіп, 3 миллионға жуық халқы бар қала тұрғындары жаппай электр жылытқыштарын қосқан уақытта электрмен қамту жүйесі де сыр берді. Бір тәуліктің ішінде бірнеше қосалқы станция мен 400-ден астам трансформатор істен шыққан. Осылайша, қаңтардың аязды күндерінде ташкенттіктердің жарықсыз, жылусыз және газсыз қалғаны көпшіліктің әлі есінде.

Мәселе шешімін тапты

Шымкенттегі 1 миллионнан астам халықтың қыстан қысылмай шығуы, электр қуаты мен газдың және жылудың үздіксіз беріліп тұруы – жергілікті биліктің соңғы жылдары атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Мәселен, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша, шаһардың табиғи газға деген қажеттілігі сағатына 250 мың текше метрді құрап отыр. Әрі бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Бұрынғы №1 және №4 АГРС-тердің жиынтық қуаттылығы 180 мың текше метрді құрайтын еді. Яғни, өткен жылға дейін Шымкент қаласында газ тапшылығы күрделі мәселелердің бірі болатын. 2022 жылдың сәуір айында №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып, оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрады. Аталған нысанның арқасында бүгінде Шымкент қаласында газ тапшылығы проблемасы толығымен шешілген.

2027 жылға дейін 6 қосалқы станция салынады

Сол сияқты Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды сапалы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде қалада 4 қосалқы станция салынды. Соның ішінде қуаттылығы 160 МВт\сағатты құрайтын «Бозарық» қосалқы станциясының маңызы ерекше. Мұнан бөлек Шымкентте 2022-2027 жылдары аралығында бюджет есебінен қала аумағында 6 дана қуатты таратушы қосалқы станция салу жоспарланған. Олар Ынтымақ, Қызылсу, Жұлдыз, Тұран, «Шымсити» шағынаудандары және Шымкент көлік-логистикалық орталығында салынады.

910


Жалпы, бүгінде Шымкент қаласы 380 МВт/сағат электр қуатын тұтынады. Қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 450 Мвт/сағатқа дейін өседі. Қалаға электр қуатының 90 пайызы өзге өңірлерден, атап айтқанда, Экібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, Жамбыл ГРЭС, Шардара ГЭС станцияларынан жеткізіледі. Шымкенттегі «3-Энергоорталық» сағатына 40 мегаватт қуат өндіре алады. Яғни, бүгінде Шымкент қаласы сыртқы қуат көздеріне тәуелді және сұраныстың жылдан жылға артуына байланысты алдағы уақытта тапшылық туындауы мүмкін.

Жаңа станция тәуелділіктен арылтады

Шымкент қаласының өзектендіріліп жатқан жаңа Бас жоспарында көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Осыған орай үшінші мегаполисте жаңадан бу-газ электр станциясын салу жоспарланып отыр. Станцияның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс. Басқарманың мәліметінше, бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жаңа электр станциясының қуаттылығы сағатына 550 МВТ электр қуатын өндіруге жететін болады. Демек, жаңа электр станциясы аталған проблеманы толық шешіп, Шымкентті сыртқы қуат көздеріне тәуелділіктен арылтады. Станцияның құрылысын «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы және оның құрылтайшысы «Еуразия тобы» компаниясы жүзеге асырмақ.
Әкімдіктің инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қаланың шетіндегі тұрғын алаптар мен жаңадан салынып жатқан шағынаудандарды сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша, өткен 2022 жылдың басында қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз болып тұрған екен.
2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік саяжай, Тұран (2-ші кезек), Сәуле, Жаңаталап, Нұртас, Достық, Еңбекші ауданындағы жаңа құрылыс аймақтары, Бозарық секілді 8 нысанның құрылыс аяқталған. Бұл аталған шағынаудандар мен тұрғын алаптарда өмір сүріп жатқан 66 мыңнан астам адамды сапалы электр қуатына қосуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, Шымкент қаласында тұрғындардың сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жеткен.
Құрылысы өтпелі Батыс, Қайнарбұлақ, Тұран (1-кезек), Нұрсәт, Түркістан секілді 5 нысанның құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Тиісінше 2023 жылы Шымкент тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Инвестиция салса, тарифті көтере алады

Жаңа газ-буэлектр станциясы салынса, жаңа АГРС пен қосалқы электр станциялары іске қосылып жатса, орталықтан шалғай жатқан елді мекендерге электр желілері мен газ құбырлары жеткізілсе, демек, Шымкенттің энергетикалық қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, іс жүзінде жағдай олай емес. Энергетика саласындағы ең күрделі проблема – қолданыстағы энергия өндіруші құрылғылар мен қуат тасымалдаушы желілердің шамадан тыс тозуы. ҚР Энергетика министрлігінің айтуынша, энергожелілердің тозу көрсеткіші республика бойынша 60 пайызды құрайды. Соның салдарынан 2022 жылы авариялық жағдайдан кейін тоқтап қалулары 22 пайызға, ал, олардың ұзақтығы 16 пайызға артып кеткен.
Сарапшылардың пікірінше, елдегі жылу және электр энергиясының тапшылығы отандық энергия көздерінің моральдық ескірген жабдықтарының авариялық істен шығуының жиілеп кетуімен байланысты. Бұл желілер мен жабдықтарды жаңартып отыру үшін энергетика секторына үздіксіз инвестиция тартылып отыруы тиіс. Бірақ, ірі кәсіпкерлердің көпшілігі бұл секторға инвестиция құюға құлықты емес. Өйткені, тарифтердің мемлекет тарапынан реттеліп, қатаң түрде шектеліп отыруы бұл салаға құйылатын инвестициялардың тиімділігін төмендеткен.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Сол арқылы желілердің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту көзделіп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тарифтерді қымбаттатпай күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді» деп айтып өткен болатын.
Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар шараларды қолға алған. Атап айтқанда, қалада 0,4-10 кВ электр желілерінің жалпы ұзындығы 5 459,3 шақырымды құрайтыны, бұл желілердің 57,9 пайызы физикалық тұрғыда тозғаны анықталған.
Осыған орай «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдады. Аталған бағдарламаның аясында 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал, биыл 126,3 шақырым желілер мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңартып, электр желілерінің физикалық тозу деңгейін азайтуды мақсат етіп отыр.
Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілерінің тозу көрсеткішін төмендету мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліпті.
«КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Егер компания өз қаржысы есебінен бұл желілерді толықтай жаңартса, бұл табиғи газ тарифінің 23-59 пайыз аралығында қымбаттауына әкеліп соқтырады. Есесіне Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.
Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 1902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 млрд. теңге инвестиция тартылуы қажет. Электр желісі жаңғыртылған жағдайда тариф құнының 23-59 пайыз аралығында қымбаттайды. Алайда, бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд. теңге инвестиция сала отырып, тарифті 8-70 пайыз арлығында көтеріп, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.
Қорыта айтқанда, энергетикалық қауіпсіздік – қала экономикасының орнықты дамуының негізі. Әрі бұл халықтың сапалы әрі алаңсыз өмір сүруінің көрсеткіші деуге де болады. Сондықтан мемлекет энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолға алып жатыр. Алайда, жарық пен жылудың, табиғи газ бен таза ауыз судың үздіксіз келіп тұруына біз, тұтынушылар да мүдделіміз. Сондықтан, күні ертең апатқа ұрынып, тапшылықтың зардабын көрмеу үшін бүгін коммуналдық тарифтерге қымбатырақ тарифпен төлеуге дайын болуымыз керек.