Қазақ аруы Рухия өнерімен әлемді тамсандырды Избранное

Среда, 21 Июль 2021 03:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 469 раз

Бүкіл әлем қазақтың қандай талантты халық екеніне, оның ұл-қыздарының қандай дарынды екеніне тағы бір рет көз жеткізді. Апта басында Беларуссияның Витебск қаласынан «Қазақ аруы Рухия Байдүкенова «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде гран-при жеңіп алды» дейтін сүйінші хабар жетті.

470

 

Көрермендерді өзінің қайталанбас даусы және орындау шеберлігімен баурап алған жас әнші байқауға қатысқан 15 елдің өкілдерінің арасында ең жоғары бағаға ие болды. Мамандар оның өте сирек кездесетін диапазоны 5 октавалы даусы мен ерекше орындау мәнері және әннің табиғатын жүрекпен сезінетін болмысы тамаша үйлесім тауып, 22 жастағы әншіні шеберліктің шыңына көтеріп тұрғанын атап өтті.
Рухия – Талдықорған өңірінің тумасы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті эстрадалық вокал бөлімінің студенті. Өзінің айтуынша, оған өнер атасынан дарыған. Атасы Байдүкен бүкіл Жетісу өңіріне танымал айтыскер ақын әрі күйші болыпты.
Жеңімпаз «ABAI TV» телеарсына берген сұхбатында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына осындай тарту жасап, елімді қуантуды бұйыртқан Алла Тағаллаға шүкіршілік етемін. Қазақтың дарынды ұл-қыздары өте көп. Сол өрендеріміз барда Тәуелсіздігіміз де мәңгі болары анық» деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, «Славян базары» байқауының 2015 жылғы жеңімпазы, әлемдік деңгейдегі эстрада жұлдызы Димаш Құдайберген қазылар алқасының құрамында болып, фестивалдің жабылу салтанатында өнер көрсетті.

Другие материалы в этой категории: « Тарих тұнған «ShymQala»