Індеттің алдын алу басты міндетіміз

Среда, 22 Июнь 2016 11:53 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3881 раз

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған уақыттан бастап, елімізде  жемқорлыққа қарсы күрес күн тәртібінен түскен емес. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше елдер арасында 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заңды алғашқылардың бірі болып қабылдап, қолданысқа енгізді. Одан кейінгі жылдары бұл заңға бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенгені  белгілі.

2015 жылы Елбасымыз ұсынған үздік отыздыққа апаратын «100 нақты қадамның» 3-қадамында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды ІРІКТЕУ РЕСІМІН ОРТАЛЫҚТАН-ДЫРУ. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселелері айтылған болатын.     

Осыған байланысты, өткен жылдың қараша айында ұсынылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заңда бұдан бұрынғы заңнамада кеткен олқы тұстар түгел дерлік ескерілген. Шындығында бұрынғы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заңның ескіргені, яғни қоғам сұранысын ақтай алмай отырғаны ескеріліп, жаңа атаумен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Заң атауының өзгеруі, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды жетілдірудің қажеттілігін көрсетті және сыбайлас жемқорлықпен күресіп, кеселдің алдын алуға мүмкіндік беретін жаңа заң қабылдау керектігін өмірдің өзі дәлелдеді. Жалпы, бұл заң 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және Елбасымыз айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-ші қадамында «ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ», сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құруды» жүзеге асыруға бағытталғанын айта кеткеніміз жөн.        Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке азаматтармен және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі.        Жаңа заң несімен ерекше дегенге тоқталсақ, ең алдымен мұнда сыбайлас жемқорлықтың жаңа көріністері енгізіліп отыр. Құжат арқылы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктер берілген уәкілетті орган айқындалған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен талдау шаралары қамтылған.     Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп түсіну керек.

Әділбек ЛЕБАЕВ,
ОҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған   ауданаралық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.