Жаңа Азаматтық процестік кодексіндегі татуластыру рәсімдері

Понедельник, 13 Июнь 2016 04:42 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 8632 раз

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 31.10.2015 жылы қабылданып, 2016 жылғы 01-қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Баршаңызға мәлім аталған кодекске Елбасымен қол қою рәсімі ел алдында, жария түрде жүргізілді. Осы іс әрекетімен Елбасы, Азаматтық процестік кодексінің маңыздылығын, бұл кодекс азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын негізгі тетіктерді реттейтінін көрсетті.

Судьялардың VI съезінде Президент істі қарау тараптар үшін қолайлы және қысқа мерзімде болуы керек екенін, сондай-ақ оларды татуластыруға бағытталып және жаңа технологияларды қолдана отырып сот төрелігін жүзеге асыру қажеттілігін атап өтті.

Осы орайда, жаңа Азаматтық процестік кодекс заман талаптарына сай қабылданған кодекс. Кодекс сотқа қатысушылардың сот төрелігіне қол жетімділігін, істердің сотта іс жүзіндегі күрделілігіне және іске қатысатын адамдардың мүдделеріне сәйкес уақтылы қаралуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы мақаламда Азаматтық процестік кодексінің 17-Тарауына, яғни «Татуластыру рәсімдеріне» тоқталғым келеді. Жаңа Кодекске сәйкес татуластыру шараларын кеңінен қолдануға және дауды альтернативті тәсілмен шешуге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Мәселен, татуласу келісімін және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау тәртібі, келісімдердің нысаны мен мазмұны, соттың келісімдерді бекіту тәртібі және келісімдердің орындалуы сияқты мәселелер қолданыста болған 13.07.1999 жылғы Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде жеке тараумен қарастырылып, кеңінен жазылмаған еді. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау тәртібі, оның нысаны мен мазмұны «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 28.01.2011 жылғы Заңында ғана қарастырылған еді.

Жаңа Азаматтық процестік кодексінде осы мәселелер толығымен көрсетілген. Одан бөлек, жаңа Азаматтық процестік кодекстің қабылдануына байланысты «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 28.01.2011 жылғы Заңына да тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Атап айтқанда, Заңның 9-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Азаматтық процестік кодексінің 179-бабына сәйкес бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін.

Яғни, істі қарап жатқан судья, тараптардың өтінішхаттарының негізінде медиацияны өткізе алады.

Осы орайда, аудандық соттың қарауында болған азаматтық істен мысал келтіргім келеді. Талап қоюшы Т. жауапкер Е.-ге келтірген, автокөлікті қайтару туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Істің мән-жайлары бойынша талап қоюшы жауапкерге «Ауди 100» маркалы автокөлігін 550 000 теңгеге сатқан. Жауапкер автокөлікті сатып алған кезде  талап қоюшыға 340 000 теңгесін төлеп, қалған соманы екі ай мерзімде беретін болған. Алайда, жауапкер көрсетілген мерзімде қалған соманы талап қоюшыға төлемеген. Соның салдарынан, Т. сотқа жүгініп автокөлігін қайтарып беруді талап еткен. Істі қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеуге ниет білдірді. Сондай-ақ, медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан, яғни істі қарап жатқан судьяның өткізуін қалайтындарын айтып, ол жөнінде өтінішхат берді. Нәтижесінде тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізіп, жауапкер «Ауди 100» маркалы автокөлігін талап қоюшыға қайтарып беретін болып, өз кезегінде талап қоюшы жауапкерге 340 000 теңгені қайтаратын болып бітімгершілікке келді. Іс бойынша іс жүргізу тараптардың медиация тәртібімен татауласуларына байланысты тоқтатылды. Сөйтіп, жаңа заңнамаға сәйкес судья медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра отырып, тараптарды татуластырды.

Жаңа Кодексте көзделген дауды альтернативтік тәсілмен шешудің және бір түрі ол дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу. Жалпы партисипативтік сөзінің ұғымын талдасақ бұл сөз «қатысушы» деген мағынаны білдіреді. Азаматтық процестік кодексіне қатысты бұл ұғым «адвокаттың қатысуымен» деген ұғымды білдіреді.

Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Жалпы, татуластыру рәсімдерін мейлі ол тараптардың өзара бітімгершілік келісіміне келуі болсын, немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасуы, немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасуы болсын, кеңінен қолдану тараптар үшін де, сот үшін де қолайлы.

Себебі, татуластыру рәсімін өткізе отырып, тараптар екі жаққа да тиімді шешімге қол жеткізеді. Келісімде екі жақ үшін де лайықты шарттар көзделеді. Өз кезегінде екі жақтың да көңілінен шығатын сот актісін қабылдау сотқа да оң нәтижесін береді.

Мақалада көрсетілген мәселелерді түйіндей келе, сотқа қатысушы адамдардың заңда көзделген татуластыру шараларын кеңінен қолдануға толық мүмкіндіктері бар екенін халыққа жеткізе отырып, осындай шараларды іс жүзінде қолдануға шақырғым келеді.

Дана бабаларымыз «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген, ашу үстінде соттасқанша,  сабырлық танытып, татуласқанға не жетсін!

Самал КЕҢЕСОВА,

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы №2 аудандық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.