СОТ ТӨРЕЛІГІНЕ ТИІМДІЛІК – талап пен міндетті күшейтеді

Пятница, 27 Май 2016 08:54 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3031 раз

Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік Кодексі 2015 жылдың 31 қазанында қабылданып, баспасөз бетінде 2015 жылдың 03 қарашасында жарияланды, қолданысқа 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілді.

Кодексті қабылдаудың алғы шарттарына келетін болсақ, Қазақстан судьяларының 2013 жылдың қараша айында Астана қаласында өткен VІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа саяси бағыты дамыған және құқықтық мемлекеттің барлық халықаралық стандарттарына сай келетін тиімді сот жүйесін құруды көздейтінін атап өтіп, сот төрелігінің тиімділігін, азаматтардың соттарға деген сенімін одан әрі арттыруды, сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді жетілдіруді көздейтін міндеттерді қойды. Осыдан кейін, Елбасы 2015 жылдың 6 мамырында бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспарын жариялады. Ұлт жоспарындағы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 19 қадамның бірі – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесінің инстанцияларын онтайландыру, инвестициялық даулар бойынша инвестициялық алқаны ұйымдастыру, барлық сот процестерінің бейне және таспа жазу шараларын міндетті түрде енгізу болып табылады.

Қойылған міндеттерді орындау және Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін жаңа Азаматтық процестік Кодексін қабылдау қажеттігі туындады.  Кодекс азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдетеді ме деген сұраққа келетін болсақ, иә деп жауап беруге болады.

Біріншіден, сот жүйесі бес сатылы сот жүйесінен/бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау/ үш сатылы сот жүйесіне/ бірінші, апелляциялық, кассациялық/ сот төрелігі жүйесіне көшті.

Екіншіден, оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен, яғни бұйрық арқылы және оңайлатылған/жазбаша/ түрде қаралатын істердің санаты артты. Бұйрық арқылы іс жүргізу дегеніміз, соттың сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден өндіріп алушының пайдасына жылжымалы мүлікті /алимент, салық, комуналдық қызымет, оқу гранты мен несиесі, аренда ақысы бойынша қарыз/ өндіру туралы арызы бойынша үш жұмыс күні ішінде сот бұйрығын шығаруы.АПК-ке сәйкес, 18 түрлі талап бойынша сот бұйрығы шығарылады. Ал, оңайлатылған /жазбаша/ түрде қаралатын істердің санаты 12-ге /қарыз ақшаны өндіру, келісімдерді орындауға байланысты/жетті. Мұнда да, сот тараптарды шақырмай, сот талқылауын өткізбей, жауапкерге пікірі мен дәлелдемелерін ұсынуға 15 жұмыс күнін бере отырып, бір ай ішінде шешім шығарады.

Үшіншіден, кейбір санаттағы істердің қарау мерзімі қысқартылып, істі сот талқылауына дайындау, сот шешімдері мен ұйғарымдарына шағым беру мерзімдері ұзатылды.

Төртіншіден, істі созбаламға салмау мақсатында, талап қоюшыға талапты беруді дайындық сатысында жүзеге асыру міндеттелді.

Бесіншіден, инвестициялық дауларды қараудың тәртібі енгізілді.

Алтыншы, сот отырысында аудио-бейнежазба жүргізу енгізілді. Қазіргі талапқа сай, іске қатысатын адамдардың бәрі сот отырысына келмеген жағдайда басқа жағдайдың барлығында аудио-бейнежазба жүргізілуі тиіс. Бұл сотқа да, тараптарға да,тиімді себебі, қағаз жүзінде толық хаттама жазу талап етілмейді. Хаттама қысқаша жазылады.

Жетіншіден, талап қоюшыға талап арызының, оған негіз болған құжаттардың көшірмелерін жауапкерлерге, мүдделі тұлғаларға сотқа дейін жолдау міндеті қойылады.  

Сегізіншіден, арыздарды қозғалыссыз қалдыру деген жоқ, арыздағы кемшіліктерді істі сот талқылауына дайындау сатысында түзету мүмкін болса, сот оны өндіріске қабылдап, дайындық кезінде кемшіліктерді жойғызады, болмаса арызды қайтарады.

Тоғызыншыдан, дауларды шешудің баламалы әдістерін, медиацияны кеңінен қолдану қарастырылған /іс жүргізіп жатқан судьямен, тараптардың адвокаттарымен де медиасия жүргізу қосымша енгізілген/.

Оныншыдан, мемлекеттік баж салығын төлеудің жаңа тәсілдері белгіленген. Мысалы, АПК-тің 104-бабына сай, абыройын,қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды өтеуді ақшалай мәнде өндіріп алушы туралы талап қоюларда талап қою бағасы өндіріп алу талап етілген сомамен белгіленеді; жылжымайтын және жылжитын мүлікті сатып алу-сату, кепіл, сыйға тарту шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюларда, егер талап мүлікті қайтаруға байланысты болса, талап қою бағасы мүліктің сотқа талап қою берілген нарықтық құнымен айқындалады.

Он біріншіден, бірқатар дауларды, арыздарды қараудың азаматтық-процестік тәртібі енгізілген /мысалы, туберкулезбен, алкоголизмнен, нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге жолдауға, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған шетелдіктерді ел аумағынан шығаруға, елге заңсыз әкелінген баланы қайтаруға байланысты арыздар/.Он екіншіден, істерді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарау негіздері нақтыланған.

Құнанбай ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,
Ордабасы аудандық сотының төрағасы 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.