Күні-түні бір тынбай…

Среда, 28 Декабрь 2016 06:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5016 раз

Шымкент жаңа жылға санаулы күндер қалғанда ақ шапанын киіп, қыстың көркін кіргізген еді. Маңайды әппақ әлемге ораған көрініс көңіліңді де көркейтеді. Әйткенмен қыстың бұл құбылысы коммуналдық сала қызметіне біраз әбігер туғызатыны бар. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшылары күні-түні тыным таппайды. Олар қала халқының қауiпсiздiгiне жауапты екенiн жақсы біледі. Алайда «Қаланы қардан тазарттық-ау» деп еркiн тыныстай бергенде, осы сәтті күтіп тұрғандай аспаннан ақ «көбелек» қайтадан қона бастайтыны бар.

DSC 2974

Жауған қар тазалықшылармен жарысып жататындай болады. Жұмыс тоқтаусыз жүрсе де, көшелерде лас қар үйінділері қалады. Қазір мекеменің сала мамандары күшейтілген тәртіпке көшкен. Еңбек көрігін күні-түні тынбай, қыздырып жатыр. 

Өткен аптаның жұма, сенбі күндерінде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшылары тәулік бойы тыным тапқан жоқ. Жолдарды аршып, көшелерді мұздан тазартты. Қазір жол тазалаушылардың жұмысы бұрынғыдан еселенген. Соған сай еңбеккерлерге айтарлықтай жағдай жасалған. Техникаға қажетті жанар май қоры да жеткілікті. Арнайы мекеме мамандары түнгі сағат 1.30-да жұмысқа шықты. Бұл сәтте қала тұрғындары қалың ұйқыда. Жұмысшылар түні бойы уақытпен санаспады. Жапалақтаған қармен жарыса жүріп, жолды аршумен болды. Осы орайда, жол полициясының қызметкерлері де көмекке келді. Олар қар сүретін ауыр техникаларды түні бойы бастап жүрді. 

DSC 2931

Жол тазалаушы Нұрлан Мұратбеков осы кәсіптің 3 жылдан бері нанын жеп жүр. Ол үшін адам өмірі басты орында. Ауа райының құбылуына қарай, күн демей, түн демей жұмыс істейді. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің автотранс бөлімінің басшысы Асхат Әбдірешовтің айтуынша, мекемеге қарасты 84 көше бар. 42 қар күреу техникасы жұмылдырылған. Негізгі күш Астана, Бәйдібек, Республика, Темірлан тас жолы көшелеріне түседі екен. 

– Жасыратыны жоқ, кейде табиғат тосын сый жасайды. Бірақ әзірге артық мөлшерде қар жауған жоқ. Мекеме қызметкерлері мен жұмысшылары қыстың ауа райы құбылмалы әр күнінде үздіксіз жұмыс істеді. Қар басқан жерлер уақытысында аршылады, – дейді А. Әбдірешов.

Мекеме мамандары көше бойындағы қаз-қатар тізілген көліктердің көптігі жұмысқа елеулі қиындық туғызатынын алға тартты. 

DSC 2990

Жүргізушілер машиналарын қалай болса солай қойып кететін көрінеді. Бұл тазалаушы техникаларға айтарлықтай кедергі келтіреді. Егер көше бос болса, техниканың көмегімен жылдам бітіруге де болар еді. 

Қалың қар түскен өткен күндері «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері күндізгі сағат 11-ге дейін көшелерді қардан толықтай тазартып болды. Жолдың бойы айнадай жарқырап жатты. Орталық көшелерді мұз, қардан аршып болған соң, көліктерге құм, тұз артып, «Достық», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарының көшелеріне шашады. Синоптиктердің алдағы күндерге болжамына қарай жол тазалаушылар да жұмыстарын алдын ала жобалап, кез келген тосын жағдайға дайын тұрады. Көлік тізгініндегі Нұрлан Мұратбеков, Ақыл Айқынбаев және оның әріптестерінің жұмысы осындай қарбаласқа толы.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.