Деректі фильм – достық дәнекері

Среда, 28 Сентябрь 2016 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3747 раз

Қазақстан мен Өзбекстан – ынтымақтастығы жарасқан, бірлігі бекем мемлекеттер. Содан болар, екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан жылға артып келеді. Соның айғағындай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері бас қосты. Салтанатты шарада «Ұлы Абай қазақ, өзбек халықтарының жарық жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Деректі фильм екі елдің бір атаның балаларындай етене араласатынын тағы бір дәлелдеді. Қысқаметражды фильмде мемлекеттердің ортақ мүддесі толық қамтылған. Бүгінге дейін қазақ-өзбек елдерінің саяси, сауда-экорномикалық қана емес, әдеби байланысы да қарымды. Өзбекстанда Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін шығармашылық кештер мен байқаулар жиі өткізіледі. Сондай-ақ ақынның өлеңдері өзбек тілдеріне аударылып, жастардың жүрегінен жол тапқан.
– «Абай – қазақ және өзбек халқының шамшырағы» атты 40 минуттық деректі фильм түсірген болатынбыз. Бұған кәсіпкер азаматтар да демеушілік көрсетті. Өзбекстан аймақтарын аралап Абай шығармашылығынан концерттер бердік. Біздің Өзбекстанда Қазақстандағыдай 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Республика бойынша 1 мың 300-дей мәдени орталық бар. Соның бірі – Қазақ мәдени орталығы. Сол себепті біз қазақтың әрбір қуанышына ортақ болып, осында келіп мәдени шараларды атқарып жүрміз. Қазақстаннан келетін өнер адамдарын, жазушыларды қазақтар көп шоғырланған аймақтарға апарып, кездесулер өткіземіз,-деді Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі Хамза Халмұратов.
Деректі фильмнің тұсаукесерінен соң, туындыны түсіруге атсалысқан бірқатар азаматтарды «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е. Байқонақов марапаттады. Ал қонақтар қазақ халқына алғысын білдірді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.