Жол апаты неге жиiлеп тұр?

Среда, 25 Май 2016 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5104 раз

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналғандай. Соңғы кездері жиілеген жол апаттарынан отандастарымыз зардап шегіп жатыр: «пәлен жерде мынадай апат болыпты», «мұнша адам көз жұмыпты» деген сөздерге әбден етіміз үйренгендей. Тіпті, адамдар көз жұмып жатса да селк етпейтін болдық. Бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан, періште сәбилерімізден айырылып, жайбарақат отыра береміз бе?

Ереже бұзғандарға аяушылық болмайды

573f0cd4b8bc1

19 мамыр күні сағат 12.50-де Шымкент қаласындағы «Қызылжар» шағынауданында 1987 жылы туған азамат аялдама маңында тұрған сегіз адамды бірдей қағып өткен. Оның көпшілігі мектептен қайтып жатқан балалар. Апаттың салдарынан 2012 жылы туған баланың дәм-тұзы таусылды. Оның 2007, 2009 жылғы туған бауыры ауруханада жатыр. Екі азамат жедел жәрдем ауруханасына, екі азамат қалалық балалар емханасына жеткізілген. Бұдан бөлек, балалардың анасы да аурухана төсегіне таңылған. Аяқтары сынған. Мұның бәрі бір ғана апаттың кесірінен туындаған жағдай.
Бұған кім кінәлі? Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала аумағында жол-көлік қозғалысын реттеуге байланысты шұғыл жиын өткізді. Жағдайды шұғыл реттеуге арналған жиынға құқық қорғау органы өкілдері, қала бөлімдерінің және көлік компанияларының басшылары қатысты. Қала әкімі ауруханаға барып зардап шеккен балалардың жағдайымен танысқанын, бұл мәселені тезірек шешу керектігін нықтап айтты.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмасақ, өзімізге сын. Неге бізде осы уақытқа дейін мектептерге тасымалдау қызметі дұрыс жұмыс істемейді? Көлікті мәдениетсіз айдайтындар – негізінен жастар. Бүгінде жолдағы апатты жағдайлар бәрімізге үлкен мәселеге айналды. Өкінішке қарай, ересектермен қатар, жас балалар да жол-көлік оқиғаларының құрбаны болып жатыр. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары ең бірінші сұрайтыным – әр азамат өз-өзіне сақ болсын, – деді қала әкімі.
Статистиканы айтар болсақ, 2015 жылдың 4 айында Шымкент көшелерінде 440 жол апаты болған. Оның ішінде 16 адам қайтыс болып, 556 адам дене жарақатын алған. 2016 жылдың 4 айында 321 жол көлік-оқиғасы тіркелсе, оның салдарынан 22 адам қайтыс болған. 386 адам дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ал ең өкініштісі, 2015 жылдың 4 айында 10 бала қаза тапса, биыл 12 жасөспірімнің өмірі қиылды.
12 бала дегеніміз – 12 отбасы емес пе?! Мамыражай заманда осыншама отбасының ойраны шыққаны өзекті өртейді расында.
Шымкент қаласының әкімі жол қозғалысы кезінде орын алатын апаттардың басты екі себебін атады. Оның біріншісі – азаматтардың көлік жүргізу мәдениетін сақтай білмеу. Біздегі жүргізушілер көшеде жалғыз өзі кетіп бара жатқандай жүйткиді.
Екінші себеп – жолдар мен аяқ жолдар жағдайының нашарлығы. Қала орталықтарындағы жолдар дұрыстау болғанымен, қала сыртындағы шағынаудандардың жолдары әлі де нашар. Аяқ жолдар мәселесі әлі шешілмеген. Адамдар жүретін жолда заңсыз сауда дүңгіршіктері әлі де бар.

DSC 0634

– Қала тұрғындарының, қонақтарының қауіпсіздігі – бәріміздің нөмірі бірінші мәселеміз. Құқық бұзушылардың ешқайсысына да аяушылық болмайды. Көлік айдай алмайтын болсаң, жаяу жүр. Көлік жүргізу құқығын беретін ережелерді қайта тексеру, емтиханды қатаңдатылуына назар аударыңыздар. Көлік айдай алмайтындарға куәлік бергендер де апатты жағдайға кінәлі. Алда жаз мезгілі келе жатыр. Яғни, балалар қауіпсіздігін күшейту басты назарда тұр. Біріншіден, ата-аналар қарау керек балаларына, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Кешегі өткен жиында қала әкімі біршама іс-шараларды бекітіп, соны іске асыруға тапсырма берді.
Мәселен, қалалық жергілікті полиция қызметі бір аптаның ішінде қала аумағында жол жүру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтіп, осы айдың бірінші маусымға дейін қала көшелерінде жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім мекемелердің аумағындағы жолдарға полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылуы керек. Әсіресе таңертең барған кезде, түсте және кешке қайтқан кезде. Яғни, әрбір алыстан келетін балаларды автобуспен түгелдей тасымалдау керек.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қаланың көше қиылыстарындағы оңға бұрылыс жолдарын және бағдаршамдарға қосалқы секциялар қажеттілігі зерделеніп, зерттеп орнатуды қолға алуы тиіс.

Басым жағдайда жүргiзушi кiнәлi

img3

Шыны керек, қазақ аңғалдығынан, бейқамдығынан опық жеп жатады. Біле білсек, соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде елімізде жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) салдарынан отыз мыңнан астам азаматымыздан айырылыппыз. Мұнан бөлек, екі жүз мыңдай адам жарақаттанып, аурухана төсегіне таңылған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитеті жанындағы Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі сараптама комиссиясының отырысында мәлім болған-тын.
Әрине, мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек зерделесек бірқатар себептердің көлбеңдей шығатыны рас. Дегенмен, күрделі мәселеге біржақты жауап беру қиын. Енді бірі жүргізушілердің оспадарлығын, сауатсыздығын айтса, бәзбіреулердің шұрқ тесік жолдардан мезі болғандарын алға тартады.
Осы орайда ресми деректерге көз жүгіртіп көрелік. ҚР Ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасының 87%-ы жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан орын алады. Жүргізушілер көп жағдайда қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетеді екен. Мұндай жағдайда көліктердің қатты зақымдалып, адам шығыны көбірек болатындығы анық.
Расын айтқанда, бізде көлік жүргізу мәдениетінде кемшілік көп. Әлемдік сарапшылардың пікірі осыған саяды. БҰҰ түзген сараптамадан-ақ бірталай жәйтті аңғаруға болады. Мәртебелі биік ұйым бір жылдың ішінде Бельгияда – 42115, Португалияда – 33613, Австрияда – 39173 және Қазақстанда – 13739 ЖКО тіркелетінін анықтаған. Бірақ адам шығынының айырмасы түрлі ойға жетелейді. Бельгияда – 944, Португалияда – 885, Австрияда – 679 болса, Қазақстанда – 3351 адам қаза тапқан. Міне, гәп қайда жатыр?

Жұмыс жандана түспек

Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Бақдәулет Әуелбековтың айтуынша, жол бойындағы азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, тәртіпті қадағалау жұмыстары күшейе түспек. Биыл қалада жалпы 20 жаяу жүргіншілерге арналған жолақ орнату жоспарланған, І тоқсанда 3 жаяу жүргіншілер жолағы қойылды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында 242 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 136 бейнекамера жол қиылыстарында, 18-і үйлердің аулаларында, ал 88-і қоғамдық орындарда орналасқан.
2016 жылдың 3 айында полк қызметкерлерімен жол ережесін бұзғаны үшін 34696 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде: мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін – 198, қарама-қарсы бағытқа шыққаны үшін – 45, ұялы телефон қолданғаны үшін – 5026, жаяу жүргінші өткізбегені үшін – 227, қауіпсіздік белбеуін тақпай басқарғаны үшін – 4829 және жаяу жүргіншінің жол қозғалыс ережесін бұзғаны үшін – 6197 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Көлiк жүргiзушi, қырағы бол!

Қалада жүйткіген көлік көп. Ресми деректер бойынша, Шымкентте көліктердің жалпы саны 200 мыңға жуық. Алда жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтеру мәселесі күн тәртібінен еш түспейтіні де мәлім. Жолда жүру мәдениеті әркімнің өзіне байланысты. Бірақ, қоғам, мемлекет тарапынан ішкі мәдениетті қалыптастыру шаралары үздіксіз жүруі тиіс. Құқықтық насихат күшейтіле берсе дейміз.
Қазекең мұндай жағдайды бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп айтқан: «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деп. Бұл сөзді кейбір жастардың ұғынбайтыны қынжылтады. Тәкаппарлық, менмендік – екі дүние кесірі.
Сондықтан, ең әуелі өзіміздің бойымыздағы жауапсыздық, салғырттық, менмендік сынды кеселдерден арылуымыз керек-ақ.
Жол – адамзаттың қарым-қатынасын жалғайтын игілігіміз. Жол – жетістікке, дамуға бастайтын бірден-бір құндылығымыз. Ендеше, әрбіріміз жол қозғалысы ережесін есте сақтап, қоғамның дамуы үшін, өз өміріміздің қымбат екенін ұғына білейік.


Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Кездесiп, кеңесiп тұру керек

– Негізі, мұндай оқиғаларға екі тараптың да кінәсі бар. Жүргізушілердің көбісі ережелерге мән бермей жатады. Дер кезінде ережелерден хабарсыз болып шығады. Жүргізуші ең әуелі өзінің өміріне бей-жай қарамауы тиіс. Адамның өмірінен асқан қымбат не бар? Тар көшелерде, есіріп алып жылдам жүйткитіні рас. Сондықтан, ең керегі – жауапкершілік.
Жаяу жүргіншілерге келсек, олардың да көшеде жүрудің тәртібі бар. Соны қаперде ұстаса. Жалпы, құқық қорғау органы өкілдері тәртіпті қатаңдату қажет. Заң бәріне ортақ. Бір жолға кешірім беру немесе тамыр-таныстық деген мәселені доғаратын кез жетті.
Мәдениет қалыптасуы тиіс. Бәлкім, жүргізушілермен жиі-жиі жолығып, олармен жақсы насихаттар жүргізіп тұру керек шығар.

Последнее изменение Среда, 25 Май 2016 05:54
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.