Газбен жылытатын пешті қалай пайдаланып жүрсіз? Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 05:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3661 раз

Мамандар табиғи газбен жылытатын тұрмыстық пешті пайдаланбас бұрын ғимараттың ішін 10-15 минут желдету қажет деп кеңес береді. Адам өміріне қауіп төндіре алатын құрылғыны іске қоспай тұрып тексеріп алған абзал. Осыған орай Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері Шымкент қаласының №1 өрт сөндіру бөлімі, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ және жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысуымен аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

газ ммм

Тұрмыстық газбен жылыту пешін пайдаланбас бұрын әр үйдің иесі газ шүмектерінің жабық екеніне көз жеткізіп, содан кейін мұржаның ауаны тартуын тексеруі қажет. Ол үшін ошақтың аузына жұқа қағазды ұстап көріңіз. Мұржадан ауа тартып тұрса, қағаз ошаққа қарай желбірейді. Ал тартпаса, мұржа тазартуды қажет етеді деген сөз. Мұржада тесіктер мен жарықтардың пайда болуынан, мұржа мен желдеткіш каналының бітелуінен, сондай-ақ газ плиталарын жылыту құралы ретінде пайдаланудан улы газ түзіледі. Улы газ үйдің ішіне тараса ауыр улануға әкеліп соқтырады.
– Тағы бір ескеретін жайт, пешті пайдалану барысында жарамдылық мерзімін де ескеру шарт, – дейді Әл-Фараби ауданы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Тимур Оспанов. – Сонымен бірге сала мамандары балалардың, өз іс-әрекетін бақылай алмайтын жандардың және пешті пайдалану ережелерін білмейтін адамдарға газ пешін іске қосуға, қандайда бір өзгеріс енгізуге тыйым салады. Ал фиксатор ілмегін қандай жағдайда да клапанның түймешесіне күшпен кигізуге болмайды. Өйткені ол қауіпсіздік автоматикасын істен шығарып, апат жағдайларға әкеледі.
Әр тұрғын жанып тұрған пешті бақылаусыз қалдырудан және газ құралдары орнатылған бөлмеде ұйықтаудан сақ болғаны дұрыс. Пәтерде, нысанда газдың иісі байқалған жағдайда бірінші кезекте газ шүмектерінің барлығын жауып, терезелерді ашу керек. Бұл сәтте ашық отты, электр желісін пайдалану өте қауіпті! Газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану жөніндегі ереже талаптарын орындамау салдарынан өрттің шығуына немесе жарылысқа жол берген тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Жауапты мамандар Шымкент қаласы және Әл-Фараби ауданының тұрғындарын жылыту маусымы кезінде автономды жылыту жүйелерін, жылу қазандықтары мен газ пештерін ережеге сай пайдалануға шақырады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.