SHYMKENT – инвестицияға тартымды қала Избранное

Среда, 12 Декабрь 2018 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3107 раз

Әріптестік. 11 меморандум. 200 миллион АҚШ доллары. Бұл – Шымкентте өткен «Shymkent Development forum-2018» алғашқы инвестициялық форумның нәтижесі. Осылайша ұйымдастырушылар форумның басты миссиясы – Шымкенттің инвестициялық климатын жақсарту және үшінші мегаполистің экономикасына инвестиция жұмылдыру мақсаты сәтті орындалды деп отыр.

File 00394

«Shymkent Development forum-2018» халықаралық инвестициялық форумына 300-ден астам адам қатысты. Атап айтқанда, іс-шараға Германия, Дания, Ресей, Канада, Қытай, Испания, Оңтүстік Корея, Литва, Эстония, БАӘ, Кувейт, Өзбекстаннан және Қазақстанның бірқатар облыс-қалаларынан белгілі компаниялардың жетекшілері, трансұлттық СNN, National Geographic корпорацияларының, Дүниежүзілік банктің өкілдері, қазақстандық және шетелдік бизнес-қауымдастықтар, инвестиция жұмылдыру саласының сарапшылары, министрліктер мен мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ, жаңа жобалардың авторлары қатысып, тәжірибе алмасты.

Қаланың даму жоспары

Халықаралық инвестициялық форум 4 негізгі сессияға бөлінді. «Даму стратегиясы» деп аталған алғашқы сессияның спикері ретінде алғысөзді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алып, Шымкентте қолға алынған ірі жобалармен таныстырды.
– Шымкент Қазақстанның оңтүстігіндегі агломерация ошағына айналды. Қала көлік және теміржолдардың түйіскен тұсында тұр. Болашақта бұл жерде үлкен көлік хабы болады. 10 жылдың ішінде қаланың экономикасы 20 есе өсті, – деді қала әкімі. – Өндірістік өнеркәсіптің көлемі бес жылда 2,5 еседен асып, 470 миллиард теңгені құрады. Шағын және орта бизнестің үлесі 37 пайызды құрайды. Фармацевтикалық кластер дамуда, текстиль кластері сәтті жұмыс істей бастады. Әуежайдың жанынан 100 гектар аумақта сауда-логистикалық аймақ ашылды. Бұл аймақта «А» класты қоймалар, кеден, салық органдары орналасқан. Соның нәтижесінде кәсіпкер өзіне қажет құжаттың барлығын «бір терезе» қағидасы бойынша ала алады. Кедендік рәсімдеу онлайн өткізіледі, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, Шымкенттің дамуы екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – экономиканың жылдам дамуы, соның нәтижесінде қала сауда және өндіріс орталығына айналады. Шағын және орта бизнес дамиды деп күтілуде.
Ал екінші бағыт – қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта және мегаполиске келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта әуежайдың жаңа терминалының жобасы жасалған. Халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа әуежай 2020 жылдың бірінші жартысында ашылады деп жоспарланып отыр.
– Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары үшін жақсы жаңалығымыз да бар. 29 желтоқсан күні Шымкент-Дубай тікелей ұшақ рейсі ашылады, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. – Мен осы форумға қатысушы қонақтарға жаңа жылды Шымкентте қарсы алып, қаласаңыз, сапарыңызды Дубайға жалғастыруға кеңес беремін. Бұған қоса қазіргі таңда Каунас қаласының мэрімен Шымкент-Каунас тікелей рейсін ашу жөнінде келіссөздер жүруде, – деді үшінші мегаполистің даму жоспарымен таныстырған Ғабидолла Әбдірахымов.
«Даму стратегиясы» тақырыбында «Copenhagenize Dezign Co» компаниясының бас директоры, Копенгаген қаласының экс-мэрі Мортен Кейбл қала аумағында велосипед желісін қалай дамытқаны туралы тәжірибесімен бөлісіп, оның тиімділігіне тоқталды. «Иннополис» АЭА АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Вадим Галеев заманауи ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде қалай ұтымды пайдалануға болатынын, сол арқылы іскерлік белсенділікті арттыру мүмкіндіктерін, тіпті экономиканы дамыту жайын ортаға салды. Спикердің айтуынша, Иннополис қаласында халық саны небәрі 300 мыңнан асқанымен «Иннополис» университеті және «Иннополис» экономикалық аймақтың ақпараттық-жаңашыл технологияны жетік меңгеруі нәтижесінде әлемге таныла бастаған. Қазір бұл қалаға қызығушылық танытып, алыс-жақын шетелдерден білім алуға, туристік мақсатта келушілердің саны артқан.
Урбанист Аркадий Гершман, «Pegasus» Эндрю Джексон, Highvill Kazakhstan компаниясының Бас директоры Канг Джон Дэ шаһар келбетін заманауи бағытта өзгерту, «ақылды қала» жүйесін сәтті орнату, оны пайдалану тиімділіктеріне тоқталды. Джон Дэнің айтуынша, Сеул мен Астана қалаларындағы аспанмен таласқан Highvill ақылды үйлері таяуда Шымкентте де бой көтермек.

Мегаполис дами түседі

File 00787

Форум қонақтарының алдында Шымкент қаласының әкімі шаһарда жүзеге асырылатын басқа да стратегиялық маңызды жобалар туралы баяндады. Олардың арасында 2019 жылы Шымкент теміржол вокзалын қайта құру, қоғамдық көлік саласына 1000 автобус сатып алу, айналма жол салу жобалары бар. Осылайша қала қонақтарына ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Мысалы, келесі жылы қалаға жеткізілетін жаңа автобустар арқылы қоғамдық көлік жұмысының сапасы жақсармақ. Сонымен қоса қаланы көріктендіру және тарихи орындарды жаңарту жоспарлары жүзеге асырылады.
– Жақында Сеул қаласында болдым. Онда Чхонгечхон атты біздің Қошқар атаға ұқсас өзен бар. Біз де Қошқар ата өзенінің аумағын соған ұқсас жобамен көркейтеміз. Ал Шымкенттің көне қалашығы мен Цитаделі аспан астындағы ашық музейге айналады. Римнің Колизейі сияқты Цитадель де Шымкенттің көрікті әрі тарихи орнына айналады, –деді Ғабидолла Әбдірахымов. – Бұған қоса Шымкенттің өз диснейленді болады. 2023 жылға жоспарланған бұл жоба аясында да қызу жұмыстарды қолға алдық. Ал жақында ғана Қырғы базарды қайта құру жобасы әзірленді. 2020 жылы бұл базарды танымай қалуыңыз да әбден мүмкін, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, 2019 жылы Қажымұқан атындағы Орталық стадионды жаңғырту жұмыстары басталып, 2020 жылдың бірінші жартысында аяқталады. Қала әкімінің мәлімдеуінше, жаңартудан кейін орталық стадион еліміздегі УЕФА стандарттары мен IAAF 4 халықаралық талаптарына сай құрылған ең заманауи стадион болмақ. Нысан аумағында медиафасадтар, фитнес орталықтары, ресторан, автотұрақ, спорттық және басқа да дүкендер орналасады.

Миллиондардың меморандумы

File 00451

Халықаралық инвестициялық форумның II сессиясы «Инвестиция тарту» жайлы болды.
Шетелдік спикер Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун мен «Kazakh Invest» ҰҚ АҚ басқарма басшысының орынбасары Рустам Исатаев, ҚДБ АҚ басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов, «Бәйтерек» ҰБК АҚ жобалық қаржыландыру және мемлекеттік-жеке әріптестік департаментінің жоба басшысы Рүстем Қасенов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин және «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов сөз сөйледі.
Инвестициялық форум өз нәтижесін берді. Бұл күні жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Шетелдік инвесторлар Шымкенттің микрофиба шығару бойынша текстиль фабрикасының құрылысына, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту, «Shymkent city» қалашығы аумағында тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар мен жаңа саябақ салу сияқты ірі жобаларға қаржы құймақ.
Ең алдымен Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов пен «Hyundai Trans Auto» ЖШС директоры В.Вяткин және «MAYDAY KAZAKHSTAN» ЖШС төрағасы А.Хидаят арасында үш жақты әріптестік меморандумы түзілді. Оның аясында қалалық жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңғырту үшін 13 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмылдырылмақ. Енді алғашқы 100 жедел жәрдем көлігі келесі жылдың бірінші жартысында сатып алынады.
Шымкент колледждеріндегі техникалық кәсіптік білім беруді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңғырту жобасы да назардан тыс қалмады. Бұл бағытта қала әкімдігі, «Asia-Trafo» ЖШС және германиялық «TÜV Rheinland Academy & Life Care» компаниясы меморандумға қол қойды. Бұған қоса қала құрылысы, автокөлік және өндірістік қауіпсіздік салаларында халықаралық стандарттарды сақтау бойынша, Шымкент индустриалды аумағында құны 8 млн долларлық ферро-силико-мырыш зауытының құрылысы бойынша меморандум жасалды.
«Вest Textile» компаниясымен Шымкент арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 15 млн доллар болатын текстиль фабикасының құрылысы бойынша меморандум, туризм және қонақ үй бизнесі саласында бірге инвестиция тарту және әріптестік бойынша меморандум түзілді.
Ал Қажымұқан атындағы Орталық стадионды жаңарту жұмыстары Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахманов пен Словенияның «Colosseum» компаниясының президенті Ян Енч қол қойған меморандум аясында жүзеге асырылады. Жобаның құны – 44 млн еуро.
Р.Аюпов басқаратын «Shymkent» ӘКК «Shymkent city» қалашығында тұрғын үйлер мен басқа нысандар салу бойынша құрылыс компанияларымен меморандум жасады. Құны 17 млн доллар болатын жобаны қазақстандық «BI-Group» жетекші құрылыс компаниясы жүзеге асырса, Түркияның «Конкор-строй» компаниясы нысандарға 83 млн доллар инвестиция құюға әзір, «Строй Прогресс-Сервис» компаниясымен де меморандум түзілді.
Айта кету керек, 2018 жылы Шымкент қаласына 524 млрд теңге инвестиция жұмылдырылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
«Shymkent Development forum-2018» алғашқы инвестициялық форумының III сессиясында спикерлер «Адам капиталының дамуы» жайлы пікір алмасты. Ал IV сессияда еліміздегі, әсіресе республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген Шымкент шаһарының туристік әлеуетін арттыру тақырыбы сөз болды. «THR» компаниясының президенті Кристоф де Брюин шаһардың қазіргі мүмкіндіктеріне баға берді.
– Туризм саласында «Сіздің қызметіңізді тұтынушылар көп болсын десеңіз, алдымен өз қызметкерлеріңізге жақсы көңіл бөліңіз» деген қағидат бар. Осы қағиданы ұстанған жағдайда көңілі тоқ қызметкер әрқашан жадырап жүріп қызмет көрсетеді. Ал туристке не керек? Соншама тізімнен саяхаттау үшін Шымкентті таңдап алды, демек, оны сағынып тұрғандай жылы ұшырай қабыл алу қажет. Жайлы-жұмсағын тосып, келген қонақты күлімдеп қарсы алатын қонақжайлылықты оқып-үйренудің шымкенттіктерге қиын еместігін байқадым. Мұндай артықшылық сіздерде онсыз да бар екен. Жалпы, туризмді дамытуға қаланың кәсіпкері де үлес қоса алатынын ескеруі қажет, – деді.
Спикерлер қатарында болған «RIXOS Khadisha Shymkent» қонақүйінің бас менеджері Ибрагим Челек шетелдік қонақтың сөзін қоштады. Ал «SCAT әуекомпаниясы» АҚ Президенті Владимир Денисов форумға қатысушыларға Шымкентте құрылысы басталған жаңа терминалдың мүмкіндіктері жайлы баяндады. 1 сағатта 2000 адамды өткізуге қауқарлы Шымкент әуежайындағы жаңа терминал Қазақстандағы транзиттік жолдардың даму жоспарына қосқан шаһардағы шағын үлестің бірі болмақ.

Арбат аз күнде халықаралық деңгейде танылды

Шымкентте Арбат көп. Бірақ, келушілерге қалықтап қарап, жарқыраған 12 періште жақында ашылған Арбатта ғана «ұшып жүр».
Бұл көрініс халықаралық инвестициялық форумға қатысушыларды ерекше қызықтырды.
Қала халқы қазаққа тән қонақжайлылық пен Шымкентке келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, дәм ұсынса, өнерпаздар концерттік бағдарламаларын паш етті. Форумға жиналған шетелдік және қазақстандық қонақтар Арбатты аралап, архитектуралық сәулеті ерекше орынды кеңінен тамашалады. Шетелдік қонақтар естелік суреттерге түсіп, Арбаттағы кешкі көріністі бейнетаспаға жазып алып, тіпті, таныстарына бейне-қоңырау шалып, Шымкенттен алған әсерімен бөлісті.

Мейрамхана саласындағы марапат

Алғашқы халықаралық инвестициялық форумы қонақ үй-мейрамхана бизнесі саласындағы HoReCa Awards марапатын тапсыру рәсімімен аяқталды. Шымкентте бірінші рет өткен марапаттың басты мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру және елдегі қонақ үй-мейрамхана саласындағы қызметтің сапасын көтеру. Бұған қоса Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы абыройын жоғарылатып, қонақжайлылығын таныту.
Сонымен, «Елдің үздік рестораны» номинациясын «Villa dei Fiori Алматы» рестораны жеңіп алса, «Елдің үздік қонақ үй желісі» номинациясын RIXOS Khadisha Shymkent қонақ үйі ұтып алды. «Елдің үздік рестобары» номинациясын Шымкенттің «Autograph» бары иеленсе, «Ладушки» кондитерлік желісі «Елдің үздік отбасылық мейрамханасы» номинациясына ие болды.
Қонақ үй-мейрамхана бизнесі саласындағы HoReCa Awards марапатына бұдан өзге де номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында ерекше номинация – «Отансүйгіштігі және қонақжайлылық индустриясын дамытуға қосқан үлесі» үшін Серікжан Сейтжанов марапатталды.
Болашақта бұл қонақжайлылық индустриясының өкілдері, бизнестің түрлі салалары, жеткізушілер, экспорттаушылар мен импорттаушылар арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту үшін біріңғай платформаға айналары сөзсіз дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, «HoReCa Awards 2018» ұлттық сыйлығын 2015 жылы «Қазақстанның қонақ үйлері мен мейрамханаларының Алянсы» қоғамдық қоры құрған.

Әзірлегендер:
А.АЛДИЯР,
Н.БЕКТАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.