Аулалардың ахуалы қандай?

Среда, 25 Май 2016 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6924 раз

Тазалық таза аулада қалыптасады. Ал ұқыптылық көше сыпырушыларға ғана емес, тұрғындарға да ортақ. Өйткені тазалық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық.

20160427 113022

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Шымкентті көркейту жөніндегі кеңесте: "Қалада тазалық шараларын сақтау қажет. Барлық аула, көшелер мен жол өткелдерінде қоқыс тастауды доғару қажет" деген болатын. Қазір тазалық жұмыстары жолға қойылды. Шымкент орталығындағы тазалықта мін жоқ. Аулалар мен көшелерде қоқыс жәшіктерінің саны артты. Дегенмен аулалардың қазіргі ахуалы қандай? Абаттандырылуы көңілден шыға ма?
Бүгінде көпқабатты үй аулаларының жағдайы әртүрлі. Бірінде көркейту жұмыстары жақсы жүргізілсе, бірінде мүлгіген тыныштықты көресіз. Тіпті кейбір үйлердің балалар алаңшасы көліктердің автотұрағына айналған.

Әрине, көктемнен бастап, қаладағы қоғамдық орындардың бәріне сенбілік жұмыстары жиі өткізіледі. Бірақ миллионға жуық тұрғыны бар Шымкенттің қуыс-қалтарысын тазалап, ретке келтіру мүмкін емес. Биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстарына Әл– Фараби ауданы бойынша, 235 млн теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға 40-қа жуық аула абаттандырылады деп жоспарлануда. Еңбекші ауданы бойынша 244 млн теңгеге 23 үйдің ауласы жөнделеді. Ал Қаратау ауданының аулалары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен көркейтілмек. Осы орайда «Таза қала» байқауының да өз үлесі бар. Акцияның мақсаты – қала тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу. Көшелерді, көп қабатты үйлердің аула аумақтарын көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу. Биыл төртінші рет өткізілетін байқаудың жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге. 

20160427 112120

Қуантарлығы, акцияға қатысушы тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Соның бірі – Ш. Қалдаяқов көшесі, 1/5 үйдің тұрғыны Фархад Исмайлов. Зейнеткер қажетсіз дүниелерді кәдеге жаратыпты. Шебердің қолы ортақ демеске лаж жоқ. Есіктің алды тап-таза. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген. Қызылды-жасылды гүлдер, бой көтерген жеміс ағаштары көңілге жайлылық ұялатады. Келген қонақтар таңданысын жасырмай, Фархад ағайға алғысын айтып жатады.
– Атымызды шығару үшін емес, өзіміз, балалар мен немерелеріміз үшін көріктендіріп жатырмыз. Бұл іске тұрғындардың бәрі бір кісідей атсалысуда. Жарамсыз зат қалдықтарын кәдеге жаратып, ауламызды әрледік. Нәтижесін көпшілік те байқап жатқан болар. Біздің ауламызды көруге әрі демалуға көрші үйлердің тұрғындары да келіп тұрады. Әрине, мұндай аула кез келген жанның көңілін жадыратпай қоймайды,-дейді зейнеткер. Дегенмен қала аулаларының барлығы тамаша деп айта алмаймыз. Әлі де шешімін таппаған мәселелер кездеседі. Мысалы, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №20, 21 үйлердің аулалары. Тақыр аула үйлердің келбетін қашырып тұр. Қыбыр еткен тіршілік иесі байқалмайды. Тым-тырыс. Кездейсоқ жолыққан тұрғынның айтуы бойынша, аулалар айына бір жиналатын көрінеді. Оған дейін аула сыпырушылардың ат ізін салмағанына айдың жүзі болыпты. Ал аула тазалығы айтпаса да түсінікті.

20160427 113206

Шындығында көпқабатты үйлердің аулаларын көше сыпырушылар тазалайды. Бірақ олар аула тазалығына толықтай жауапты деген сөз емес. Тұрғындардың сыпыратын, тазалайтын адам бар деп кез келген жерге қоқыс тастауына болмайды. Ал үйдің тазалығы алдымен ауладан басталатыны анық. Тазалық арқылы қалалықтардың қандай деңгейде екенін көруге болады. Алдағы уақытта жауапты мекемелер, осы аталған №20, 21 үйлердің ауласын ретке келтіреді деп сенеміз. Ескертуіміз дер кезінде қолға алынса, бұл аула әлі көркейіп, алаңқайда балалардың асыр салып ойнайтыны анық.
Кореяның жеткіншектері мектепке бара жатқанда ата-анасы сөмкесінің бір жақ қалтасына қалақша, бір жақ қалтасына сыпыртқы салып береді екен. Бұл сана мәдениетін қалыптастыру болса керек. Бала кішкене қоқыс көрсе әлгі құралымен алып, жәшікке тастайды. Қала тазалығына тек көше сыпырушылар мен тазалық мекемелері ғана емес, тұрғындар да жауапты. Ал ұқыптылық алдымен адамның өзінен басталуы керек. Әрбір тұрғын туған қалаға ықыласы мен сүйіспеншілігін өзі тұратын ауладан бастаса қанекей! Сонда еліміздегі таза қалалар қатарынан көрінер едік.

Последнее изменение Среда, 25 Май 2016 05:20
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.